Бас тақырып

«Азамат ердің баласы аз ұйықтар да, көп жортар»

Менің байтақ өлкемде ұшқан құстың қанаты талады. Осыншама ұшы-қиыры жоқ жерді бізге қалай аман-есен жеткізді екен қайран бабалар? Қараймын да ерлігіне, асқақ рухына таңдай қағамын. Алайда, сол таң қалғаннан бірдеңе шыға ма? Осы бір ой жатсам-тұрсам маза бермейді. Бабалардың жүректі болғаны күмәнсіз. Олардың рухының медет болатыны, қолдайтыны да сөзсіз. Бойымызда олардың қаны мен тектілігінің барлығына күмән жоқ. Бірақ, дәл қазір қандаймыз? Алыптардың аманаты, тектілердің тұяғы, асылдың сынығы болып қалдық па? «Ел басына күн туса, етігімен су кешер» әскер бары анық. Олардың дайындығы қалай? Әскерді озық техникамен жабдықтау бір бөлек, оны пайдалана білу басқа әңгіме. Қазақ әскерінің әлеуетін арттыру жөнінде ел Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» Жолдауында да айтқан еді…

Әскери техникамыздың жағдайын ғаламтордан көріп отырмыз. Дегенмен, дамыған үстіне дами түсу керектігі бек мәлім. Өйткені, осындай алып аумақты сақтап тұру үшін, батыр бабалардың атын атап, әруақ шақыру, ұрандап жүгіру аздық қылады. Бұл автоматқа қылышпен жүгіру деген сөз. Техника дәуірінде заманға қарай көсілу – ауадай қажет.

Кез келген ел тепсе темір үзетін әскерімен айбынды. Осыншама жерді қорғау да алдымен соларға аманат. «Еркек кіндікке ортақ парыз» дегенмен, негізгі күш – әскерде. Біз мұны не үшін айтып отырмыз? 7 мамыр – Отан қорғау­ шылар күні. Оның үстіне, биыл Қазақстан Қарулы Күштерінің құрылғанына – 30 жыл. Осы айтулы мереке қарсаңында бүгінгі әскер хақында, яғни, ғазиз Отанымыздың қорғаушылары жөнінде қалам тербемекпіз.

Әскерге бару – әр жігіттің міндеті. Мәселен, мен де қаладым әскерге баруды. Мектеп бітіріп, 17 жасымда келдім Қарағандыға. 18 жасымда оқуға түстім. Оқу бітірген соң шақыру үдей түсті. Облыс­ тық медкомиссиядан бірнеше рет өттім. Жасым өтсе де, автомат асынып, әскери форма кигім келді. Бірақ, барлық комиссия майтабан деп қайтара берді. Сөйтсем, майтабанмен әскерде жүгіру, ауыр жүкті алып жүру қиын екен…

Кеңес үкіметінде майтабанды құрылыс бойынша әскери бөлімдерге ала беріпті. Кейін алмайтын болды. Соңғы кездері қайта ала бастаған сияқты. Бұл – дұрыс. Себебі, қазір әлемнің әр бұрышында орын алып жатқан әскери қақтығыстардан әскери дрондарды, заманауи техниканы басқара білетін жігіттер жетіспейді екен. Майтабан жігіт техникаға ұқыпты болар, мүмкін…

– Жерінің аумағы алақандай ғана Израильдің техникасын қараңыз. Әскері әлемдегі алғашқы ондықта. Әскері де, техникасы да озық. Біздің әскер жетінші ондықта. Ал, қорытынды шығара беріңіз. Демек, техникалық бағытқа мейлінше көңіл бөлу керек. Билік жақсы мәселе көтеріп отыр. Шекарадағы әскерді қажетті жағдаймен қамту, қазақ әскерінің әлеу- етін арттыру – кезек күттірмейтін мәселе.

Әскери тәртіп те ауадай маңызды. Әскер қатарындағы әр сарбаз бірін­бірі туған бауырындай көруі қажет. Сонда ғана дамимыз, сырттан төнетін кез келген қауіпке төтеп береміз. Мұны дәл осы кезеңде әрқайсымыздың ішіміз сезіп отыр, – дейді ішкі істер саласының ардагері Сәлижан Садықов.

Демек, жастарды әскерге жаппай алу керек. Бір жыл өте шығады. Есесіне ақыл тоқтатып, өмірдің мәнін түсініп, елдің, жердің қадірін сезеді. Ер­азаматқа тән мінез қалыптасады. Ең болмаса, отбасын асырайтындай азамат болу керек.

Қарағанды қаласындағы әскери бөлімдерге хабарласып, мән­жайды білуге тырыстық. Елдің көкейінде жүргені де осы мәселе. Әскердің қуаты қандай? Қазақ сарбаздарының ішкі рухы берік пе? Өйткені, соңғы кезде әскери бөлімдерде түрлі жағдай орын алуда…

– Бір жыл жеткілікті. Ынтасы бар сарбаз 1 жылда бәрін үйренеді. Біз Мемлекет басшысының Жолдауында көрсетілген

тапсырмаларды орындаудан бастаймыз рухани тәрбиені. Тәуелсіздіктің қандай қиындықпен келгені, оны сақтау парыз екендігі күнделікті құлағына құйылады. Ауған соғысы және Чернобыль апатына қатысқан ардагерлермен кездесулер өткіземіз. Сондай­-ақ, әскерде мемлекеттік тілде сөйлеуге үйренеді. Орысша тілі шыққан баланың өзі мұнда қазақша сөйлеп қайтады. Тілді үйренсе, кім екенін таниды, тарихын үйренеді. Біздің әскери бөлім – Төтенше жағдайлар министрлігі қарамағындағы құтқару полкі. Табиғи және техникалық апаттардың алдын алу және жою – басты міндетіміз. Бірақ, Отан – ортақ. Оны қорғауға әркезде дайынбыз. Санымыз аз болса да, рухымыз мықты. Мен көріп жүрген соң айтамын. Кез келген сынақта сынбайды. Қайсар, батыл, табанды. Офицерлер де білікті. Алаңдауға негіз жоқ, – дейді 52 859 әскери бөлімі рота командирінің тәрбие және әлеуметтік құқықтар жөніндегі орынбасары Мақсат Балжанов.

Кеше ғана «Сарыжайлау» кинотеатрынан шығып келе жатсам, 70­80 солдат киноға кіруге сап түзеп тұрды. Іздегенім алдымнан табылған сияқты қуандым.

Бірақ, дем алып, мереке қарсаңында рухын көтеруге келген сарбаздарды сұрақтың астына алуға қимадым. Әдептен аса алмадым.

Маған еңселері тік, сенімдері нық көрінді. Қарны тоқ, киімі бүтін. Кинотеатр қызметкерінен сұрадым, шыдамай. Сөйтсем, мереке қарсаңында «1941 жылдың жазы» деген фильмді көруге келіпті. Бұл да бүгінгі әскерді патриоттық рухта тәрбиелеудің бір тәсілі болса керек…

Күмән сейіліп, сенім күшейіп келеді. Бұрын Пришахтинскіде No4 мектеп­-интернатта мұғалім болып жұмыс істегенде кадет сыныптарын сол маңдағы әскери бөлімге апаратынбыз. Аралатып, таныс­ тырып қайтушы едік. Әскери тәрбиені кадеттер солай мектептен үйренетін. Сондықтан да, кадет болуға оқушылардың талпынысы бөлек.

Ғаламтордағы дерекке сүйенсек, Қазақстан әскері Орта Азияда жетекші орында. Бізбен иық тіресетін көрші өзбек әскері ғана. Кейде әскердің санының аз- дығын айтып шағынамыз. Әңгіме сапада емес пе? Осының бәрі әр отандасымызды мазалайтыны анық.

Тағы бір ескерер дүние, меніңше, қазақ әскерінің болмысын насихаттауды көптеп қолға алу керек. «Алтыншы пост» сияқты фильмдерді көбейту ләзім. Өйткені, теледидар – таптырмас тәрбие құралы. Сапалы фильм – тәрбие көзі. Мәселен, Американың фильмдерінде олардың әскерлері әлемді, адамзатты апаттан құтқарады. Көрші орекеңдердің фильмдерінде десанттарынан бөлек, қарапайым полициясы – дүниедегі ең әділ, ең патриот азамат. Иттеріне дейін ақылды. Шет елдердің фильмін қарап отырып, «бір солдаты бір ротаға татиды ғой» деп таңдай қағасың. Насихаттайтын болсақ, ондай жүрек жұтқан сарбаздар, жау­ жүрек жауынгерлер бізде де баршылық. Тек, соған ынта болса, болғаны. Түсіріліп жатыр. Бірақ ол аз дер едік.

«Азамат ердің баласы, аз ұйықтар да, көп жортар» деп жырлапты қайран Махамбет. Қалай дәл айтқан. Елдің ертеңі, қауіпсіздігі бәрімізді алаңдатады. Сондықтан, ел игілігі жолында аз ұйықтап, көп жорту қажет­-ақ…

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button