Бас тақырып

ҰБТ: Бақ пен бап сыналар шақ

Әрбір жастың өмірінде сынақтан тұратын кезеңдер болады. Содан сүрінбей өтуге олар бар күш-жігерін салады. Сүрініп кетсе, өмір бітті деген сөз емес. Біз ҰБТ туралы айтпақпыз.

Мектеп бітіріп, студент атанудың алдындағы кезеңді қамтитын ҰБТ-ның маңызы – жоғары оқу орнына түсу ғана. Тестілеуден төмен балл алып, оқуға түспей қалса, баланың психологиялық күйзеліске ұшырап, тіпті, өз-өзіне қол жұмсаған оқиғаларға талай куә болдық. Биыл министрлік осыны ескеріп, ҰБТ-ны екі рет тапсыруға мүмкіндік беріп отыр. Биылғы ҰБТ-ның тиімділігі неде? Облыстық білім басқармасының дерегі бойынша Қарағанды облысы бойынша биыл 8605 оқушы мектеп бітірген. Олардың ішінде «Алтын белгіге» 312 оқушы үміткер. Ал, 495 оқушы үздік аттестатқа ұсынылған.

Қазір ҰБТ өтіп жатыр. 16 мамырда басталып, 5 шілдіге дейін жалғасады. Алайда, «Ұлы бір күндік төңкеріс» есебінде емес. Жарияға жар салғандай да емес. Тестілеуді бірнеше рет тапсырып, дайындықтан өткен оқушылар үшін ҰБТ күнделікті емтихан сияқты болды. Анығын айтқанда, Білім және ғылым министрлігі дәл осылай болғанын қалады. Ал, мұның оқушылардың психологиялық көңіл-күйіне әсері мол.

ҰБТ-ны 17 маусымда тапсырамын. Мен үшін Ұлттық бірыңғай тестілеу – өмірімнің бір кезеңі, тағы бір баспалдағы десе де болады. 11 жыл бойы оқыған орта білімнің бағасын алып, жоғары білімге қадам басатын бағыт. Өмірімнің әр кезеңінен абыроймен өткім келеді. ҰБТ-да қазақ әдебиеті пәнін таңдадым. Болашақта өз саласының мықты маманы болғым келеді, – дейді А.Байтұрсынұлы атындағы мектеп-гимназияның биылғы түлегі Аяулым Ахынбек.

Биылғы ҰБТ-ның ерекшелігі – түлектерге тестілеуді 2 рет тапсыруға мүмкіндік берілуі.

Талапкер осы екі тест нәтижесінің біреуін алып, конкурсқа қатыса алады. Алайда, таңдау пәндерін ауыстыруға болмайды. Осы кезде ескеретін жайт – талап бұзған оқушының нәтижесі бірден жойылады. «Бірінші мүмкіндікте ереже бұзылған жағдайда, тест нәтижелері жойылады және талапкерге екінші мүмкіндік берілмейді. Ал, біріншісінен сәтті өтіп, екінші мүмкіндікте белгілі бір ережелерді бұзса, екеуінің де нәтижесі жойылады және конкурсқа қатыса алмайды. Сондықтан, әрбір талапкерді академиялық адалдықты сақтауға шақырамыз», – деген еді Білім және ғылым министрлігі Жоғары және Жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Әділет Тойбаев.

Биылғы ҰБТ-да Математикалық сауаттылық пен Қазақстан тарихынан берілетін ұпайды азайтып, бейіндік пәндерге басымдық берілді. Мұғалімдердің 11 жыл бойы берген білімі осы ҰБТ-да байқалады. Оқушыға жылына 5 рет тапсыруға мүмкіндік беріледі. Ол өзінің алған білімін одан әрі тереңдетіп, екінші рет тапсыруға үлкен мүмкіндіктің берілуі – қазіргі таңда жаңашыл өзгерістердің бірі болып отыр. Бұл – оқушы мен мұғалімдер үшін тиімді, – дейді Н.Нұрмақов атындағы мамандандырылған мектеп-интернатының көпжылдық тәжірибесі бар қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гүлзира Әкімбекова.

Ұстаздың айтуынша, жаңартылған білім беру бағдарламасы бойынша оқыған балаға ҰБТ-да ескі бағдарлама бойынша сұрақтар келеді екен. «Осы кезде оқушылар мен ата-аналар абдырап қалады. Ал, ата-ана баласы үшін еріксіз репетитор жалдауға тура келеді», – дейді мұғалім.

Расымен де, ҰБТ мен қазіргі білім беру бағдарламасының арасында алшақтық бар екені жасырын емес. Оның үстіне тестілеу кезінде жаңа сұрақтардың қосылатынын да ұмытпау қажет. Кейбір оқушылардың төмен балл алатыны осыдан.

Алайда, көпшіліктің айтатыны – ізденгіш оқушы қай сынақтан да сүрінбей өтеді. Ал, сүріне қалса, бұл сынақтың өткінші екенін, өмірде басқа да құндылықтар бар екенін білуі тиіс дейді психолог мамандар.

– ҰБТ – жас түлек үшін маңызды қадамдардың бірі. Кез келген адамның өмірінде белестер болады. Соның әрбірінде үрей мен қорқыныш жүреді. Дайындық жақсы болса да, қобалжымаудың басты амалы – көңіл аулайтын басқа жұмыстармен айналысу қажет. Адам әрекет жасаса, қорқынышы сейіледі, эмоциясы шығады. ҰБТ-ға бара жатқан кезде балаға «ең бастысы – бізге өзің маңыздысың» деп айту керек. Баланың алдына өмірде таңдаудың бірнеше варианттарын ұсыну керек. Оларды кінәлап сөйлеудің қажеті жоқ. Қазіргі балалар өте нәзік келеді. Сондықтан, оларға психологиялық қолдау әрқашан қажет. Жауапкершілігін мойындауы керек, министрліктің өзі ҰБТ-ны екі рет тапсыруға мүмкіндік берді. Бұл да балалардың психологиялық күйзеліске ұшырауын азайтады. Бала өмірдің басқа құндылықтары бар екенін түсінуі, білуі керек, – деп кеңес береді Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің психология кафедрасының оқытушысы Гауһар Капашева.

Ұлттық бірыңғай тестілеу – әрбір жастың өміріндегі сынақ дедік. Осы сынақтан сүрінбей өткенін тілейміз. Сәттілік, жас түлек!

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ.

Басқа материалдар

Back to top button