Біздің сұхбат

Асхат ҚАРАУЫЛОВ: «Әскерге сарбазды отбасынан тәрбиелеу керек»

Сақ, ғұн дәуірінен, көшпелі тай­палардың соғыс өнерінен басталған қа­зақ даласындағы жауынгерлік дәстүр сабақтастығы ешқашан үзілген емес. Елі үшін «ереуіл атқа ер салып, егеулі найза қолға алған» жаужүрек баты­рлардың ерлігі, Екінші дүниежүзілік соғыста Бауыржан Момышұлы сын­ды ерлеріміздің жанқиярлығы, бі­тімгершілік миссиясымен Иракта болып, талайдың жанын сақтап қалып, алғысқа бөленген қазақстандық саперлер… Осы­ның барлығы еліміздің айбыны – қазақ әсерінің қашан да ата­-бабадан қалған жауынгерлік рухты жоғалтпағанының айғағы. Бүгінде әскеріміз озық үлгідегі әскери техникамен, заманауи қару­-жа­ рақпен қамтамасыз етілген. Дегенмен, армия құрудағы басты мақсат – жаңа әскери буынды тәрбиелеу болып қала бермек. Осы орайда Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің құрылға­нына 30 жыл толуы қарсаңында 31775 әскери бөлімінің материалдық-техни­калық қамтамасыз ету батальонының сержанты Асхат ҚАРАУЫЛОВПЕН сұх­баттасқан едік…

Асхат Шалқарбекұлы, биографияңыз өте бай. Тіпті, әмбебап әскери дегендей-ақ. Солардың ішіндегі атап көрсетуге болатындары – барлаушы, сапер, мерген, авианұсқаушы. Жаныңызға жақыны қайсы?

– Жаныма жақыны – барлау қызметі. Се- бебі, қызметімді содан бастадым, көп бөлігі барлауда өтті. Бұл жерде бос уақыт болмайды. Үнемі жүгіру, секіру, атыс тәрізді оқу-жаттығу жұмыстары. Қызықтары да көп.

Ал, мергендікті жарысқа қатысу керек болған соң үйрендім. Орын алмасақ та, командаға нәтиже болды. Кейін өзімнің барлаушы қызметіме қайтып келдім.

Авианұсқаушы да қосымша лауазымым. Жұмыс істемесем де, оқуын оқып келдім. Бұл – енді ғана қолға алынып жатқан мамандық. Бұған дейін аса мән берілмей келді, тек оқып келді деген қағаз ғана болатын. Ал, қазір оқу-жаттығу жұмыстары да тиянақты жүргізіледі.

Сапер де әскердегі ең қызықты мамандық. Ол жерде бас керек. Есептеу, жазу, сызу- мен қатар, есте сақтау қабілеті мықты болуы керек. Мысалы, біздің саперлер бітімгершілік миссиясымен Иракта болғанда жақсы нәтижелер көрсетті, талайдың алғысына бөленді.

Қазіргіні айтпағанда, бұрын әскери қызметкер болу кез келген айдарлы ұлдың арманы болатын. Әскерден келген ағаларының бас киімін, болмаса белдігін тағынып, өзгелердің алдында марқайып жүретін. Әскери болу бала кезгі арманыңыз ба?

– 9-сыныпта оқып жүрген кезіміз. Ол кезде «военкоматтың» үгіт-насихаты өте нашар еді. Әскери оқу барын да білмейміз. Құр арман ғана. Бір күні қаладан келген ауылдасымыздан Ақмола облысының Шучинск қаласында әскери оқу бар дегенді естіп, сыныптағы тоғыз ұл біріміз қалмай құжат жинадық. Сөйтіп, қызық болғанда тоғыздың біреуі ғана өтіп, сегізі өтпей қалды. Өтпегеннің қатарын да мен де бармын. Кейіннен, 11-сыныптан кейін де қабылдайтын болғанын естіп, бағымды сынап көріп, түсіп кеттім. Сол жылы 11-сыныптан кейін қабылдау эксперимент ретінде жүргізілген болатын. Қазір 9 сыныптан кейін қабылдамайды. Сол жылы түскен біздер, 11-сыныптан кейін қабылдаған дұрыс болатынын дәлелдедік.

Қазіргі жастардың денсаулығы әлсіз, әскерге барудан қашады деп жатады. Әскер жайлы теріс пікірлер де бар…

– Біз бала кезімізде әскер жайлы әскерге барып келген ағаларымыздың ауызынан ғана естідік. Әрине, тек жақсы жағынан. Алып келген «дембель» альбомын ашқан сайын қызыға түсесің. Сөйтіп өстік. Қазір интернетке шындыққа жанаспайтын дүниені салып жіберсе, жастар соған сенеді. Бұл жерде үгіт-насихатты дұрыс жүргізу керек. Ол отбасынан, мектептен басталады. Әскерге сарбазды отбасынан бастап тәрбиелеу керек. Өзім бес баласы бар отбасында өстім. Ата-аналарым да үлкен отбасынан. Ол кезде Кеңес үкіметі құлаған кез. Жұмыс жоқ, ата-анамыз ақша табу үшін күндіз түні үйдің бетін көрмейді. Бауырлар бір-бірімізді өсірдік. Мен төртіншімін. Мені үлкендері сүйреп жүріп өсірді. Мен бауырымды сүйредім. Еңбекпен, ізденіспен өстік. Әрине, қазіргі жастардың бізден артықшылығы бар. Кез келгеніне компьютер берсең, шашып тастап жинап береді. Қара жұмысқа келгенде, ауылдықтар алда.

Ал, денсаулыққа байланысты айтар болсақ, нашарлап кетті деп айта алмаймын. Біздің кезімізде де денсаулығы нашарлар болды, оның заманға еш қатысы жоқ. Адам өзгерді, заман өзгерді дегенге өзім сене бермеймін. Денсаулығы жоқ адамдар қашан болсын болады. Мысалы, әскерге барамын деген 100 адамның кемі 20-ның денсаулығына байланысты өтпей қалып жатады. Ол болған, бар, бола береді.

Армияның басты күші мен негізгі байлығы – солдаттар. Сондықтан да, басты назар өнерді, солдат кәсібін үйретуге аударылуы тиіс (Бауыржан Момышұлы). Қол астыңыздағы сарбаздардың жай-күйі, психологиялық ахуалы да үнемі назарларыңызда шығар?

– Әрине, сарбаздардың, яғни, жеке құрамның арқасында осындай дәрежеге жеттік. Бізді, командирлерді өсіретін де, өшіретін де сол сарбаздар. Біз жақсы үйретсек, дұрыс көрсете білсек, олар кез келген оқу-жаттығу барысында жақсы нәтиже көрсетеді. Сәйкесінше, біздің шеніміз, дәрежеміз, лауазымымыз өсе береді. Егер дұрыс көңіл бөлінбей, нәтиже дұрыс болмаса, зардап шегетін де өзіміз.

Әскерде бір солдатты оянғанынан жатқанына дейін кемі 3 адам қадағалайды. Әрі бұрынғыдай екі жыл емес, бір жыл болғандықтан, бұрынғыдай «дедовщина» деген мүлдем жоқ. Алғаш келгенде баламыздай қабылдап, уақыт- тары біткенде қимай шығарып саламыз. Әр сарбаз үшін жүрегіміздің бір бөлігін жырып бергендей қимастық сезімі қалады.

Жастарды әскерге күштеп, көшеден алып кететін жағдайлар орын алуда…

– Күштеп әкетеді демекші, оларға алдымен шақырту жіберіледі емес пе?! Ешкімді ескертпестен, бас салып, әкетіп жатқан жоқ. Сол күштеп алып кеткендер шақырту келгенде «военкоматқа» барып, болмаса, денсаулығында ақауы болса неге ескертпеді деген ой туындайды. Бұл таяқтың бір ұшы. Екіншіден қазір елдің бәрінде несие бар. Әскерге кетті екен деп, банк «демалыс» беріп қоймайды. Әскери борышын өтеп жүргенде несие пайызы да өсе береді. Сондықтан, жастар мүлдем әскерге барғысы келмейді деуге келмейтін шығар. Олар сол уақытта жұмыс істеп, несиемді төлеп алайын деген ойда да болады. Әскерден қашудың бір себебі – осы.

– Бұрын әскери борышын өтегендерді үйренген әскери дағдыларын ұмытпас үшін қайыра шақырады. 2 айдың ішінде біліп тұрған адамға бұрынғыларын есіне түсіріп, үйретіп жіберген оңай. Алда-жалда басымызға күн туа қалса, бірінші осы адамдар әскер қатарына шақырылады. Жалпы, қазақстандықтардың патриоттық сезімі жоғары. Естеріңізде ме, Әзербайжан және Армения арасында соғыс болғанда еңкейген кәрісіне дейін қолына қару алып, Отанын қорғауға шықты. Біздікілердің бойында да сондай сезім бар. «Қаңтар оқиғасында» дүкендер тоналып жатқанда өз еріктерімен жиналып, елдің дүние-мүлкін күзеткендер болды емес пе?! Сондықтан, кез келген дүниеге біржақты қарауға болмайды.

Асхат Шалқарбекұлы, Отан қорғаудағы еңбегіңізге және әңгімеңізге алғысымызды айта отырып, толағай табыстар тілейміз.

Сұхбаттасқан

Салтанат ІЛИЯШ.

Басқа материалдар

Back to top button