Татуласу – қос тарапқа да тиімді

Өңірлік коммуникациялар қызметінде «Татуласу рәсімдерін жүзеге асырудағы татуласу орталықтарының рөлі» тақырыбында брифинг өтті. Брифингтің мақсаты – татуласу орталықтарының жұмысымен таныстыру және олардың еңбек адамының өміріндегі рөлін көрсету.

ҚР Кәсіподақтар федерациясы заң клиникасы филиалының – Қарағанды кәсіподақтар орталығы жанындағы Татуласу орталығының басшысы Света Шардарбекованың айтуынша, әуелде, яғни, 2018 жылы татуласу орталығы ретінде ашылып, биылғы жылдың наурызынан Заң клиникасы болып өзгертілген. Филиал құрамына Татуласу орталығы мен Қоғамдық қабылдау кіреді. Федерация құрамына кіретін кәсіподақ ұйымдары мен олардың мүшелеріне еңбек және әлеуметтік мәселелерге байланысты азаматтық, әкімшілік, қылмыстық құқық бұзушылықтарға қатысты заңнамалардың орындалмауына байланысты тегін көмек көрсетіледі. Ашылғалы 1017 өтініш қаралып, 127 медиативті келісім жасалған.

– Заң клиникасында кәсіби медиаторлар, психологтар жұмыс істейді. Сондай-ақ, кәсіби ауруға шалдыққандардың жағдайын жақсы білетін дәрігер маман да бар құрамымызда. Себебі, көрсетілетін қызмет сапалы болуы керек. Мамандарымыздың өмірлік тәжірибелері мол болғандықтан, облыс қана емес, Қазақстан бойынша жұмыс жасайды, – дейді Света Шардарбекова.

Одан бөлек, Заң клиникасы «АрселорМиттал Теміртау» АҚ қолдауымен 2021 жылдың тамызында АҚ жанынан медиация кабинетін ашқан.

Света Мұхамедиқызы еңбек дауларынан басқа әлеуметтік, қылмыстық істерге байланысты татуластыру рәсімдерін де жүзеге асыратындарын айтады.

Брифингке «Zolotaya seredina-SM» қоғамдық бірлестігінің құрылтайшыларының бірі, кәсіби медиатор Оксана Макиева да біраз ақпаратпен бөлісті.

Бұл ұйым 2018 жылы облыстық соттың қолдауымен Кәсіподақтар үйінде құрылған.

Бізге азаматтық отбасылық, еңбек дауларын реттеу бойынша өтініштер келіп түседі. Оның ішінде кәсіпкерлікті жүзеге асыру мен басқа да экономикалық қызметті жүзеге асыру да бар. Сондай-ақ, кәсіби медиаторлар оқыту курстарын өткізеді. Бүгінде 35 адам жұмыс істеп жатырмыз, – дейді ол.

Салтанат ІЛИЯШ.