Бас тақырыпМәселе

Кәріз суы көлге құйылды

Балқаш көліне кәріз суы құйылып жатыр. Бұл туралы қоғам белсенділері дабыл қақты.

Әлеуметтік желіде пайда болған бейнероликте белсенділердің ағып жатқан лас суды түсіріп, «Балқаш Су» кәсіпорынының басшысына бірқатар сауал қойылғаны көрсетілген. «Мынау таза су ма? Егер, таза болса, қолыңыз бен бетіңізді жуып көріңізші. Сынама алынды, таза деп айттыңыз ғой», – дейді белсенді.

Бұған дейін де Шашубай кентінің тұрғындары Балқаш көліне аққан сарғыш түсті судың кәріз суы екендігін жеткізген еді. Судан жағымсыз иіс шығады. Белгілі болғандай, қаланың кәріз суы арнайы шұңқырдан көлге қарай аққан. Бұған дейін белсенділер қыс мезгілінде қатып жатқан сарғыш дақтарды байқап, арнайы комиссия шақырған. Мамандар, бірақ, көл суы құрамынан қауіпті заттар анықталмағанын айтады.

– Біз зерттеу жұмысын жүргіздік. Тоғанда жиналған кәріз суының көлге қосылмағанын анықтадық. Қазіргі таңда көлге кәріз суының қосылу қаупі жоқ. Қар мен мұздардың еруі салдарынан Балқашқа ағып жатқан судың көзін анықтау мүмкін емес, – деді Қарағанды облысы бойынша экология департаментінің Балқаш қаласы бойынша мемлекеттік инспекторы Шолпан Өтебаева.

Оқиға орнына журналистер қауымы да барып, мәселенің анық-қанығын білдік. Әлгі кәріз суы жиналатын алып шұңқырдың маңайында арнайы техника жұмыс жасап жатыр. «Балқаш Су» мекемесінің басшысы Николай Тянмен телефон арқылы сөйлестік. Оның мәлімдеуінше, қар суына қарсы бөгет тұрғызылып, көлге лас судың қосылмауы үшін іс-шаралар жасалуда. Балқаш қаласы әкімдігінің хабарлауынша, 17-19 қаңтар аралығында Балқаш қаласының жылу желісінің магистральдық құбырындағы апат салдарынан қаланың дренаж жүйесіне көп мөлшерде ыстық су жіберілген. Судың бір бөлігі авариялық тоғанға құйылған. Соның салдарынан тоғанға мол су жиналып отыр. Сонымен қатар, оған қар суы қосылыпты. Лас су көлге залалын тигізбеу үшін бөгет салуға 5 техника жұмылдырылыпты. Ал, ҚР Ғылым министрлігі Ғылым академиясының Ә.Бектұров атындағы Химия ғылымдары институты мәліметтеріне сүйенсек, қазіргі уақытта көлдің Балқаш қаласы орналасқан Бертіс аумағы өте қатты ластанған. Мұнда мыстың ШРК-сы (шекті рауалы концентрация) 10 еселеніп, мырыш мөлшері 2 ШРК-ға жетіп отыр. Сонымен қатар, мыс қорыту зауытынан күні не 75 тонна зиянды химиялық зат төгілгені анықталған. Біз бұған дейін климаттық жағдайдан бөлек, өзендерден ауыл шаруашылығы нысандарына су жұмсау көлемі артуы себепті Балқаш көлінің деңгейі түсіп келе жатқанын газет бетінде айтқан едік. «Жығылғанға жұдырық» дегендей, Көкше теңізге өзге де қауіп көп екеніне көз жетіп отыр. «Балқаш көлінің жағдайы, тек, бір мемлекетті ғана емес, әлемді алаңдатуы тиіс. Әйтпесе, Аралдың тағдыры қайталануы мүмкін. Апаттың алдын алу үшін аймақтағы гидрологиялық жағдайға дұрыс баға беріліп, тиісті шара қолға алынуы керек» дейді қоғам белсенділері.

Нұрдос КӘРІМ.

БАЛҚАШ қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button