Бас тақырып

«Қарағанды жастары»: баспана алуға бағыт

«Қарағанды жастары» атты жаңа ипотекаға өтінім қабылданған күннен бастап, редакцияға қоңырау шалушылар қатары артты. Демек, алғашқы баспана алатын бағдарлама қарағандылықтар үшін үлкен жаңалық болды. Жалпы, Қарағандыда 88 927 жас бар екен. Оның ішінде баспанасыз жүргендер санын білгіміз келген еді, алайда бұл мәселе бойынша есеп жүргізілмейді екен. Биыл алғашқы бағдарлама аясында 75 жас маманды баспанамен қамту жоспары бар. Олай болса, бағдарламаға қатысудың шарттары, негізгі талаптары және қандай құжаттарды жинау керектігі жайлы тарқата кетпекпіз.

БАСПАНА ҮШІН БАСТЫ ТАЛАПТАР

Егер, еш кедергісіз бағдарлама қатысамын десеңіз, мына талаптарға сай болуыңыз шарт. Әрине, міндетті түрде Қазақстан Республикасының азаматтығының болуы маңызды. Үміткердің жасы 35 жастан аспағандығы қаралады. Ал, жұбайының жасы міндетті саналмайды екен. Сонымен қатар, ерлі-зайыптылардың біреуі ғана қатыса алады. Екеуі де бағын қатар сынауға өкінішке орай мүмкіндік жоқ. Және басты талаптардың бірі – соңғы 5 жылда ел аумағында атында тұрғын-үйдің болмауы. Жұбайының атында да баспана жоқтығы ескерілетінін естеріңізге саламыз. Отбасыңызбен сатып алу мақсатында жалдап отырған пәтеріңіз болса да қатыса алмайсыз. Бұл ипотека белгілі бір саланың жас мамандарына бағытталып отырғаннан кейін кемінде 1 жыл еңбек өтілі ескеріледі. Тағы бір назар аударатын талаптың бірі – үміткер немесе оның отбасы мүшелері Қарағандыда кемінде бір жыл тұрғандығы. Осы уақыт ішінде басқа қаладан қоныс аударып келсе немесе арасында 1-2 ай Нұр-Сұлтанда (немесе басқа қалалар) тұрып келсеңіз, онда конкурсқа қатыса алмайсыз. Және зейнетақы шотыңыздың болуы – аса маңызды. Қатысушының Қарағанды қаласында таңдалған саладағы ресми жұмыс өтілі өтініш беру сәтіндегі соңғы бір жылдан кем болмауы керек. Яғни, білуімізше, мұнда да 1 жыл ішінде салаңыздан аз уақыт қол үзе тұрып, басқа жұмысқа ауысып кетсеңіз, үміткер бола алмайсыз. Тағы бір біз еске салатын талаптардың бірі – табысы отбасының әрбір мүшесіне бөлгенде биылға белгіленген ең төмен күнкөріс деңгейінің 6 минимумынан аспауға тиіс. Яғни, үйге келетін табыс әр жанға есептегенде 224 334 теңгеден аспауы қаралады.

25 ЖЫЛҒА ДА АЛУҒА БОЛАДЫ

Білетін шығарсыздар, Қарағандыда шахтерлер мен металлургтерге арналған бағдарлама да бар. Онда қатысатын үміткерлер 15 млн. теңгеге дейін ғана баспана ала алады. Ал, жастарға арналған ипотекада 20 млн. теңгеге дейін жаңа үйден немесе екінші нарықтан үй ала аласыз. Алатын үйіңіздің 10 пайызын бастапқы жарна ретінде төлеу міндетті екенін «Отбасы банкі» қызметкерлері еске салады. Жылдық сыйақы мөлшері – 5 пайызға дейін. Алдыңғы хабарламамызда ипотека уақытын 19 жылға дейін беруге болатынын айтқан едік. Ал, «Отбасы банкі» қызметкерлерінен осы сауалды нақтылағанымызда 25 жылға дейін алуға болатынын мәлімдеді.

Сатып алынатын баспаныңызға міндетті түрде «Қазақстандық тұрғын үй компаниясы» АҚ кепілдігі бар болуы керек. Жоғарыда атап өткеніміздей жаңа салынып жатқан үйден де алуға болады. Ал, егер екінші нарықтан қарасаңыз, панел үйлердің 50 жылдан, кірпіштен салынған үйлердің 60 жылдан аспағанын негізгі шарт ретінде түртіп қойғаныңыз абзал.– Бізге үй алуға үміткер жас мамандардың тізімі келгеннен кейін, олардың төлем қабілеттілігін тексереміз. Яғни, ай сайынғы қарыз соммасын білгеннен кейін оны төлеуге мүмкіндігі бар-жоғын қарастырамыз. Және несие тарихын мұқият қараймыз. Яғни, кредит алған болса, оны өсімпұлсыз төлегендігі, уақытылы қайтарғандығы әсер етеді. Егер, айлық табысы жетпесе, 1 немесе 2 кепіл таба алады. Яғни, жақын туыстарына, достарына өтініш жасауына болады. Ол кісілердің де несие тарихы, басқа да құжаттары тексеріледі, – дейді «Отбасы банк» АҚ Қарағанды филиалының директоры Бауыржан Жуаспай.

Алатын үйіңіздің бөлме санын өзіңіз білесіз. Тек, берілген қаражатқа қолжетімді болса болды. «Отбасы банк» қызметкерлері пәтерді тек Қарағанды қаласынан қарауды ескертеді.

ӘКІМШІЛІК ПЕН ТЕХНИКАЛЫҚ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕР ҚАТЫСА АЛМАЙДЫ

Жоғарыда атап өткеніміздей, көп қоңырау түсті редакцияға. Солардың дені «Тізімде жарияланған салаға сол жерде қызмет ететін техникалық немесе әкімшілік қызметтегі мамандар қатыса ала ма?» деген сауал. Облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының басшысы Біржан Әлімжанов та әлеуметтік желідегі сан алуан пікірлердің орынды екенін алға тартты. Яғни, неге жас санатындағы техмамандар қатыса алмайтыны жөнінде.

– Қарағанды – жастардың қаласы. Елорда жақын болғаннан кейін мамандардың көбі сол жаққа жұмыс ауыстырады. Ол жақта баспана алудың жолы көп. Түрлі бағдарламалар бар. Ол жақта бөлінетін қаражат соммасы да қомақты. Бағдарламаны қолға алудағы міндет Қарағандыда өз саласының білгірлерін сақтап қалу. Сол себепті, денсаулық, білім беру, мәдениет, спорт саласындағы жаттықтырушылар мен спортшылар, БАҚ өкілдері, жеке-меншік ұйым қызметкерлері, жоғары оқу орындарындағы ғылыми қызметкерлер мен оқытушылар, әлеуметтік қорғау саласындағы мамандар қатыса алады. Өкінішке орай, аталған сала бойынша техникалық және әкімшілік персоналдар қатыса алмайды, – дейді Біржан Нұржанұлы.

Иә, көп сұрақ туындатып тұрған сала – әлеуметтік қорғау саласы. Халыққа қызмет көрсететін түрлі ұйымның жас қызметкері бұл мүмкіндікті мүлт жібергісі келмейтіні анық. Өкінішке орай, олар қатыса алмайды. Әлеуметтік қорғау саласына – қарттар үйінде қызмет ететін, мүмкіндігі шектеулі жандарға қызмет көрсететін мекеме мамандарына ғана баспаналы болудың мүмкіндігі бар.

ӘР САЛАҒА КЕМІНДЕ 5 БАСПАНА БАҒЫТТАЛМАҚ

Бастапқыда айтып өткеніміздей, «Отбасы банкіне» тізім комиссия мүшелерінің іріктеуінен өтіп қана барады. 24 маусымға дейін келіп түскен өтінімдерді мемлекеттік орган қызметкерлері мен депутаттардан, халық өкілдерінен құралған комиссия саралайтын болады. Яғни, олар баллдық жүйе арқылы бағалайды. Таңдалған салада толық 1 жыл жұмыс өтілі – 2 балл, өтініш берушіде немесе жұбайында 1, 2, 3 топтағы мүгедектіктің немесе мүгедек балалардың болуы – 5 балл, егер отбасының бірнеше мүшесінде мүгедектік болса, балдар әрбір жанға есептеледі. «Жетім балалар, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар» санаты бойынша үй кезегінде тұрған азаматтарға – 5 балл, бала болған жағдайда – 2 балл (әр бала үшін) беріледі. Қатысушылар бірдей балл жинаған жағдайда жол жасы үлкен қатысушыға беріледі. Өйткені, жасы кіші үміткер бағын келесі жолы да сынай алады. Баспананы әр саланың жалпы санынан берілген өтінімдерге қарай тепе-тең үлестіруді көздеп отыр. Дегенмен, әр салаға кемінде 5 баспана берілетінін алға тартып отыр жауапты орган өкілдері.

ҚҰЖАТҚА САУАТТЫ ҚАРАУ ҚАЖЕТ

Қарағанды – жастарға арналған жеке тұрғын үй бағдарламасы іске қосылған еліміздегі үшінші өңір. Бұған дейін «Елорда жастары», «Алматы жастары» атты елдің екі ірі мегаполисінде жастардың баспаналы болуына мүмкіндік берілген. Қарағанды да – үлкен орталықтардың бірі. Тұрғын-үй құрылысы да қарқынды жүруде. Жаңа жобаның жүзеге асуына облыс әкімдігі 1 млрд. теңге, ал «Отбасы банк» 500 млн. теңге бөліп отыр. Аталмыш бағдарлама көмегімен жас қарағандылықтар қоныс тойын тойламақ. Ол үшін үміткерлер өтінімдерін 24 маусымға дейін тапсыру керек. Кешкі 18:00-ге дейін Н.Назарбаев даңғылы 39а, «Open Qaragandy» фронт-офисінде қабылданады. Көрсетілген уақыт аралығында ерте не кеш тапсырыңыз, оның рөл ойнамайтынын айтады Біржан Нұржанұлы. «Құжаттарға да тиянақты болу керек. Құжатыңыз түгел әрі дұрыс екенін әр үміткер қатты бақылау керек» дейді. Қысқасы, құжатқа сауатты қарау керек.

Қажетті құжаттарды төменге тізіп бердік:

1) Азаматтың мемлекеттік тіркеу туралы куәлігі (бала туу, қайтыс болу, неке қию (ерлі-зайыпты болу), некені (ерлі-зайыптылықты) бұзу;

2) өтініш берушіге және Қазақстан Республикасы бойынша отбасының барлық мүшелеріне жылжымайтын мүліктің жоқ (бар) екендігі туралы анықтама; (анықтама өтінім берген сәттен бастап күнбе-күн алынуы тиіс);

3) ұйымның немесе мекеменің фирмалық бланкісінде анықтама берілген күні, шығыс нөмірі, жұмысқа орналасқан күні және атқаратын лауазымы мен лауазымдық жалақысы көрсетілген жұмыс орнынан берілген анықтама. Ресми бланк болмаған жағдайда анықтамада ұйымның мөрі болуға тиіс;

4) Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 35-бабына сәйкес еңбек өтілін растайтын құжаттар; (қызметтік тізім, еңбек кітапшасы және тағы басқалары);

5) еңбек қызметінің бүкіл кезеңі үшін зейнетақы аударымдары туралы үзінді көшірме;

6) өтініш берушіге немесе оның отбасы мүшелеріне (жұбайы, балалары) мүгедектігі туралы анықтама (бар болса);

7) Ерлі-зайыптылардың екеуіне де соңғы 6 айдағы табысы туралы жұмыс орнынан анықтама (егер ерлі-зайыптылардың екеуі де жұмыс істеген жағдайда).

Қасымхан ҒАЛЫМ.

Басқа материалдар

Back to top button