Руханият

Ұрпақ парызы – ұлы сын

Әрине, Қыдыр атаға хат жазу – баланың ермегі (біздіңше Аяз емес, Қыдыр болсын). Ересекке күлкілі көрінгенімен, есейе қоймаған баланың жан қалауы мен ішкі еркінен туған қажеттілік емей не ол? Қалаған ойыншығын, қолы жетпеген дүниесін, көңілдегі арманын хатқа жазады да. Онысы болар, болмасын кім біліпті?! Үміт – дүние, бала көңіл. Балаға ғана емес, барша адамзатқа тән сезімдер.

Өткен жылы «Капернаум» деген кино көргенмін. Он жас шамасындағы бала ата-анасын сотқа береді. Өзін дүниеге әкелгені үшін ата-анасын сотқа берген бала – ХХІ ғасырдың бір сыйқы. Әке-шешесінің жағдайсыздығынан, тұрмысының төмендігінен әбден жапа шегіп, теперіш көрген бала ақыры сондай әрекетке барған. Демек, кез келген саналы азамат отбасын құрған соң, дүниеге ұрпақ әкелген соң баланың қалауынша өмір сүруін (бостандығы мен еркіндігі) бірінші кезекке қоюы тиіс. Әйтпесе, ол Қыдырдан сұрайды, Құдайға жалбарынады, ақыр аяғы мынадай дәуірдің балалары туған әке-шешесін сәбиінің жағдайын ойламай тұрып, оны рұқсатсыз өмірге әкелгені үшін сотқа береді. Өзінің көрмеген бақытты балалығы үшін, сезінбеген мейірім, махаббаты үшін, айналып келгенде бұғауға түскен бас бостандығы мен еркіндігі үшін.

«Біз азаттықты қалай қабылдап, қадір-қасиетіне қаншалықты жетіп жүрміз» деген сауал туады. Қазақ азаттығымен қоса дүниеге жаңа ұрпақ келді. Қазір сана өзгерген, құндылықтардың орны алмасқан. Не нәрсе болсын бір түрден басқасына ауысқан кез. Бүгінгінің баласы бұрынғының баласындай Қыдыр атаға хат жазып, қарап отырмайды. Бірден азаттығы мен жеке бас бостандығын қорғауға талпынады. Сол жолда күреседі ерік-жігері болса. Әділетті іздейді. Дүниеде ең басты құндылық адам десек, сол пенде баласының ұлы құндылығы басының азаттығы. Оның рухының еркіндігі, ар-намысының аяққа тапталмауы, махаббат пен мейірім жылылығын сезінуі, көзқарасы – осының бәрі бас бостандығы болмаса, түкке тұрғысыз дүниелер. Бұл ойымызды ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның «тарих жолындағы күреске толы кезеңде әр ұрпақ өзіне тиесілі міндетті толық ада еткенде ғана ел болашағы жарқын, алдыңғыларға артық жүк, соңғыларға борыш қалмайды» деген мағынадағы сөзі қуаттай түсетін сияқты.

Ал, дәл қазіргі тәуелсіз Қазақстанда өмір сүріп жатқан ұрпақтың өзінен бұрынғы ата-бабаларына арыз-шағымы жоқ шығар. Алаш арыстарынан бері қайырғанда, тіпті, сонау хандық дәуірден бастап олар мойнындағы борыштарын түгел атқарып кеткен. Қазақ санасы мен рухының қалай өзгеріске ұшырағаны туралы ғаламат еңбек («Аштық және соғыс») қалдырған Таласбек Әсемқұлов ұзақ жылдар соғысқан ұлт тарих сахнасынан жоғалып тынатынын жазады. Себебі, соғыс елдің тек алда жүретін жақсылары мен мықтыларын жалмайтынын айтады. Ал, қатарға қосыла алмайтын, өзіне жүктелген міндетті атқара алмайтын әлсіз, ынжықтар қатын-қалашқа ие болып қалады да, халық тектік тоқырауға ұшырайды. Тексізденіп кеткен елді кім көрінген басынып, бағындыра алады. Бұл орайда қазақ поэзиясының жұлдызы Өтежан Нұрғалиевтің мына өлеңін қосақтап жібергеннің еш айып-шамы жоқ:

«Өтен деген келмесе де өлуге,

Жарамас жан жүгіруге, желуге…

Аяғы ақсақ… сельсоветтің бастығы

Көксақал боп келіп қалған елуге.

Қызығатын бояу да жоқ бетінде,

Жүрген жандай өрт пен шоқтың өтінде.

Ал, Балғатша – қыз біткеннің патшасы,

Тіл бармайды Өтенге пар етуге». Бұл Алпамыс жырында да бар. Алпамыс жорыққа кеткенде босағадағы құл ауылдағыларды бір шыбықпен айдайды ғой. Әр жағын айтпаса да болады. Ал, біздің ата-бабаларымыз елінің азаттығы жолында бастарынан қиян-кескі ұрыстарды өткере жүріп, ұрпағының тегін де сақтап қалған. Қазақ баласын сол үшін ерте үйлендірген, әмеңгерлікті жолға қойған, тағысын тағы. «Оның бәрі халық тексізденбеуі үшін» дейді Таласбек Әсемқұлов.

Алтын Ордадан бөлініп, жеке мемлекет құрғалы Қазақ азаттығы үшін соғысумен болды. Еуропа жұрттары арасындағы әйгілі жүз жылдық соғыс біздің халықтың азаттық жолындағы ғасырлардан ғасырларға жалғасқан соғыстардың қасында түкке де тұрмай қалады. Қазақтың соңғы ханы Кенесары тұсынан 1986 жылға дейін есептегенде қанша жылға созылады біздің ұлттың азаттық үшін күресі?!

ХХ ғасырдың басында ендігі заман ат пен найза, қылыш пен қалқанға көнбейтінін кеш те болса, ұғынып, айналайын Алаш арыстары конституциялық күрес жолына көшті. Мыңдап, миллиондап қыра түсті сонда да. Қарап отырсақ, бұғып қалмаппыз. Қайрала түсіппіз. Атам замандардан үзілмей келген алапат күш Желтоқсанда қайта жарылды. Алланың көзі түзу қашанда. Өз тәуелсіздігіне жол салып қана қойған жоқ қой қазақ жастары. Еуразия кеңістігіндегі бірталай ұлт пен ұлыс тәуелсіздігін жариялауға түрткі болды. Дүниені ашса алақаны, жұмса жұдырығында ұстамақ болған алып держава – КСРО-ның озбырлығын әшкерелеп, бетіне басты. Өзімізбен қатар, өзгелердің де көзі ашылды. Тәуелсіздігімізді жарияладық. Әуелі Алла, одан кейін ата-бабаларымыз бізге осындай бақ пен бостандықты қиды. Тәуелсіз Қазақстанның басты байлығы – осы Азаттық. Ол үшін күрес қазір де жүріп жатыр. Мылтықсыз майдан. Ақпараттық соғыс. Күн өткен сайын күрделеніп барады және. Жаһанданып болған әлемде «жеті жұрттың тілін, жеті түрлі ілім білмеген» ұлттың балалары бұл майданда ойсырай жеңіледі. Онда парыз өтелмейді, қарыз мойында кетеді. Ол баста соны айтқымыз келген болуы керек…

Жәнібек ӘЛИМАН.

Басқа материалдар

Back to top button