2014 жылы «Мерейлі отбасы» байқауы жарияланған-тын. Содан бері жыл сайын дәстүрге айналып, үзіліссіз өтіп келеді. Ұлттық құндылықтарды жаңғыртуға, отбасы мәртебесін арттыруға бағытталған байқаудың биылғы облыстық кезеңі де өз мәресіне жетті. Аудан, қала деңгейінде өткізілген байқаудан 25 отбасы облыстық кезеңге жолдама алып, бақ сынасқан еді. Қарағандыдағы «Достық үйінде» өткен қорытынды кешке облыс әкімінің орынбасары Ербол ӘЛІҚҰЛОВ қатысып, жеңімпаздарды марапаттады.
Байқаудың ұйымдастырылып келе жатқанына биыл – 8 жыл. Іс-шара барысында Ербол Шымкентбайұлы байқаудың маңыздылығына тоқталып, жиналған қауымға алғысын білдірді. – Сіздермен осындай керемет байқауда жүздескеніме қуаныштымын. Отбасы – мемлекеттің тірегі, берік негізі. Рухани діңгегі. Ол адам баласы үшін қасиетті де қастерлі ұғым. Елге, жерге деген барлық асыл қасиет отбасынан басталады. Халқымызда «Отан – отбасынан басталады» деген аталы сөз бар. Бұл даналықтың астарына үңілсек, баланың бойындағы Отансүйгіштік қасиет ананың сүтімен, әкенің тәлім-тәрбиесінен нәр алады. Мемлекет басшысы «Бақытты әрі берік шаңырақ – еліміздің игілігі мен өркендеуінің кепілі. Мемлекет отбасы институтын қолдап, осы салада кешенді саясат жүргізетін болады» деп атап өткен болатын. Байқаудың сегізінші мәрте өткізілуі Мемлекет басшысының қолдауының нақты көрінісі. «Мерейлі отбасы» деп жай айтыла салған сөз емес. Бұл ананың аялы алақаны, әкенің ыстық мейірімі, туған-туысқаныңның жүрек жылуы. Сондықтан, жақындарымыз аман болсын. Отбасы бірлігі – ер бірлігі, – деді.
Байқау қорытындысы бойынша нұралық «Әлімбаевтар» отбасы І орын иеленіп, республикалық кезеңге жолдама алды. Отағасы Тельман Әлімбаев талай жылдан бері мемлекеттік қызмет атқарған еңбек ардагері. Жары Күлпан анамыз алтын алқа иегері. Балалары Марат пен Қанат – ҚР ішкі істер министрлігінде қызмет атқарады. Адал да мінсіз қызметтері үшін бірінші, екінші, үшінші және «Мінсіз қызметі үшін» медалімен марапатталған. Бүгінде ата-әжеміз 8 бала, 22 немере мен 3 шөбере көріп отырған мерейлі отбасы.
– Әуелі біз байқаудың аудандық кезеңіне қатысып, бас жүлде иелендік. Әрине, бұл біз үшін үлкен мәртебе. Байқаудың шарты бойынша отбасы мүшелері толық қатысуы қажет екен. Бір ауыздан келісіп, қатысуға өтінім бердік. Қазір, міне, облыстық кезеңнің жеңімпаздары атандық. Бұлай «жеңіске жетеміз» деп күтпеп едік. Сәтін салып, қара үздік. Енді алдағы уақытта болатын республикалық кезеңге дайындалып, жүлделі орындардан көрінеміз деген ойдамын, – деді үлкен қыздары Жанна Әлімбаева.
Ал, 4 бала, 10 немере тәрбиелеп отырған ақтоғайлық «Күлшікеновтер» отбасы ІІ орын иеленді. Отағасы Нұрлан Күлшікенов облыс әкімінің «Алтын қобыз» сыйлығының 3 мәрте иегері, әрі, Қазақстанның «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталған. Жары Айгүл де өнер адамы. Облыстық, республикалық байқаулардың лауреаты. Айрандай ұйыған отбасы бүгінде бірлігімен көпке үлгі.
– Бір үйден 10 бала өстік. Бәріміз музыкалық аспаптарда ойнап, ән айтамыз. Бүгінде аудандық «Тоқырауын толқындары» ансамблінің құрамында жұмыс істеп келе жатқаныма 40 жылдан астам уақыт өтті. Қазір өзіміздің отбасылық ансамбліміз бар. Байқауға отбасы мүшелерінің бәрі қатысты. Облыстық байқаудан ІІ орын алу деген – үлкен жетістік. Әрине, жетістікке жетуге әр қайсысының үлесі бар. Біздің мақсат – қазақ өнерін дәріптеу. Ұлттық өнерімізді насихаттап, келешек ұрпаққа жеткізу өзімізге артылған жауапкершілік әрі міндет деп білеміз. Ауызбіршіліктің, осы бір ұстанымымыздың нәтижесінде жеңіске жеттік деп білемін, – деді Нұрлан Күлшікенов. Ал, жүлделі ІІІ орынға сарандық «Костиндер», қарқаралылық «Балықпаевтар» отбасы лайық деп танылды.
«Әлімбаевтар» мен «Күлшікеновтер» отбасына «АрселорМиттал Теміртау» акционерлік қоғамы бүкіл отбасы мүшелеріне 10 күнге санаторийге жолдама, «Костиндер», мен «Балықпаевтар» отбасына ақшалай сыйлық тарту етті. Сондай-ақ, Приозерсктен келген «Қабышевтар» отбасына арнайы сыйлық табысталды.
Ербол ЕРБОЛАТ.
Суреттерді түсірген: А.МАРЧЕНКО