Баған

Тарихи мұралар – елдігіміздің өлшемі

Облысымыздың бай тарихы сонау тас дәурінен басталады. Сондықтан да, Арқаға туристер көп келеді. Олардың басым көпшілігі Орталық Қазақстандағы Бегазы-Дәндібай ескерткіштеріне, сондайақ Алтын адам табылған мекендерді көргісі келетінін айтады. Кейінгі Қаражартас пирамидасының жаңалығының өзі еуропалықтардың қызығушылығын тудырды. Осының бәрі туристік базаны әлі де болса жетілдіре түсуді қажет етеді. Өйткені, сұраныс бар.

Еліміз тәуелсіздік алғалы бері тарихи-мәдени ескерткіштерге біршама ден қойылып, көптеген ауқымды шаралар атқарылып келеді. Тарихи-мәдени ескерткіштердің жүйелі түрде зерттеліп, насихатталуына 2003-2010 жылдары аралығында жүзеге асырылған «Мәдени мұра» бағдарламасы мұрындық болды. Бүгінде Қарағанды облысы бойынша республикалық маңызы бар 22 ескерткіш, жергілікті маңызы бар 1538 ескерткіш мемлекеттік тізімде тұр. Аталмыш ескерткіштердің көбісі археологиялық ескерткіштер.

Бүгінде облысымызда туристердің сұранысына ие болған бірнеше тарихи орындар бар. Солардың ішінде 2005-2007 жылдары қола дәуіріне жататын Ақтоғай ауданында орналасқан Бегазы-Дәндібай ескерткіштері, Шет ауданында орналасқан Бұғылы, Ақсу-Аюлы II ескерткіштері, 2011 жылы Қарқаралы ауданы, Талды 2 қорымынан – қазба жұмыстары кезінде табылған сақ дәуіріне жататын Алтын адам (Қарағанды облыстық өлкетану мұражайында қалпына келтірілген көшірмесі орналасқан) бар.

Шет ауданы, Талды ауылының маңынан 2016 жылы археологиялық ғылыми зерттеу жұмыстарының барысында б.з.б. XVI/XV ғ.ғ яғни, 3500 жыл бұрын салынған Қаражартас пирамидасы табылған. Жалпы, Талды өзенінің бойы тарихқа өте бай. Мұнда әр кезеңді (тас, қола, темір, орта ғасырларды) қамтитын археологиялық ескерткіштер бар. Сол себепті аталмыш орынға жыл сайын зерттеу жұмыстары жүргізіліп келеді. Атап айтсақ, Талды қорымынан қосарланып жерленген аттардың қаңқалары, бірге жерленген ерлі-зайыптылардың табылуы, көптеген алтыннан, қоладан жасалған зергерлік бұйымдар, қыш-құмыралардың табылуы сөзімізге дәлел. Алдағы уақытта Талды археологиялық кешенін, яғни, ашық аспан асты музейін салу жоспарға қойылып, жүзеге асырылуда. Ұлытау ауданында Алтын Орда дәуірінен басталатын тарихи-мәдени ескерткіштер айтарлықтай жетерлік. Солардың бірі Болған ана кесенесіне 2018 жылы археологиялық зерттеу жұмыстары жүргізілген болатын. Зерттеу қорытындысы бойынша алтын тостақан, алтын сырға және алтын жіппен тігілген киім, былғары етік қалдықтары табылды. Сонымен қатар, биыл Жошы мазарының маңында орналасқан Алтын Орда дәуіріне жататын ортағасырлық қорғанды зерттеу барысында сол дәуірдің монетасы табылғанын ерекше атап өткен жөн. Осының бәрін жүзеге асыру туристік инфрақұрылымды қазіргі заман талаптарына сай жаңғыртуды қажет етеді. Егер туристердің келуіне жағдай жасалса, Арқаның археологиясын әлем тамашалар еді. Облысымыздың өзінде әлемді таң қалдыратын құнды ескерткіштеріміз жеткілікті және бұл жәдігерлер осы өңірдің сол кезеңдегі өте жоғарғы өркениетке жататынының айғағы болып отыр. Археологиялық жұмыстардың іске асырылып, жүйелі түрде зерттелуіне облыс әкімшілігі мен «Тарихи-мәдени мұраны сақтау орталығы» тарапынан көңіл бөлініп, қаржылай қолдау білдірілуде. Елімізде – туризмнің ішкі жалпы өнімдегі үлесi 1,6%, оның ішінде iшкi туризмнің үлесi 1%-дан аз екен. Сарыарқа даласы туризмге бай өлке.

Сондай-ақ, облысымызда туристік брендке ұсынатын дүниелер өте көп, өкініштісі, сол мүмкiндiктерді пайдалана алмай отырмыз.

Жанболат МӘЖИТОВ,
Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының
Тарихи-мәдени мұраны сақтау орталығы басшысының орынбасары.

Басқа материалдар

Back to top button