Даму жолындағы Ұлытау

Ұлытау ауданының экономикасы – ауыл шаруашылық бағытында дамыған. Былтырғы жаз маусымы ұлытаулық шаруалар үшін қолайсыздық тудырғаны бәріне мәлім. Қуаңшылық салдарынан шөп сирек өсіп, егін өнім бермеді. Оның үстіне алапат өрт қосылып, фермерлерді әбігерге салғаны және бар. Осындай қиыншылықтар орын алғанда аудан басшылығы шаруа иелеріне резервте тұрған жердегі шөпті шабуға рұқсат берген-тін. Жаңа Қазақстанның дамуы аясында ауданның әлеуметтік-экономикалық даму барысы, шаруаларды қолдау шаралары, құрылыс жұмыстары туралы аудан басшысы Советбек МЕДЕБАЕВ өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте кеңінен айтты.

Ауданда 1338 шаруа қожалығы болса, оның 38-і егін, қалғаны мал шаруашылығымен айналысады. Былтыр ауданда мал шаруашылығы өнімдерінің көлемі артты. Ірі қара мал саны – 2,1 пайызға, жылқы – 3,2 пайызға, қой мен ешкі – 0,8 пайызға, құс 1,3%-ға өсті. Төрт түлік мал 235 800 басты құрап, 2020 жылмен салыстырғанда 8 пайызға көтерілген.

– Аудандық жалпы ішкі өнімнің 73%-ы осы салаға тиесілі. 2021 жылдың өзінде ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 28 млрд. 895,8 млн. теңге болды. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда бірнеше есе артық. Бұл көрсеткішке 2017- 2021 жылдар аралығында агроөнеркәсіптік кешенді дамыту мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында көрсетілген мемлекеттік қолдаулар нәтижесінде қол жеткіздік, – деді Советбек Тұрсынұлы.

2020 жылы ауданда құрылыс қарқыны әлдеқайда артқан. Қолда бар деректерге сүйенсек, жалпы жұмыс құны 3 млрд. 499,9 млн. теңгеге түскен. Алайда, былтыр құрылыс жұмыстары 1 млрд. 096,2 млн. теңгеге салыныпты. Әрине, алдыңғы жылмен салыстырғанда – екі есе төмен көрсеткіш. Сонымен қатар, ауданда құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілмеген. Бұған себеп, «Сарыарқа» газ құбырының тартылуында. 2019-2020 жылдары газ құбыры аудан аумағы арқылы өтетін болғандықтан, барлық күш сонда жұмылдырылыпты. Былтыр Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында көпбалалы отбасына арналған 3 қабатты 24 пәтерлік тұрғын үй пайдалануға берілген болатын. Алайда, түрлі себептермен 17 отбасы пәтер алудан бас тартқан-тын. Бұл жөнінде аудан әкімі:

– Былтыр мердігер салған 3 қабатты 24 пәтерлік үйді 334 млн. теңгеге сатып алдық. Оны біз кезекте тұрған 38 көпбалалы ананың 24-іне салтанатты түрде тапсырған едік. Көбі «үйді бізге тегін береді» деп ойлайды. Негізі, халыққа 2 категорияда үй беріледі. Біріншісі кредитпен, екіншісі жалға берілетін үйлер. Ал, біздің алған үйіміз – жалға берілетін үй. Жалға беру құны – 14 500 теңге. Үйді газбен жылытатын болғандықтан, айлық төлемі 25-30 мың аралығында шығады. Сондай себептермен бірнеше отбасы кілттерін қайта тапсырды. Бірақ, бүгінгі таңда берілген 24 пәтердің 12-сінде көпбалалы аналар тұрып жатыр, – деді.

Былтырғы деректерге сүйенсек, пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы ауданы 13 162 шаршы метр. Өткен жылмен салыстырғанда әлдеқайда өскені байқалады. Бүгінгі таңда екі қабатты 8 пәтерлі екі тұрғын үй, екі қабатты 16 пәтерлі екі тұрғын үй құрылысының жобасы әзірленуде. Былтыр құрылыс компанияларынан 48 пәтер алдын ала сатып алынған. Құрылыс біткенде сол пәтерді мұқтаж жандарға тегін үлестіруді жоспарлап отыр.

– 2022 жылға экономикалық өсу көрсеткіштерін арттыру жоспарлануда. Өнеркәсіп өнімінің көлемін – 4,7%-ға, ауыл шаруашылығы өнімін – 6,5%-ға, құрылыс жұмыстарын – 3,4%-ға ұлғайтуға және пайдалануға берілетін тұрғын үйдің санын арттыру жоспарда бар. Өнеркәсіптік кәсіпорындардың бюджеттік инвестициялары мен жеке инвестициялар көлемінің төмендеуінің салдарынан негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 70%-ға төмендеді. Биыл Президентіміз қабылдаған «Жаңа Қазақстан» атты стратегиялық реформасын іске асыру шеңберінде аудан басшылығы жергілікті атқарушы органдармен және ауылдық, кенттік округ әкімдіктерімен бірлесе елді мекендердің экономикалық белсенділігін арттыру, инвестициялық жобаларды іске асыру арқылы жаңа өнеркәсіптік және шағын, орта бизнес нысандарын ашу жолымен жаңа жұмыс орындарын құру, аса маңызды әлеуметтік міндеттерді шешуге бағытталған жұмыстарды жүргізуді жоспарлауда, – деді аудан басшысы.

Аудан бойынша былтыр COVID-19 індетімен 264 адам ауырған. Оның 3-і қайтыс болған. Биыл жыл басынан бері 25 адам тіркеліп отыр. Ұлытау ауданы бойынша коронавирус инфекциясына қарсы екпе алу жұмыстарын жүргізу мақсатында кент, ауылдық округте 16 медицина бөлімшелері жұмыс атқаруда. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының жоспары бойынша 8367 адамға екпе салу көзделген. Бәрі жоспармен орындалып жатыр. Алдағы уақытта 1643 адамды ревакцинациялау жоспарда бар. Қазіргі уақытта оның – 1236-ы вакцина алған.

Ербол ЕРБОЛАТ.