Мәселе

Театрға неге жетекпен барамыз?..

Әр елдің мәдениеті оның рухани айнасы. Ал, мәдениеттің көркемі, шығармашылықтың шыңы ол театр. Театр нағыз – өнер ордасы. Осы бір ұғымды тереңінен ұғынған меніңше тек театр әртістері мен сирек кездесер театр көрермендері ғана-ау?! Мәдениеті дамыған көп елдің театр залы үнемі көрермендерге лық толы болады. Олар біреудің жетегімен емес, жүрек қалауымен, тірі өнерді тамашалауға барады. Біз ше? Басшылықтың қадағалауымен барсақ бардық, бармасақ ол да жоқ. Шынында, театрдағы қойылым піскен жүгері қолтықтай қамдана күтіп, екі сағат кинотеатрдан көретін кей мәнсіз фильмдерден көп артық екенін ұға алмай келеміз-ау…

Ағылшындар, қытайлар, француздар тағы басқа да дамып кеткен ірі мемлекеттер театрды күнделікті өмірінің бір бөлшегіндей көріп, тіпті, кейбір азаматтары өмірін онсыз елестете алмайды. Өйткені, олардың даму жолында театрдың алар орны бар. Ал, бізде ше? Бізде қалай? «Бәлен уақытта керемет қойылым болады, қалмай баруым керек» деп ынтыға күткен бірде-бір туыс, таныс, досты көрмеппіз. Барсақ етті. Көрсек етті. Кешегі Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры қойған «Құлагер» қандай?! С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театры сахналаған «Рахымжанның Қасымы» ше? Бір көре қалсаң ұмыта алмай аузыңның суы құрып айтар, сия сарқып жазар туындылар емес пе?! Япыр-ау, тегін таратылған тағылымды алмай қара басып қашанғы жүрмекпіз?! Өзге елде көрермені сахнаға қараса, бізде әртістер залға қарап телміретіндей көрінеді. Көрермен үшін қазақ сахнасында тер төккен, өнерін халқымен бөліскісі келіп, сахнаның түтінін түтетіп жүрген жергілікті қандай театр әртісін танимыз? Жалпы жүз жылға жуық тарихы бар қазақ театрының бүгінгі хал-ахуалы қандай? Қазіргі қазақ театры әлемдік дамудың қай жағында тұр? Осыны ойлап бас қатырған жан кем шығар. «Театр – хас сұлудың көз жасындай мөлдір өнер» – деп Ғабит Мүсірепов баға берген осынау өнердің ерекшелігіне аз-кем тоқталсақ. Әйгілі Брехттың «Эпикалық театры», Метерлинктың «Ажал театры», Антоненның «Анти-театры», Беккеттің «Қатыгездік театры», Сартр мен Камюдың «Экзистенциялық театры», Жененың «Ашық театры» өнердегі өлшемге айналып үлгерген ұлылар туындысы. Немесе жапонның Ракуго, Но, Кабуки сынды ұлттық бағыттағы театрларынан да алар дүние жетерлік деп білеміз. Театр – шығармагердің ой-өрісінің, мәдени талғам-танымының, дүниеге деген көзқарасының жемісі. Ондағы әр қойылымның ерекшелігі шынайылығында. Кино немесе түрлі сериалдардағыдай кесілетін бөліктері жоқ. Театрдағы әр әртістің мимикасы, рөлді сомдаудағы шеберлігі сол онда кинодағы секілді келесі объектіге секіретін көп камера жоқ. Егер алда жалда бара қалсаңыз куә боласыз. Сіз қарап бақылаған әртістер сомдаған рөлін өз өмірінің дағдысына айналдырғандай. Түрлі жанды аспаптың сүйемелдеуімен бір демде сахналық образдарын сүріндірмей алып шығатын небір әртістерді, үздіктерді танитын мүмкіндік осында. Домбыраның төгілген күйімен төрт аяқтап қатар шауып шарықтау шегіне жете қайырып, баяулаған тұсында күймен селбесе қимыл жасайтын театр шеберлігінің маңында экшн жанрдағы кей фильмдер шаңына ілесе алмай қалады-ау. Бұл көрермен қалаған көзқарасымен, қалаған қимылды бақылап көрер тағылымды өнер.

«Елу жылда – ел жаңа, жүзде – қазан» демеуші ме еді? Дәл осынау өлшем өркөкіректеу де өршіл өмірдің мөр-таңбасындай әсер ететіні бар. Өйткені, өмір бір орында тұрмайды. Дамиды, түрленеді, өзгереді. Өзгерген сайын мазмұн жағынан рухани баю, өмір ағымынан өзімізге керекті негізгі бөліктерін үлгеріп алып қалу – біздің міндет. Осы бір тұста тілімізді, дінімізді, мәдениетімізді дамытудың жолында жергілікті театрлардың қойылымдарын бағыт-бағдар етіп көрсек. Көрем деген жанға түрлі бағыттағы тамаша қойылымдар жоқ емес, күн сайын қойылып жатыр. Сахна бос емес, шымылдық ашулы…

Ал, көрмендер залы ше? Сахна ауасын сағынып, өнерге шөлдейтіндердің саны саусақпен санарлық. Залдың жартысына жуығы амалсыз билет алған мектеп оқушылары мен студенттер. Қала берді директордың бұйрығымен келген ұстаздар. Билет бекерге күйіп кетпесін деген мақсатпен келді ме, жоқ шынайы өнерді тамашалуға келді ме? Көңіліміз дүдәмал. «Театр – мұражай сияқты, біз оған бармаймыз, бірақ оның бар болғанына қарсы емеспіз» дейді атақты актриса Гленда Джексон. Иә, расында солай ғой. «Театр, театр» деп жар салып жатамыз. Бардың ба, қандай қойылымды айта аласың көңіліңнен шыққан дегенде таста шауып тасырқаған қойшы атындай кібіртіктеп күмілжіп қаламыз. Қала берді тұрмыстық мәселелер, күнделікті күйбең тіршілік, күн көріс үшін жанталас. Қара қазан, сары баланың қамы үшін күйбең тірліктің қылышына айналған кейіптеміз. Демалу жоқ бізде. Рухани демалу. Материалдық байлықпен қоса рухани қазына да жинау керек сыңайлы. Ұрпағыңа берер тағылым, айтар ақылыңа айналары айқын ғой. Бүгінгі таңдағы емізігі мен соткасын қатар асынған сәби ертең ел болашағы екенін ерте ойлап соған қарсы тон пішкен жөн-ау. Кәмелетке толып компьютермен дос болған балаңызды неге театрға алып бармасқа? «Адам бүгін театрға ертең адам болып қалу үшін барады» дейді атақты режиссер Робер Лепаж. Күнделікті драма театрларда, опера және балет, жасөспірімдерге арналған театрларда неге баламызбен бірге бой көрсетпеске?..

Біздің ұрпақ саналы да шынайы көріністен тағылым алып, жақсы мен жаман арпалысып жатқан заманның ащы шындығын біліп, ақ пен қараның ара жігін ажырата алатын деңгейге жетсе нұр үстіне нұр емес пе?! «Театрға барсам, ішім пысады» дейді кейбір жан. Бұл – барып қойылым көргеннің сөзі емес, баруға ерінгеннің сөзі. Өмірдің шынайы көрінісі театрда нанбасаңыз қаламыздағы театр маусымы аяқталғанша бір мәрте бас сұғып көріңізші.

Жансая СӘРСЕНБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button