Covid-19Коронавирус

Пандемия: болжам көп, жауап жоқ

Коронавирус инфекциясының пандемиясы үшінші жылға кетті. Ол қашан аяқталады? Әрі қарай не болады? Ғалымдар мен дәрігерлердің жауап нұсқалары әртүрлі. Төртінші екпенің қажеттілігін айтқандар, індетті «омикронмен» аяқталады дегендер, шектеулерден шаршағандар. Пікір көп, болжам жетеді, бірақ, нақты жауап жоқ. Алдағы уақытта жағдайдың қалай өзгеретінін не бірде-бір ғалым, не сарапшы, не болмаса саясаткер тап басып айта алмайды.

Былтыр атақты медициналық Lancet журналына мақала шығыпты. Онда Еуропаның жетекші деген ғалымдары, дәрігерлері «Covid-19 пандемиясы қалай өзгереді?» деген сұраққа жауап іздейді. Еуропалық сарапшылар пандемияның аяқталуы-аяқталмауы негізгі үш факторға байланысты деп келтіреді. Әуелгісі, әлемнің барлық елдерін вакцинамен мейлінше жылдам әрі толықтай қамту. Екіншіден, коронавирустың қалай мутацияға ұшырап, өзгеретіні маңызды фактор саналады. Үшіншісі, адамдардың, оның ішінде, вакцинация алғаны бар, алмағаны бар, қажетті шектеу шараларын қаншалықты сақтауына байланысты.

Аталған үш фактор негізінде пандемияның аяқталуы туралы төрт түрлі болжам айтылды.

Бірінші болжам – коронавирусты толықтай жою. Яғни, бірінші болжам бойынша адам баласы коронавиусты жер бетінен біржолата құртады. Жарты ғасыр бұрын шешекті жойғаны сияқты коронавирусты да жою мүмкіндігі айтылды. Алайда, ол үшін тұрақты әрі берік иммунитет керек. Ал, коронавирустың өзгеретінін ескерсек, ауруды қайтадан жұқтырмайтындай, оған қоса инфекцияны таратпайтындай иммунитетке қол жеткізу мүмкін емес сияқты.

Екінші болжамды ғалымдар оған қарағанда шынайылау деп есептейді. Нақты бір елде Covid-19-дан құтылу болжамы жаппай вакцинация мен қатаң шектеулер арқылы жүзеге асады. Бұл болжамға қызылшаны мысал етеді ғалымдар. Бала кезде екпе алу арқылы қызылшаның таралуын бақылауға болады. Коронавирусқа қатысты айтсақ, Аустралия, Вьетнам, Қытай, Жаңа Зеландия, Сингапур сияқты елдерді мысалға келтіруге болады. Біршама уақытқа болса да олар коронавирусты тізгіндей алды. Бірақ, эпидемияны бақылауға алу үшін екпені үнемі жаңартып отыру қажет болады.

Үшінші болжам – вируспен өмір сүру. Бұл жерде ғалымдар қазір қолданылатын вакциналар әрі қарай да аурудың ауыр түрі мен өлім-жітімнен қорғайтынын есепке алады. Вакцина алғандар көп болса, вирус сондай қауіпті болмайды. Covid-19 маусымдық тұмау сияқты көрініс береді. Әрине, иммунитеті әлсіреген кезде немесе вирустың жаңа мутациясы пайда болғанда екпе алғандар да ауырады. Дегенмен, дәрігерлердің пірікінше, халықтың көп бөлігі вакцинацияның арқасында вирустан қорғалады. Бұл бір мезетте індеттің жаппай асқынуы, денсаулық сақтау жүйесіне түсетін жүктемедан сақтайды.

Төртінші болжам – қорқыныштысы. Жер шары тұрғындарының көп бөлігі вакцинация алмаса, індеттің жаппай таралуы, мутациясынан қашып құтылу мүмкін емес.

Бұл болжамдарды келтіріп отырған ғалымдар негізінен үшіншісіне ден қояды. Халықтың басым бөлігі екпе алса, коронавирус пандемия болудан қалады. Адамдар жұқтырады, ауырады, иммунитетін көтереді, солай өмір сүре береді. Қазір АҚШ-та, Еуропаның бірқатар елдер імен Ресейде індет жұқтырғандар азайып келеді. Жалпы, қазір коронавирус жұқтырғанның өзінде, алғашқы кездегідей қорқу, дүрлігу байқалмайды. «Омикрон» штамм коронавирустың алдыңғы нұсқаларына қарағанда жұқпалы болуы да оның қауіп тудыратын «мүмкіндіктерін» азайтты. Бірақ, мұның артында не тұрғанын ешкім білмейді. Жаңа түрі шығады ма әлде «дельта» қайта басымдыққа ие болады ма? Бірақ, ештеңеге қарамастан қауіпсіздік үшін қажетті шаралар қабылдануы керек. Вакцинацияға қолжетімділік пен эпидемиологиялық ахуалға байланысты шектеулер және сақтық шаралары қай уақытта да маңызды болып қала береді. Бір анығы, коронавирусқа қарсы екпелер аурудың ауыр түрлерінен қорғай алады.

Жансая ОМАРБЕК. 

Басқа материалдар

Back to top button