Университеттегі оң бастама – нәтижелі
Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінде былтырдан бері қолға алынған ауқымды шаралар өз мәресіне жетіп, нәтижелі аяқталды.
Университет бастамасымен ғылым саласына түрен салар тың дүниелер жасалды. Аталған білім ордасының ректоры Нұрлан ДУЛАТБЕКОВТІҢ басшылығымен жүзеге асқан бұл жұмыстар келешекте өз өміршеңдігін жоғалтпай, ұрпаққа мұра болып қалады деп айтуға болады.
10 ақпан күні университетішілік бөлінген грант негізінде қолға алынған ауқымды 3 жоба бойынша атқарылған бірқатар жұмыстардың есебі тыңдалып, биылға бөлінген 12 грант иегері атанған ғалымдарға ақшалай сертификат табысталды. Сондай-ақ, биыл А.БАЙТҰРСЫНҰЛЫНЫҢ 150 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған әлеуметтік жоба таныстырылып, Майқұдық көшелерінің біріне ұлт ұстазының есімін беру туралы ұсыныс та айтылды. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті ғалымдарының қоғамдық маңыздылығы бар, инновацияның жоғары дәрежеге ие, жаңалығы мен өзектілігі бар неғұрлым перспективалы ғылыми зерттеу жұмыстарын қолдау мақсатында 2021 жылдың қаңтар айында ректордың бұйрығымен қаражат бөлініп, университеттің үш гранты берілген. Бірінші жоба – «Қасымтану мәселелері». Бұл жобаның жетекшісі қазақ әдебиеті кафедрасының профессоры Жансая Жарылғапов. Екіншісі орыс тілі және әдебиеті кафедрасының доценті Айнаш Мустояпова жетекшілік еткен «1931-1933 жылдары Орталық Қазақстандағы ашаршылық: себептері мен салдары (мұрағаттар материалдары мен естеліктер бойынша)» атты жоба. Ал, соңғысы Алтынай Шакированың жетекшілігіндегі «9-сыныпқа арналған «Адам. Қоғам. Құқық» оқулығын әзірлеу» жобасы қолға алынған.
Алғашқы жоба бойынша жетекші Жансая Жанғазыұлы 1 жыл мерзімге созылған бұл жобаға 10 млн теңге қаражат бөлінгенін атап өтті.
– Жобаның мақсаты – қазақ әдебиетінің классик ақыны Қасым Аманжоловтың әдеби мұрасын зерттеу және насихаттау. 30-жылдардағы репрессиядан кейінгі қазақ әдебиетінде қауіпті вакуум пайда болды. Содан кейінгі қазақ әдебиеті классикалық дәстүрден адасып қалды деуге болады. Осы бір вакуумды Қасым Аманжолов толтырмаса, кейінгі Мұқағали, Төлеген Айбергенов, Қадыр Мырзалиев пен Жұмекендер де шықпас еді.
Қасымның өзі де 50-жылдардағы қудалауға ұшырады. Оның өлеңдерін кітап қылып шығарар кезде көптеген текстологиялық қателер кетті. Міне, осы мәселелерді қарастыру басты бағытымыз болды, – дейді Жансая Жарылғапов.
Зерттеушілік топтың мүшелері ретінде университеттен 4 ғалым, тәуелсіз журналист ретінде Ермек Балташұлы, астаналық ғалымдар, «Тіл – қазына» орталығының атқарушы директоры Ербол Тілешов және қаламыздағы ғылыми кітапхананың қызметкерлері атсалысқан.
Тағы бір маңыздысы – университет Қасым Аманжоловтың өмірі мен шығармашылығына арналған 2 томдық жинақ және ақынның библиографиялық көрсеткіш кітабы жарық көрді.
2 томдық жинақ шыққаннан кейін, ол кітап 2 млн 285 мың теңгеге сатылды. Осылайша, кітапқа кеткен шығынның орны толтырылған.
Профессор Ж.Жарылғаповтың басшылығымен «Қасымтану мәселелері» жобасы бойынша мынадай жұмыстар атқарылған: Shin республикалық телеарнасына, «Хабар» телеарнасына Қ.Аманжоловтың шығармашылығына байланысты сұхбат ұйымдастырылды. Алматы қаласындағы Ұлттық кітапханадан, Қазақстан Жазушылар одағынан, Ұлттық Ғылым Академиясы М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтынан Қасым Аманжолов мұрасына қатысты тың, ғылыми айналымға түскен материалдар жинастырылды. Сондай-ақ, ақынның қыздары Жанна және Дариға апайлармен кездесіп, ақын туралы библиографиялық еңбекті тарту еткенін айтты.
Бұл материалдардың барлығы Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің кітапханасына тапсырылып, кітаптардың сканер-нұсқаулары әзірленген. Оларды БАҚ-та насихаттау мақсатында республикалық «Қазақ әдебиеті», «Егемен Қазақстан» газеттеріне мақалалар жазылған.
Қасым өмірінің жалынды жастық шағы өткен Орал қаласына да ат басын бұрып, сол жақтан біраз жұмыстарды тындырып келгенін айта келіп, Қасым Аманжолов тұрған үйді музейге айналдыру жөнінде ұсыныс білдіргенін атап өтті.
– Университетішілік грант болған соң, бұл қашанда университеттің мүддесін де, имиджін де қоса арқалап жүруі керек. Әр аймақты аралағанда университеттің де беделін қоса айта жүреміз.
Бұл жобаға бөлінген қаражаттан артылған 4 млн 20 мың теңгені университетке қайтадан қайтарып бердік. Бізде қосымша қызметкерлерді есептегенде 9 зерттеушілік топ болды. Жалпы, жоба бойынша осыншама жұмыс атқарылды. Енді талдап-таразылау сіздердің еншілеріңізде. Жоба өзінің мақсатына жетті деп ойлаймын, – деді Жансая Жанғазыұлы.
Екінші жоба бойынша доцент Айнаш Мустояпова «Ашаршылық» тақырыбы бойынша материалдар жинау, зерттеп-зерделеу жұмыстары өз мәресіне жетіп, табысты аяқталғанын атап өтті. Ректор Н.Дулатбековтың бастамасымен қолға алынған бұл жобаға барлығы 4 млн-нан астам теңге қаржы бөлінген.
«1931-1933 жылдары Орталық Қазақстандағы ашаршылық: себептері мен салдары (мұрағат материалдары мен естеліктер бойынша)» атты жобаға Қарағанды облысының мемлекеттік мұрағатындағы құжаттар мен Орталық мұрағат материалдарының құжаттық ҚР мемлекеттік архиві, ҚР Президенті Архиві, бірқатар облыстық мұрағаттардан материалдар жинақталып алынған. Сондай-ақ, жоба жетекшісі орталық Қазақстан даласындағы ашаршылық жөнінде Қарағанды, Семей, Ұлытау, Нұра, Осакаров, Шет т.б. аудан-аймақтардан, бүгінде көзі тірі үлкен кісілерімен әңгімелесіп, біраз деректер тапқанын айтты. Сондай-ақ, 1920-1930 жылдары Орталық Қазақстанда болған оқиғалар және 1931-1933 жылдардағы аштықтан тірі қалған отбасылардың тарихын жинақтау – жобаның басты мақсат-міндеті болған. Осы тақырыпта көркем шығарма жазған жазушылар Жанболат Башар, Кәмел Жүністегінің еңбектері де пайдаланылған. Нәтижесінде тақырыпқа қатысты 90 архивтік құжат пен 100 материалдық бірлік қамтылған 460 беттен тұратын кітап жарыққа шыққан.
Ал, үшінші жоба университет есебінен 3 млн теңгеге қаржыландырылған. Алтынай Шакирова жетекшілік еткен бұл жұмыс бойынша 9-сыныпқа арналған «Құқық негіздері» атты оқулық шығарылған. Бұл мектеп оқушыларына арналғаннан кейін, оның педагогикалық, тәжірибелік, заңдық нормалары да ескерілгенін атап өтті. Осы оқулық қазақ және орыс тілінде жарық көрген. Мұнда нормативтік құқықтық актілердің өзгермелі жүйесіне баса көңіл бөлінген. Кітапты шығарар алдында Қарағанды облысы аймақтық департаменті бойынша «Оқулық» орталығына және Алматы қаласына іс-сапармен барған. Кітаптың бұған дейінгі авторы Алуа Ибраевамен кездесіп, оқулық шығаруда оның ақыл-кеңесі ескерілгенін айтты жоба жетекшісі Алтынай Шакирова.
Осы жиында былтыр қараша айында бастау алған 2022 жылғы ғылыми-зерттеу жұмыстарына арналған жоғарғы оқу орны ішілік гранттық байқаудың жеңімпаздарына ақшалай сертификат табысталды. Бөлінген барлық 12 грантқа 47,1 млн.тг қаржы жұмсалған. Ал, гранттың мерзімі осы жылдың 1-ші ақпанынан бастап, 31-ші желтоқсанға дейін жалғасады.
Жоба аясында әртүрлі тақырып бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстары қолға алынады. Университет ғалымдары кіріскен бұл жұмыс биыл да өз нәтижесін береді деген сенімдеміз.
Ал жас ғалымдарға арналған «Ғылымдағы жаңа есім» байқауына 4 млн. теңгені құрайтын 6 грант бөлінген. Оның қорытындысы жуық арада шығарылады.
Қарағанды университеті биыл ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына орай қолға алынған қоғамдық-әлеуметтік жобасымен таныстырды. Алдағы уақыттарда қаламыздың ең көрнекті жерлеріне ұлы ұстаздың нақыл сөздері жазылған 10 билборд ілінеді. Бұл – білім ордасының екінші рет ұйымдастырып отырған жобасы. Былтыр университет жасаған Қасым Аманжоловтың билборды көзіңізге түскен болар. Сол дәстүр биыл да жалғасын таппақ.
Жиын соңында Қарағанды университетінің ректоры Нұрлан Дулатбеков ұлт ұстазының мерейтойына орай Майқұдық кентіндегі Карл Маркс көшесіне Ахмет Байтұрсынұлының есімін беру туралы ұсыныс айтты. Расында да, Әлихан Бөкейханов ауданында Ахмет Байтұрсынұлы көшесі болса, қандай ғанибет! Не десек те, бір кездері Қарағанды аймағында ұлт ұстазының да ізі қалды ғой. Кейінгі ұрпақ осылайша ұлт ұлыларын ұлықтаса оның рухы да биіктей бермек. Нұрлан Орынбасарұлы барша оқытушы, профессорлар, зиялы қауым өкілдерінің мақұлдауымен бұл ұсынысты облыс басшыларына жеткізетінін айтты. Ал, біз игілікті іс қолдау табады деген үміттеміз.
Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ.