Баған

Бала манипуляция құралы ма?

«Адамның бір қызығы бала деген»… Иә, қызығымыз әрі жанды тұсымыз. Оның риясыз күлкісі әлемді жадыратады. Үлкендердің қастығынан тамған көз жасы жүректі ауыртады. Сондықтан болар, балаларға қатысты кез келген әрекетті бейжай қабылдай алмаймыз. Жақсысы жүзімізге күлкі үйіріп, жаға ұстатары аза бойымызды қаза етеді. Мұны барлығы біледі. Алаяқтар да…

Мұны неге сөз етіп отырмыз? Жақында ақпарат құралдарынан бір әйелдің баласын «ауру» деп өтірік айтып, қомақты қаражат жинап алғаны туралы естідік. Оның пиғылы мәлім болып, алаяқтығы әшкере болды делік. Ал, мұндай пасық әрекет арқылы пайда тапқысы келетіндер қаншама десеңізші?! Дертті баланың суретін интернетке салып жіберіп, көпшіліктің аяушылығын оятып, ақша жинау күнделікті нәпақасын айыру «жұмысына» айналғандар бар ғой сонда. Арнайы органдар алаяқтықтың мұндай түрі кейінгі кездері белең алып бара жатқандығын алға тартады. Әлбетте, көмекке шын мұқтаж жандар бар. Олар үмітін үзбей, жанұшырып жан-жақтан көмек сұрайтын ата-аналар. Бұл жағынан көпке топырақ шашпайық. Бірақ, сау баласын ауруға «айналдыратындарды» атаана деуге болмас.

Қазір аялдамаларда қолдарына қорап ұстап алып, баланың еміне деп ақша жинайтындар да көбейді. Сұрасаң, қағаздарын алып шығады. Бірақ, оның шынайылығын қарап тұрмайсың, барыңды тастап кетесің. Өйткені, мұның артында бала өмірі тұр деген ой маза бермейді. Балаларын алдына алып, қайыр тілеп отырған өзге ұлттың өкілдері де осындай. Шынын айтсам, сондайда бір қабат картонда отырған әйелді емес, алдындағы кішкентай баланы аяймын. Балаларын автобустарды аралатып, тіленші етіп, табыс табуға итермелеу – үлкендердің жауапсыздығы. Сонда бала бізге кім? Табыс көзіне айналғаны ма? Тәртібінде атаана балаларын асырап, жеткізу үшін қам жасайды.

Қазір барлығы онлайн форматқа ауысып жатқанда әлеуметтік желі арқылы табыс табу, тіпті де, қолжетімді болған сияқты. Бәлкім біреулер интернеттің бұл мүмкіндігін пайдаланбай қалуға болмас дер. Оқырманы көп парақшалар табыс әкелетінін бәрі біледі. Мамандар, әсіресе балалардың қатысуымен жүргізілетін контент өтімді екенін айтады. Балаларына арнайы парақша ашқан анасы табыс табады, баласы танымал болады. Бұл баланың денсаулығына кері әсерін тигізбейді дегенімізбен, әр балада балалық шақ болуы керектігімен де ешкім таласпас.

Бала шынымен де күш. Балаларын жетектеп көшеге шыққан аналар да сол күш арқылы өздерін тыңдата алды емес пе? Мәселе, сол күшті пайдаланбауда. Бала – бала болып қалуы керек. Балалық шақ бір-ақ рет болады. Баламызды ерте есейтпейік!

Жансая ОМАРБЕК,

«Ortalyq Qazaqstan» газетінің бөлім меңгерушісі.

Басқа материалдар

Back to top button