Бас тақырып

«СЕН ТИМЕСЕҢ, МЕН ТИМЕ, БАДЫРАҢ КӨЗ!» Есірткі мектепті жағалап жүр

Нашақорлық – дерт, емдеуден гөрі оның алдын алған жеңіл. Дәрігерлер әдетте, есірткіге салынған адамның ғұмыры 35 жылға жетпейтінін айтады. Ал, сол есірткіні балалар мен жасөспірімдер пайдаланса, олардың өмірі қалай болмақ? Өкінішке қарай, кейінгі кезде мектеп оқушылары арасында синтетикалық есірткі қолданатындар, өздері пайдаланбаса да, осындай жолмен табыс тапқысы келетіндер көбейген. Балаларды есті алатын есірткіден қалай қорғаймыз?

Дәрігерлер айтады, жасөспірім нашақорлардың өмірінің орташа ұзақтығы – есірткі пайдалана бастаған соң 5 жылға ғана созылады. Жетіліп келе жатқан жеткіншектердің ағзасы есірткіге тез тәуелді болып қалады. Алғашқыда адамның көңіл-күйі көтеріліп, өзін толық тәуелсіз сезінгенімен, соңында есірткіге қалай тәуелді болып қалғанын өзі де байқамай қалады. Мектеп оқушылары арасында «вейп» тартатындардың барынан көпшілік ата-ана да, педагогтер де хабардар. Бірақ, «менің балам болмаса болды» немесе «мектеп атына кір келеді» дегенмен жылы жауып қояды. Ал, енді есірткі пайдаланатын не болмаса оны тасымалдайтындардың көбейіп бара жатқанына көз жұмып қарауға болмайды.

– Жыл басынан бері облыс көлемінде кәмелетке толмаған 3 адам Қылмыстық кодекстің 296-шы Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу бабы бойынша ұсталды. Бұлар өздері есірткі пайдаланатын болып шықты. Тағы 3 кәмелеттік жасқа толмаған жеткіншек Қылмыстық кодекстің 297- бабы – Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу бойынша ұсталды. Ұсталғандар өздері есірткі пайдаланбаса да, қылмыстық жолмен ақша табуды көздеген. Заң бойынша бұл үшін мүлкi тәркiленiп, он бес жылдан жиырма жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру не өмiр бойына бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Бұл – ауыр қылмыс, – дейді Қарағанды облысы бойынша полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі Кирилл Корниенко.

Ақпараттық технологиялар дамыған сайын қылмыс жасау әдістері де өзгеріп жатыр. Қазір есірткі сатушылар есірткінің заңсыз айналымына көп адамды тарту үшін көбінесе интернет-ресурстарды пайдаланады. «OLX» платформасында курьер қызметін ұсынатындардың тапсырмасы есірткінің дайын орамдарын тығу болып шығады.

– Жеңіл табыс табу жарнамасының астында есірткі тасымалдау тұрады, – дейді полиция подполковнигі К.Корниенко.

– Жастар ақша табамын деп басына бәле табады. Ұсталғанда ғана бұл да 297-бап екенін, ол үшін қылмыстық жауапкершілік барын бір-ақ біледі. Ал, бұлардан үлкенірек жігіттер өздері пайдаланады әрі тасымалдайды. Есірткіге ақша табатын жері жоқ, сондықтан, курьер болады.

Маман бұлардан бөлек, есірткі граффитиімен айналысатындар да бар екенін айтады. Ол үшін де жаза бар. Қылмыстық кодекстің 299-1-бабына сәйкес, үш жылдан алты жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

– Бұл бап былтырғы жылғы қаңтар айында енгізілген. Бірақ, қазірдің өзінде осы бап бойынша жазасын өтеп жатқандар бар. «Наркографичка» да жеңіл табыс көзі. Ауыр жұмыс істемейді, басын ауыртпайды, қабырғаларға есірткі сайттарын жазып кетеді. Оларды өшіру үшін арнайы рейдтер ұйымдастырамыз, – дейді полиция қызметкері.

Рейдтер полиция қызметкерлерінің, әкімдік өкілдерінің, учаскелік инспекторлар мен еріктілердің қатысуымен тұрақты түрде ұйымдастырылады. Сілтемелер өшірілмес бұрын тексеріледі. Жұмыс істеп тұрғандарының сілтемесі министрлікке бұғаттау үшін жіберіледі екен. Облыс бойынша осы уақытқа дейін 105 сайт бұғатталыпты.

Жыл басынан бері есірткі, психотроптық заттар насихаттап, жарнамалауы мүмкін деген 485 граффити өшіріліпті. Бұл жұмыста еріктілердің жұмысы өлшеусіз. Есірткінің зиян екенін түсініп қана қоймай, оның ешкімнің өміріне қауіп төндіргенін қаламайтын жастардың арқасында қаншама ғұмыр аман қалды. Мадина Қонақбаева бұл жұмыспен етене таныс.

Теміртау қаласындағы «Нұр-сенім» қоғамдық қорының өкілі Мадинаның айтуынша, ол өзі де ерікті ретінде есірткінің алдын алу бойынша жұмыстарға қатысады.

– Есірткі профилактикасы – қор жұмысының бір бағыты. Рейдтерге қатысамыз, жастар арасында насихат жұмысымен айна- лысамыз. Есірткінің зиянын жасөспірімдерге жеткізе алсақ, біздің жеңіс сол болмақ, – дейді М.Қонақбаева.

Насихат жасалмай жатқан жоқ. Дегенмен, кешенді жоспарсыз, бұл жұмыс нәтижесіз екенін мойындауымыз керек. Міне, қазір демалыс кезінде мектеп оқушыларының бос уақытын дұрыс ұйымдастыратын іс-шаралар жеткіліксіз. Осы мамыр айында Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі елде синтетикалық есірткілердің жастар арасында таралуының алдын алуға бағытталған гранттық жобаны іске асыра бастады. Жоба аясында денсаулық сақтау, ішкі істер органдарының психолог, наркология қызметі мамандары орта, арнайы орта және жоғары оқу орындарында оқушылар мен студент жастар арасында синтетикалық есірткіні қолданудың қауіптілігі мен салдарын түсіндіру шараларын өткізеді. Сондай-ақ, есірткі пайдалану немесе өткізу фактілері туралы хабарлау мүмкіндігі пайда болмақ. 

Жансая ОМАРБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button