Қарағандының қос мәселесі – жол мен тіл

Облыстың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Қарағанды қаласының әкімі Ермағанбет БӨЛЕКПАЕВПЕН брифинг өтті. Брифинг аясында қаланың әлеуметтік экономикалық дамуы туралы сөз қозғалып, жол мәселесіндегі жұрт базынасына кеңінен тоқталды.

Қала бойынша 5 айдың даму қорытындысын назарға ұсынамыз. Жалпылай алсақ, негізгі индикаторлар дамудың оң динамикасына ие. Атап айтқанда, өнеркәсіп бойынша 283 млрд. теңге игерілді. Бұл – өткен жылға қарағанда 27 пайызға артық.

Алдағы жылға дейін 650 млрд. теңгені толықтай игеруді жоспарлап отырмыз.

Сондай-ақ, «YDD Corporation» ЖШС №4 пеші, «Борусан Макина Қазақстан» ЖШС жаңа сервистік орталығы, «Қазкарбон» ЖШС, «Нәтиже Тәтті» ЖШС кондитерлік зауыты іске қосылады деп жоспарлануда. Осыған орай, негізгі капиталды инвестициялау 219 млрд. теңге сомасына артуы тиіс.

Сонымен қатар, сауда және қызмет көрсету саласында 10 млрд. теңгеден астам сомаға 741 жұмыс орны құрылып, 100 жаңа нысан ашылады. Олар – «Технодом» СҮ, «Корзина» СҮ, «ММ» супермаркет, – деді Ермағанбет Қабдулаұлы.

Есептен бөлек басқосуға қатысып отырған журналистер тарапынан сұрақтар да қойылды. Ондағы өзекті мәселенің бірі, қала жолына қатысты көп сұрақ.

Жол мәселесі жел тұрса қоздай беретін қорда секілді бұл күнде. Көптің пікіріне сүйенсек, жол жасалуда, ақша бөлінуде, тек атқарылған жұмыста жүйе жоқтың қасы. Жол жөндейміз деп ескі жолды қопарып қойып апталап, айлап жүретін жауапты мамандардың жауапсыздығы һәм шешім сұрай барғанға құрғақ сөзді құмырадағы балдай қылып беретіндігі елді әуреге салды. Бір ғана Космановтар көшесінің әуресі көлік тізгіндегенді зар илетіп, запыран құстырады. Жаяу жүргіншілер де жаңбыр жауса, шағымын жасап, шара қабылдауын сұрайды биліктен.

Біздің қала тұрғындары жол десе төбе шаштары тікірейіп, негативті пікірін дайындап тұрады. Дегенмен, әр істің парқына бара білген абзал. Жол жөнделмей жатқан жоқ. Қазіргі таңда біз Ресейден жол жөндейтін қоспалар тасылмалдамаймыз. Осының салдарынан жылдап жөнделген жолдар сын көтермей жатады. Бұқар жырау даңғылының жолы жасалғанына біршама уақыт өтсе де сапасы өте жақсы. Неге десеңіздер, ол жолдың құрамында ресейлік қоспа бар. Қазіргі таңда Әлихан Бөкейхан ауданының К.Маркс күре жолына жарықтар орнатылып, тратуарлар салынып жатыр. Ал, «Восток 3» ықшам ауданындағы жол жақын уақытта қолданысқа беріледі, – деді қала әкімі.

Сонымен қатар, тіл мәселесі де қозғалмай кетпеді. Түрлі жиындар өтеді қалада. Соның көбі 5 минуттық мемлекеттік тілде амандасумен өтіп, ар жағы орыс тіліне ауысады.

Тіл мәселесі бұл үнемі болып тұрады. Десек те, бұл көпұшты әрі өте өзекті мәселе болғандықтан бір жақты жауап аздық етеді. Соның бірі біз көпұлтты мемлекет болғандықтан арамызда өзге ұлттан әріптестеріміз болады. Елдің барлығына бірдей түсінікті болуы үшін мәжбүрлі түрде жиналысты орыс тілінде өткіземіз. Ал, жеке өзіме келер болсақ, мен өз қызметімде толыққанды қазақ тілін қолданамын, – деді Ермағанбет Қабдулаұлы.

Қозғалған қос мәселенің де салмағы ауыр. Бұл бір брифингтің аясында шешіле қалатын мәселе емес. Бұған дейін де қозғалмай жүрген жоқ. Алайда, қала басшысы алдағы уақытта толық шешілетініне сендірді.

Жансая СӘРСЕНБАЙҰЛЫ.