Біздің сұхбат

Жеңіс ҚАСЫМБЕК: «Бүгінгі жетістіктер – еңселі елдігіміз бен берекелі бірлігіміздің көрінісі»

Әлемді алаңға салған пандемия салдары еліміздің дамуына, соның ішінде өңірімізге де әсерін тигізгені анық. Дегенімен, індет саябырсып, карантиндік шаралар біртіндеп жеңілдетілгеннен бері ел көлемінде эко­номикалық өсуді қалпына келтірудің кешенді жоспарының арқасында барлық салада оң көрсеткіштер көрініс таба бастады. Соның ішінде Қарағанды облысында да биылғы жылы көптеген ірі жобалар жүзеге асып, жаңа жұмыс орындары ашылды. Руханият саласында да үлкен серпілістер көрініс тапты. Осы орайда, жылды қорытындылар тұста өңір дамуы туралы жұртшылыққа жан­ жақты ақпарат жеткізу мақсатында облыс әкімі Жеңіс Махмудұлы ҚАСЫМБЕКПЕН сұхбат құрған едік.

– Жеңіс Махмудұлы, коронавирус салдары әлемге биыл да оңай болған жоқ. Өңірімізде пандемия негізінен қай салаларға кері әсерін тигізді? Осы жағдайдан кейін қандай қорытынды жасалды, экономикалық, әлеуметтік даму бағдарында нені өзгерту қажет екен?

– Әрине, әлем болып қолға алған шаралардың арқасында пандемияның беті қайта бастағанымен, салдары ешбір елге оңай болған жоқ. Індеттің кері әсері барлық салаға ауыртпалығын салды. Соның ішінде біздің өңір туралы айтсақ, рецессияға тап болған салалар – бұл сауда, көлік, қызмет көрсету секторлары. Пандемия кезіндегі мәжбүрлі шектеулер аталған салалардың дамуына айтарлықтай теріс әсерін тигізді.

Дегенімен, қабылданған шаралардың арқасында осы жылдың сәуір айының басынан бері жағдай реттеліп, өсімнің қайта қарқын алуы байқалды. Жалпы, 11 айдың қорытындысы бойынша ішкі сауданың нақты көлем индексі 12,4% – ға өсіп, 2 496 млрд теңгені құрады.

Сонымен қатар экономикалық өсімді қамтамасыз ету жоспарын орындау шеңберінде сауда және қызмет көрсету саласында сомасы 10,9 млрд. теңге болатын инвестициямен 193 жоба іске асырылды, 737 жаңа жұмыс орны құрылды.

Көлік саласына келетін болсақ, көптеген кәсіпорын жұмысының уақытша тоқтатылуы және жұртшылықтың қозғалысының шектелуі жүк және жолаушылар тасымалы көлемінің азаюына ықпал етті. Нақтысын айтсақ, 2020 жылдың қорытындысы бойынша теміржол көлігімен тасымалданатын жолаушылар саны 55%-ға, әуе көлігімен қатынайтындар 20% – ға азайды.

Карантиндік шаралар жеңілдетілген тұста тасымалдау саласындағы шектеулерді біртіндеп алып тастауға байланысты теміржол көлігімен тасымалданатын жолаушылар саны өткен жылмен салыстырғанда 72,8%-ға артқаны байқалады. Жүк тасымалының да көлемі артып келеді.

Ал, бизнес саласы бойынша айтар болсақ, пандемия біздің кәсіпкерлерді қызметтің жаңа түрлерін қолданысқа енгізуге мәжбүр етті. Мысалы, кәсіпкерлер қызмет көрсету саласындағы тренд-онлайн сауда, азық-түлік пен тауарларды жеткізу бойынша онлайн-сервистер, IT технологияларды пайдалана отырып логистика, жаңа смарт қосымшаларды әзірлеу, қазіргі жағдайларда тұтынушылар үшін қолжетімді нарықтың жаңа сегменттерін іздеуді қолға алды. Сонымен қатар, білім беру, спорт және денсаулық сақтау салаларында да онлайн қызмет түрлерін қолданысқа енгізу қарқын алуда.

Тұтастай алғанда карантиндік шектеулерге қарамастан, өңірде кәсіпкерлік қарқынды дамып келеді. Осы жылдың басынан бері жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 2020 жылдың сәйкес кезеңіне қарағанда 6,1%-ға артып, 94 458 бірлікті құрады, ШОК өнімдерін, тауарлары мен қызметтерін шығару 17,3%-ға немесе 785,2 млрд теңгеге өсті. Жұмыспен қамтылғандар саны 236,3 мың адамды құрап, 2020 жылдың сәйкес кезеңіне қарағанда 1,3%-ға өсті. Ал, бұл секторда аймақтың экономикалық белсенді халқының үштен бірі жұмыс істейді.

– Жыл аяқталар тұста жақсы жаңалық естідік, облыста карантиндік шаралар жеңілдетілді. Жұрттың көңілі орныға бастады. Дегенімен, қауіп толық сейілген жоқ. «Сақтықта қорлық жоқ», індеттің алдын алуға облыстың дайындығы қалай?

– Шектеу шараларының жеңілдетілуі денсаулық сақтау саласындағы ауқымды жұмыстармен қатар, халықтың індет қауіпін түсініп, екпе алуға, карантин талаптарын сақтауды жолға қоюға қолдау білдіруінің арқасында жүзеге асып жатыр. Алайда, арқаны кеңге салуға болмайды. Бұл бағыттағы жұмыстар күшейтіле береді. Бүгінгі таңда өңірдегі инфекциялық госпитальдардың сыйымдылығы 3 013 орынды, олардың жүктемесі 11,7% – ды құрайды. 364 ӨЖЖ аппараты, 5600 адамға 2 800 оттегі концентраторы бар 26 госпитальда медициналық газдарды берудің орталықтандырылған жүйесінің 1160 нүктесі орнатылған.

Облыстың стационарлары мен бөлшек дәріханалар желісі дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың 3 айлық қорымен қамтамасыз етілген. Халықты жоспарлы медициналық көмекпен қамтамасыз ету үшін емханалар күшейтілген режимде жұмысын жалғастыруда.

Бұған қоса санитарлық көлікпен жабдықталған 288 мобильді бригада жұмыс істейді. 26 компьютерлік томография кабинеттерінің жұмысы қамтамасыз етілді. Вирусологиялық тексеруді тәулігіне жалпы қуаты 15.6 мың тест болатын 10 ПТР-зертхана жүзеге асырады.

Коронавирусқа қарсы жаппай иммундау шаралары іске асырылуда, оның ішінде өнеркәсіптік кәсіпорындарда да жүргізілуде. Бүгінгі таңда біздің облыста мақсатты топтың 66,6% екпенің бірінші компонентімен вакцинацияланды. Толық вакцинациямен 553 мыңға жуық адам қамтылды, бұл мақсатты топтың 61,7%- ын құрайды.

Файзермен вакциналау бойынша айтсақ, жасөспірімдер, жүкті және бала емізетін әйелдер санатында 13 137 адам екпе қабылдады.

– Өзіңіз ревакцинация жасадыңыз ба?

– Иә, жасадым.

– Жалпы биыл экономиканың барлық негізгі салалары бойынша оң көрсеткішке қол жеткізілгенін мәлімдедіңіз. Осы бойынша тарқатып айтып өтсеңіз.

– Облыс жылды қалай қорытындылады дегенге келсек, жалпы аймақ экономикасы оң динамикамен дамып келеді.

Экономиканың өсуі өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, тұрғын үй құрылысы, инвестициялық белсенділік сияқты салаларды дамыту есебінен қамтамасыз етіледі.

Соның ішінде облыс бойынша жалпы өңірлік өнім 2021 жылдың 1 жартыжылдығының қорытындысы бойынша 2 824,8 млрд. теңге немесе республиканың ЖӨӨ 8,7% сомасында қалыптасты. Яғни 2020 жылғы осындай кезеңімен салыстырғанда көрсеткіш 1,7%-ға ұлғайды.

Жан басына шаққандағы ЖӨӨ – 2 053,3 мың теңге, бұл облыстар арасында 5 орын деген сөз.

Облыстың жалпы өңірлік өніміндегі ең үлкен үлес салмақ өнеркәсіп (52%), сауда (10,6%), жылжымайтын мүлік операциялары (5,2%), құрылыс (5,2%), көлік (3,7%) салаларына тиесілі.

Тағы бір атап айтатын мәселе жыл басынан бері өңдеу секторы кәсіпорындарының тұрақты жұмысы есебінен өнеркәсіп өндірісі 0,6%-ға өсіп, 3,8 трлн. теңгені құрады. Өңдеу өнеркәсібінде айтарлықтай өсім қара металлургия өндірісі көлемінің 12,6%- ға, жеңіл металлургия өндірісінің 8,3%- ға, өзге де металл емес минералдық өнімдер өндірісінің 0,6%-ға, машина жасау өндірісінің 2,2%-ға, фармацевтика өндірісінің 5,7 есеге ұлғаюының арқасында қамтамасыз етіліп отыр.

Облыс экономикасына шамамен 670,1 млрд. теңге инвестиция құйылып, көрсеткіш 7,1% – ға артты.

Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемінің өсуі мал шаруашылығы өнімінің 3,6% – ға өсуі есебінен 0,5%-ды немесе 443,6 млрд. теңгені құрады.

Құрылыс саласы туралы айтар болсақ, 508,2 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. Өткен жылғы қаңтар-қарашадағы деңгеймен салыстырғанда көрсеткіш 116,3% жетті деген сөз.

Сондай-ақ, жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 94 458 мың бірлікке дейін өсті.

Осы жылдың 8 айында ішкі сауда қызметтерінің көлемі 2 495,3 млрд. теңге деңгейінде қалыптасты, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 12,4% – ға артық.

Сонымен бірге көлік қызметтерінің көлемі 2%-ға өсіп, 376,3 млрд теңгеге жетті.

Аталған салалардағы өсім жыл соңына дейін сақталып отыр.

– «Ауыл – Ел бесігі» жобасы бойынша соңғы 3 жылда 38 ауылдың ішіндегі жолдар жөнделді. Жақсы бастама әрине. Бірақ, сол ауылдарға, аудандарға баратын жолдарды да жөндесе, ауыл халқының тұрмыс­ тіршілігіне үлкен серпін беретін еді. Облысымыздағы жолдардың жөнделуі бойынша қандай шаралар қолға алынып жатыр?

– Өзіңізге белгілі, «Ауыл – Ел бесігі» арнайы жобасы 2019 жылдан бастап іске асырылуда. Жобаның негізгі мақсаты – ауылдардың өркендеуіне жағдай жасап, ондағы халықтың тұрмыс-тіршілігін жеңілдету, өмір сапасын арттыру.

Жоба аясында жүйелі жұмыстар іске асырылып жатыр. Атап айтсақ, 2019-2021 жылдары 38 ауылдық елді мекенде 225 шақырым ауылішілік жолдар жөнделді. Осы жұмысты әрі қарай жалғастырып, алдағы жылы Абай, Бұқар жырау, Қарқаралы, Нұра, Ұлытау, Шет аудандарының 8 ауылында 46,2 шақырым автожолды жөндеу жоспарлануда.

Биыл облыс аумағында көлік инфрақұрылымын жақсарту мақсатында жалпы пайдаланымдағы 1 500 шақырымнан астам автомобиль жолдары жөндеуден өтті.

Республикалық маңызы бар автожолдарда Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Қарағандыдан Жамбыл облысының шекарасына дейінгі, «Қарағанды – Балқаш» жолының 363 шақырымын және «Балқаш – Бурылбайтал» жолының 150 шақырымын, жалпы ұзындығы 513 шақырым жол учаскесін қайта жаңарту бойынша ауқымды жоба жалғастырылуда.

Бұдан бөлек аталған министрлік 2022 жылы «Қызылорда – Жезқазған» автожолының 208 шақырымын қайта жаңартуды бастайды. Бүгінгі күні мердігерлік ұйымдарды анықтау бойынша конкурстық жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Ал, жергілікті маңызы бар автожолдарда және қалалар мен аудандардың көше-жол желілерінде облыстық және жергілікті бюджеттер қаражаты есебінен ұзындығы 873 шақырым болатын қалаларды аудан орталықтарымен және елді мекендермен жалғастыратын автожолдарды жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Осылайша, облысымыздың жалпы пайдаланымдағы автожолдарында ауылдар мен елді мекендерге кіреберіс жолдарды жөндеу, сондай-ақ қалалардың, аудандардың және елді мекендердің ішіндегі көше-жол желісін жақсарту жұмысы жалғасын табатын болады.

– Тәуелсіздік күні қарсаңында Қарағандыға газ жетті. Дегенімен, облыс халқы осы сәтті ұзақ күтті. Қазір бізге оқырмандардан сұрақтар көптеп түсіп жатыр. Білгісі келетіні – жоба бойынша газға облыста қанша тұрғын, қай өңірлер қол жеткізеді?

– Қазіргі уақытта облыстың үш қаласында газбен жабдықтауға қосылу жұмысы жүргізіліп жатыр. Олар – Қарағанды, Теміртау және Жезқазған қалалары.

Бұдан әрі 2023 жылдан бастап Саран, Шахтинск қалаларының, Атасу кентінің және Осакаров кентінің тұтынушыларына осындай игілікті жеткізу жоспарлануда.

– Білуімізше, газды үйге жеткізуге әжептәуір қаражат керек. Оны екінің бірінің қалтасы көтере бермейді. Осы орайда әлеуеті төмен тұрғындардың газ желісіне қосылуына қандай да бір жеңілдіктер жасау жоспарда бар ма?

– Бұл жан-жақты талқыланған мәселе. Газ желісіне қосу бағасының қолайлы болуын қамтамасыз ету және құрылыс материалдарын сатып алуға жұмсалатын шығындарды азайту үшін құбырды тұтынушылардың үйінің қоршауына дейін жеткізу және газды есептеу аспабын беру жобасы қарастырылып отыр.

Сонымен қатар, қалалардың әкімдіктері «Jusan bank», «Еуразиялық банк» банктерінен қосылу бойынша қызметтер ақысын бөліп төлеуді ұсыну мәселелерін пысықтады. Техникалық шарттарды алу үшін «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ өңірлік филиалдарына жүгіну қажет, техникалық шарттарды беру тегін жүргізіледі.

Сондай-ақ, атаулы әлеуметтік көмек беру шеңберінде газ бойынша коммуналдық шығындарды төлеуге болады.

– Өңірде моноқалалар экономикасын әртараптандыру бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Мұны біз Саран қаласындағы жұмыстардан көріп отырмыз. Индустриялық аймақ құрылды, бірнеше зауыт жұмысы басталды. Облыста мұндай моноқала көп. Олардың даму бағдары қандай болмақ?

– Шынында да, урбандалу деңгейінің жоғары болуы – біздің өңірдің бір ерекшелігі саналады. Бұл көрсеткіштің жоғары болуында өңіріміздегі 8 моноқаланың да үлесі бар.

Осы ретте әрбір моноқаланың ағымдағы ахуалы мен даму болашағына талдау жүргізілді. Бұдан соң жүзеге асырылатын іс-қимылдардың негізгі тәсілдері айқындалды.

Жекелей тоқталатын болсақ, 800 мыңнан астам адам тұратын Қарағанды қалалық агломерациясы шеңберінде көліктік қолжетімділік және тарту әсері есебінен Теміртау, Абай, Саран және Шахтинск қалаларын біріктіретін бірыңғай «өнеркәсіптік және көлік агломерациясын» құру бойынша шаралар атқарылуда.

Абай, Саран, Шахтинск қалаларында «маятниктік» еңбек көші-қоны айқын көрінеді, сондықтан мұнда ірі өнеркәсіптік өндірістердің локацияларын орналастыру жоспарлануда және бұл қалалар Қарағанды функционалдық қалалық ауданының құрама бөлшектері ретінде дамитын болады.

«Saran» индустриялық аймағында KamaTyresKZ автомобиль шиналарын өндіру зауытының құрылысын аяқтау жоспарлануда.

Теміртау қаласы туралы айтсақ, мұнда «АрселорМиттал Теміртау» АҚ сияқты алып кәсіпорынның және оған қызмет көрсететін компаниялардың болуынан басқа, қала Қарағанды және астаналық агломерациялар арасында географиялық тұрғыдан тиімді орналасқан. Бұл агломерациялар халқының сұранысын қамтамасыз ететін экономиканың жаңа секторларын дамыту үшін нақты мүмкіндік болып табылады.

Облыстың тау-кен саласының негізгі орталықтары ретінде Жезқазған, Сәтбаев және Қаражалды қарастыра отырып, жаңа кен орындарын ашу перспективалары мен жаңа өндірістерді енгізу, орта және жоғары білімді дамыту қарастырылып отыр.

Ал, Қаражал қаласында жүргізілген сәтті геологиялық барлау жұмыстарының арқасында ағымдағы жылы «Жәйрем тау-кен байыту комбинаты» АҚ жобасы іске қосылды, бұл қаланы одан әрі дамыту перспективаларын қамтамасыз етті.

Қазіргі уақытта қолға алынып отырған жаңа бағыт – Балқаш қаласының туристік әлеуетін дамыту. Бұл қалада жүйе құраушы кәсіпорындармен қатар, жоғары транзиттік әлеует және туризмді дамытуға қатысты барлық алғышарттар бар.

Қазіргі уақытта қажетті инфрақұрылымның құрылысы басталды. Осынау іс-шаралар өңірдегі туризмнің дамуына қосымша серпін беріп, экономикалық өсудің жаңа нүктесін құруды қамтамасыз етеді деп сенеміз. Көлік қолжетімділігін жақсарту және Балқаш курорттық аймағына туристік ағынды ұлғайту үшін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Нұр-Сұлтаннан Алматыға дейін төрт жолақты автобанның құрылысын жүргізуде.

Сонымен қатар, Балқаш қаласы әуежайының ұшу-қону жолағын жөндеу аяқталды. «Бертіс» шығанағының алық жағалауын абаттандыру, сондай-ақ инженерлік инфрақұрылымды салу жоспарланып отыр.

– Биыл облыс тұрғын үй құрылысы бойынша рекордтық көрсеткішке қол жеткізді. Жыл соңына дейін 662 мың шаршы метр пайдалануға беріледі екен. Осы цифрды пәтер санымен айтсақ, қанша тұрғын баспаналы болды? Жалпы, тұрғын үй кезегінде тұрғандар саны қанша пайызға азайды. Ал келесі жылғы меже қандай?

– Өңірде құрылыс қарқыны жыл өткен сайын артып келеді. Атап айтсақ, 2021 жылдың қорытындысы бойынша 662 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру күтілуде, бұл дегеніміз 7 мың пәтер, оның ішінде 2 мың кезекте тұрған азаматты тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарлануда (бұл кезекті 5,4%-ға қысқартуға мүмкіндік береді).

Алдағы жылғы жоспарға келсек, сәтін салса 2022 жылы 708 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарлануда, бұл осы жылдан 7%-ға артық.

Облыстың барлық өңірінде «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы қарқынды жүзеге асырылуда. Соңғы жылдары аталған бағдарламаны қаржыландыру шамамен 2,5 есеге өсіп, 20 млрд. теңгені құрады. 2019 жылдан бастап кезекте тұрғандарға мемлекет тарапынан берілген пәтерлер санының өсуі байқалуда. Егер бұрын жылына орта есеппен 1 мың пәтер берілсе, енді кезекте тұрғандарға жыл сайын 2-2,5 мың пәтер беріледі.

– Қалай ойлайсыз, Қарағанды облысында туризмді негізгі табыс көзіне айналдыруға мүмкіндік бар ма? Осы бағытта қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?

– Әрине біздің өңіріміздің табиғаты, тарихи орындары бұл саланы айтарлықтай қарқындатуға мүмкіндік береді. Бұл бағаттағы үлкен мәселе – осыған сай инфрақұрылымды дамыту. Облысымызда аталған сала бойынша жүйелі жұмыстар қолға алынып жатыр.

2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаның үшінші бағытына сәйкес жаңа тауашаларды қалыптастыру үшін 2025 жылға дейін ЖІӨ-нің жалпы көлеміндегі туризмнің үлесін Қазақстан бойынша кемінде 8%-ға жеткізу керектігі айқындалды.

Осы мақсатқа қол жеткізу үшін біздің облыста туризмды дамытудың 3 нүктесі анықталды. Олар – Ұлытау, Қарқаралы және Балқаш курорттық аймағы.

Жоғарыда айтып өткенімдей, Нұр- Сұлтаннан Алматыға дейінгі төрт жолақты автобанның құрылысын толық аяқтау Балқаш курорттық аймағының дамуына оң әсерін тигізетіні анық. Балқаш әуежайының да жөндеуден өткенін айтып өттім. Бұл бізге 1-2 сыныпты әуе кемелерін қабылдауға мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта Бертіс шығанағына жалпы сомасы 400,0 млн. теңгеге инженерлік инфрақұрылым жүргізілуде. Сонымен қатар, инвесторлар үшін Балқаштың жағалау аймағында 189 га бос (перспективалы) жер учаскесі анықталды.

Сондай-ақ, келесі жылдан бастап Ұлытау және Қарқаралы аудандарына автожолдардың құрылысын бастау жоспарланған.

Осы жылы Ұлытау ауданында заманауи туринфрақұрылымды дамыту және туристерге қолайлы жағдай жасау үшін «Жошы хан» тарихи-мәдени кешені салынып бітті және «Ұлытау» сапар- орталығының құрылысы да аяқталды.

Сондай-ақ, өңір аумағында Жошы Хан, Алаш Хан, Домбауыл, Хан ордасы, Әулие тау және т.б. сияқты өңірдің киелі жерлеріне апаратын 10 туристік маршрут құрылған. Қарқаралы ұлттық паркінің аумағында эко және этно туризмді дамыту үшін жалпы ауданы 143 га бос жер телімдері бөлінді.

Жалпы, Арқа жерінде туризм саласын дамыту облыстың жүйе құраушы кәсіпорындарына тәуелділікті азайтуға, экономиканы әртараптандыруға және сервистік және туризммен сабақтас салалардың дамуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сондықтан бұл бағытта атқарылатын шаралар біз үшін өте маңызды.

– Облыста балалардың спорт үйірмелеріне тегін қатысуына миллиардтан астам теңге бөлінгенін мәлімдедіңіз. Алайда, ауыл балалары осы жобадан шет қалып жатқан жоқ па? Әрине, барлық ауылда спорт кешенін салу мүмкін емес. Бірақ, осы мәселені шешудің жолдары бар ма?

– Қарағанды облысында өңірдің 400 мыңнан астам тұрғыны спортпен шұғылданады, оның ішінде 145 мыңға жуығы – балалар. 46 спорттық ұйым жұмыс істейді, онда 33 мыңға жуық адам тегін жаттығады.

Сонымен қатар, өңірімізде 437 508 адамды қамтитын 7 065 спорт секциясы жұмыс істейді. Соңғы екі жылда Қарағанды, Теміртау, Балқаш, Осакаров, Қарқаралы және Бұқар жырау аудандарында тағы 339 секция ашылды.

Биыл облыста бұқаралық спортты дамытуға барлығы 4 млрд. теңгеден астам қаражат бөлінді. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда 58,6%-ға артық.

Мемлекет тарапынан жасалып отырған үлкен қолдау – ағымдағы жылы мемлекеттік спорттық тапсырысқа жан басына қаржыландыру енгізілді, оған облыстық бюджеттен миллиард теңге бөлінді. Бүгінгі таңда спорттың 24 түрі бойынша секциялар ашылды, онда 8500- ден астам бала тегін жаттығады, олардың екеуі – инклюзивті. Бұл Қарағанды, Теміртау, Қарқаралы, Саран, Шахтинск қалаларында, Осакаров және Жаңаарқа аудандарында. Айта кету керек, ауылдық аймақтардағы кәсіпкерлер осындай тегін секцияларды ұйымдастыруға өтінім бере алады.

2021 жылы халықты, әсіресе өскелең ұрпақты дене шынықтыруға тарту бойынша орталықтандырылған, тиімді жұмысты ұйымдастыру мақсатында Бұқаралық және балалар спорты орталығы құрылды. Ол жан басына қаржыландыру бағдарламасының үйлестірушісі, спорттық-бұқаралық іс- шаралардың ұйымдастырушысы болады.

Халықты, әсіресе ауылдық жерлерде, дене шынықтырумен айналысуға тартуда спорт нұсқаушылары үлкен маңызға ие. Бүгінгі таңда осындай 339 маман бар, олардың 98-і ауылдық жерлерде. Олардың басты мақсаты барлық спорт алаңдары мен залдардың жұмысын қамтамасыз ету. Осы бағыттағы жұмыстар жалғасуда. Спорт басқармасы осындай мамандардың санын көбейтіп, бұқаралық спортты дамыту бойынша мамандарды оқытып, осы секторды дамытатын болады.

Әрине, бұқаралық спортты дамыту үшін қолжетімді спорттық инфрақұрылымның болуы үлкен маңызға ие. Тәуелсіздік жылдарында облыста 67 ірі спорт нысаны салынды. Бүгінгі таңда 3 280 спорт ғимараты жұмыс істейді, оның 1184-і ауылдық жерлерде. 2021 жылы олардың саны 125 бірлікке артты. Бұл жаңа спорт кешендері, залдар, алаңдар мен корттар. Жыл сайын 40-тан астам спорт алаңдары орнатылады. 2021 жылы облыстың қалалары мен аудандарында 100 жазық нысан орнатылды, бұл рекордтық көрсеткіш болып табылады.

Біздің облыстың әрбір тұрғынының, әсіресе балалардың қалаларда да, шалғайдағы ауылдық аудандарда болсын қолайлы жағдайларда дене шынықтырумен айналысуға мүмкіндіктері болуы тиіс. Халық аз қоныстанған ауылдарда барлық қажетті жабдықтары бар спорт залдары жұмыс жасауы қажет. Онда жаттығуларды жаңа, заманауи жүйелер бойынша тиісті әзірлігі бар жаттықтырушылар жүргізетін болады. Бұл жастарымызды спортқа баулып, болашақ спорт саңлақтарын анықтауға септігін тигізеді. Бұл мақсатта бұқаралық спортты дамытуға, спорттық инфрақұрылымды ұлғайтуға мен жақсартуға үлкен қолдау көрсетіліп отыр.

– Экология дегенде бірден Теміртау еске түседі. Өзіңіз де «Арселор Миттал Теміртау» компаниясының жұмысын бірнеше рет сынадыңыз. Алайда, компания уәде еткен шаралар толық жүзеге аспай жатыр. Жақында Экология министрі «АМТ зиянды қалдықтарды азайтпаса, келесі жылы экологиялық рұқсатты ала алмауы мүмкін» деді. Осыған қатысты не айтар едіңіз? Қатаң шаралар қолданатын кез келген жоқ па?

– Біздің өңірімізде экология мәселесінің өзекті екені жасырын емес. Өйткені, мұнда жүйе құраушы ірі кәсіпорындар көптеп орналасқан. Бұл тұрғыда халықтың алаңдауы да заңдылық. Оны біз жақсы түсінеміз. Сондықтан да, облыста негізгі жұмыстардың қатарында экология мәселесі де күн тәртібінде.

Өздеріңізге мәлім, 2019 жылғы 31 қазанда Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі эмиссиялардың нақты көлемін азайту бойынша «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-мен меморандум жасасты. Осы келісім бойынша атмосфераға шығаратын зиянды заттарды 60 мың тоннадан астам көлемде азайту көзделген.

Сондай-ақ, меморандумда 2021-2024 жылдар арасында Теміртау қаласының айналасында 500 000 ағаш отырғызу, ЖЭО-ПВС және 2-ЖЭО қазандық цехтарында атмосфераға қалдықтар шығарудың автоматтандырылған өндірістік экологиялық мониторингін кезең-кезеңмен орнатуды қамтамасыз ету шаралары да қарастырылған болатын.

2019-2020 жалдардың қорытындысы бойынша бірқатар іс-шаралар орындалды. Айтап айтқанда, әк және миксер бөлімшесінің шаң тазалау жабдығын қайта жаңарту, сақиналық және батареялық эмульгаторларды, ЖЭО- ПВС, 2-ЖЭО қазандық цехтарының электр сүзгілерін күрделі және ағымдағы жөндеу, No5 кокс батареясының шығатын газдары үшін түтін құбырын демонтаждау және монтаждау іске асты. Жалпы экологиялық әсер – шығарындылардың 370 тоннаға азаюы.

Кәсіпорын ағымдағы жылы әктасты күйдіру цехының № 2 айналмалы пешінің электр сүзгісін қайта жаңарту және агло- мерат бункерлері корпустарының шаң тазалау жабдығын қайта жаңарту бойынша жұмыстар жүргізуде. Сондай-ақ, No1 қазандықтың құрылысы бойынша түтін газдарын тазартудың жаңа жүйесін орнату және т.б. жұмыстар қолға алынып жатыр.

Осы іс-шаралардың нәтижесінде қалдықтарды 1,6 мың тоннаға дейін азайту көзделуде.

– Енді руханиятқа тоқталсақ, соңғы жылдары облыста идеологиялық тұрғыдан ескірген атауларды өзгерту бойынша ауқымды жұмыс атқарылды. Соның ішінде Октябрь ауданының Әлихан Бөкейхан есімімен аталуына күллі республика жұртшылығы қуанды. Дегенімен, атауды өзгерту маңызды емес, ең бастысы сол елді мекендерді гүлдендірсе, басқа ештеңе керегі жоқ дейтін тұрғындар да бар. Осыған сіз не дер едіңіз?

– Иә, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерекесі қарсаңында тек қарағандылықтар үшін ғана емес, жалпы халқымыз үшін айтулы оқиғаны, тарихи сәтті өткердік. Қарағанды қаласының Октябрь ауданына алты Алаштың ардақтысы Әлихан Бөкейханның есімі берілді. Осы жетістіктер ең алдымен, еңселі елдігіміз бен берекелі бірлігіміздің көрінісі. Бұл Тәуелсіздік жолындағы күрескерлер рухына тағзым, Алаш арыстарының аманатына деген адалдықтың көрінісі деп білемін. Сондықтан да газет оқырмандарын осынау қуанышпен тағы да шын жүректен құттықтаймын!

Әрине, аудан атауын өзгертуге қатысты алдын ала жүйелі жұмыстар атқарылды. Әлихан ауданын абаттандыру, аулаларды жаңарту, ойын алаңдарын құру және басқа да жұмыстар соңғы жылдары қарқынды жүргізілді. Жаңадан әлеуметтік нысандар пайдалануға берілді, өнеркәсіптік кәсіпорындар құрылып, жұмыс орындары ашылып жатыр. Майқұдықтың ішіндегі күре жол күрделі жөндеуден өткізіліп, ел игілігіне берілді. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жоспарлы түрде атқарыла беретін болады.

– Жеңіс Махмудұлы, уақыт тауып, кең көлемді сұхбат бергеніңізге рахмет айтамыз.

Сұхбаттасқан Қамбар АХМЕТ.

Басқа материалдар

Back to top button