Тілдің жайын тілге тиек еткенде…
ӘЛЕМ ЖАҢА КҮЙГЕ ЕНГЕНДЕ БІЛІМГЕ ҚАЛАЙША ӨЗГЕРІС ЕНБЕЙДІ ДЕРСІЗ. РАС, ҚАЗІРГІ ЗАМАН БАЛАСЫНЫҢ ОЙ ЖҮЙЕСІ БАСҚА. ДЕГЕНМЕН, БІЛІМГЕ ЖАҢАШЫЛДЫҚ ЕНГІЗГЕНДЕ ӨТКЕННЕН ҚОЛ ҮЗІП АЛМАСАҚ, ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫМЫЗДАН АДА БОЛМАСАҚ ЕТТІ.
Қазір жаза білмейтін сауатсыз ұрпақ өсіп келе жатқандай шошисың. Себебі, мектеп мұғалімдері оқушыларға эссе жаздырса, сол эссенің жартысы шимай-шатпақ болатынын айтады. Қаланың балалары өзінің ана тілінде, қазақша жазғанда орыс тілінің тікелей аудармасымен жазатынын білесіз бе? Себебі, олар сөйлем құрылымының стильдік ережесін біле бермейді. Ал, мектептегі білімді жаңартқанда грамматиканы оқытпай, алып тастағаны – екібастан белгілі. Осыдан кейін қазақ тілінің заңдылығы тек филологтарға ғана керек пе деген заңды сұрақ туындайды. Барлық білімнің басы – тілден басталады. Болашақ маман өз саласын жетік білуі үшін де, оны жеткізуі үшін де тіл керек. Бүкіл сала осыдан өсіп-өнетіні рас. Ертең-ақ, ой-санасы орысша жетілген білікті маман болған қазақ баласы өз сөзін қазақшаға аударып жүрмесе екен деп уайымдаймыз. Сәтті аударма болса жақсы, сәтсіз аудармаға халық қаныға алмас. Ал, енді ұлттық құндылықтарға қайта оралайық. Біз қазір жаһандану үдерісі дейміз. Жаһандық көшке ілесу – өз алдына бір әңгіме. Біз тек сол процестің білім саласына да жұғысқанын атайық. Қазір техникалық оқуға басым көңіл бөліну керектігі айтылып жүр. Бұл да әлемдік деңгейге шығумен пара-пар. Шындығында, техника – адамзаттың игілігі үшін жасалып жатқан дүние. Дегенмен, техниканың тілін тапқан адам оны қазақша түсіндіруге тілі жетпейді. Осыдан шығатын ой – бүкіл ғылым саласын ұлттық құндылықтармен, қазақы ұғыммен үйлестіре отырып, әңгімелеп, жаза білсе, түсіндіре алса, нұр үстіне нұр болар еді ғой. Өткен ғасырда Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейханұлы бастаған алыптар бүкіл ғылым саласын қазақша сөйлетіп, қазақы ұғымға сай өлшеммен оқулық жазып шығарды емес пе?…
Ал, қазір тілдің жайы мектептерден-ақ осындай көрініске ие. Ұлтқа қызмет ететін, ұлтын жалпақ жұртқа танытатын азаматтар алдымен ұлт тілін жетік меңгеруі тиіс. Сондықтан да, техниканың өзін қазақша сөйлетуге қауқары болуы қажет. Жапон халқы өзін әлемге техникасымен қалай танытса, ұлтының тілін де солай танытты.
Бірді айтып, бірге кеткен шығармыз-ау. Бірақ, әр қазаққа жаны ашитын жанның күйіп-пісетіні – ұлттық тілдің жайы. Техника, техника дейміз. Ал, ұлттық тіл соның тасасында қалып қоймаса екен. Себебі – техниканың қай тілде сөйлейтінін өзіңіз білесіз…
Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ.