Жаңалықтар

Темір тордағы тіршілік

Долинка кентіне келе жатырмыз. Мақсатымыз АК-159/7 түрмесінің тыныс-тіршілігімен танысу. Облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаменті өздері ұсыныс айтып, ашықтық танытпаққа ниет білдірген. Рас, түрме десе жанымыз түршігеді. Оның үстіне бірден көз алдымызға келетін көрініс: лас камера, суық бетон, ұзақ мерзімге отырғандардың өзгелерге қысымы, орган қызметкерлерінің қатыгездігі. Біз түрме табалдырығын имене аттадық.

Әңгімені тереңнен тарқатсақ, АК-159/7 мекемесінің тарихы 1940 жылдың қыркүйегінен басталады. Бір жыл ішінде Ұлы Отан соғысы жылдарында майдан үшін миналар, снарядтар және басқа да жабдықтар дайындаған цехтар салынып, қабырғалары тұрғызылды. Сол кезде бұл «Қарлагтың» учаскесі болды. 1959 жылдың 1 тамызында КСРО ІІМ бұйрығымен ол металл өңдеу өндірісінің ерекшелігі бар қатаң режимдегі түзеу-еңбек колониясы болып өзгертілді. Қазір Қарағанды облысы бойынша ҚАЖД АК-159/7 мекемесі – ауыр және аса ауыр қылмыс бойынша жазасын өтейтін ең жоғары қауіпсіздік мекемесінде (бұрын қатаң режим болған) 800-ге жуық жазасын өтеушілер бар. Негізі – 850 орындық. Мекемеде екі аймақ: өндірістік және тұрғын үй аймағы бар. Өнеркәсіпте 300-ден аса адам жұмыс істеп жатыр. Тегін емес. Жалақысын алады.

Колонияда сотталғандар жасаққа бөлінеді. Бір жасақта – 70-80 адамнан. Бос уақытында теледидар қарап, шахмат, дойбы ойнайды. Айтпақшы, ойын тақтасын өздері жасаған.

Ас үй жиһаздары да өз қолдарынан шыққан. Үйлерінен келген сәлемдемені осында сақтайды.

Бөлменің әр бұрышында камера орнатылған. Төсектері тап-таза. Киімдері де жинақы етіп бүктелген. Тура әскердегідей. Біз кіріп келгенде 5-6 адам ұйықтап жатыр екен. Түнде кезекшілікте болыпты.

Психологпен кеңесетін шағын бөлме. Мекемеде 3 психолог бар. Кезек-кезек сотталғандардың моралдық жағдайын бақылауда ұстайды. Мекеме қабырғасына келген күннен бастап, шыққанға дейін олармен тығыз жұмыс жүргізіледі екен.

Далаға шықтық. Бір жасақ құрамы моншаға бара жатыр. Айтпақшы, мұнда бір жасақтан екінші жасаққа өтуге рұқсат жоқ. Тәртіп сондай. Тіпті, екі қабатты ғимаратта тұратын екі отрядтың кіріп-шығатын есіктері екі бөлек.

Мәдени шаралар өтетін Мәдениет үйіне бас сұқтық. Біз кірсек, мектеп ұстаздары келіп, жазасын өтеушілермен оқыған кітаптарын талқылап жатыр екен. Мәдениет үйінің бұрышында орналасқан шағын кітапхананы көзіміз шалды. Жазасын өтеуші Валерий Арсаев кітапхана меңгерушісі екен.

«Мен 297-бап бойынша сотталдым. Осы мекемеде 2015 жылдан бері жазамды өтеудемін. Өзім Ақтас кентінің тумасымын. Әркімнің өмірі әртүрлі. Тасты лақтырған соң жинап алуға да уақыт бар. Сабақ болды. Өмірге деген көзқарасым өзгерді. Бұдан былай бәрі жақсы болады деп үміттенемін. Мені есірткі таратқаным үшін соттады. Қатемді ешкім қайталамасын деп тілеймін. Есірткіні 2-3 жыл қолдандым. 12 жылға сотталдым. Отбасым келіп тұрады. Бастысы, олар менен бас тартқан жоқ,» – дейді кітапханашы кейіпкеріміз.

300-ге жуық адамда оқырман билеті бар. Кітап оқушылар оқыған шығармасын өзара талқылайды. Шыңғыс Айтматовты, Ғабит Мүсіреповті, шетелдік көркем шығармаларды, Достоевский, Толстой, Жюль Верн секілді қаламгерлердің кітаптарын көп оқиды дейді.

Сондай-ақ, мұндағы медициналық бөлімнің де әлеуеті зор. Ем-дом қабылдау үшін барлық қолайлы жағдай жасалған. Түрмедегілер толық вакцина алыпты.

Теологиялық оңалту жұмыстарын ұйымдастыру кабинетіне кіріп қалсақ, имам дәріс жүргізіп жатыр екен. Мұнда уағыз-насихат жүргізіліп, құран оқылады. Діни сауатын арттырады.

Асханаға да бас сұқтық. Жазасын өтеушілер кезегімен келіп, асын алып, үстелге жайғасуда. Оларға асты үлестіріп берушілер де – осы жерде қамауда отырғандар.

«Ас мәзірімізде екі бірінші және екі екінші тамақ бар. Сонымен қатар, сырқаты бар сотталғандарға диеталық, бөлек 8 норма тамағы қосылады. Олар қалауынша тамақ таңдайды. Мысалға, қазір түскі асқа ет, қарақұмықпен сорпа, көкөніс рагуы, күріш ботқасы бар. Таңғы асқа ботқаның түрлері, сүт, нан, сүзбе беріледі. Кешкі асқа алма, шырын, ботқа, сосын ет қосылған ыстық тағам бар», – дейді асхана меңгерушісі Светлана Гончарева.

Өндіріс аймағына туннель арқылы өттік. Мұнда нан, сүт өнімінен бастап, үйге қажетті құрал-саймандар, құрылыс заттарына (кірпіштің түр-түрі) дейін әзірленеді. 300-ге жуық адамның еңбек етенінін жоғарыда айтып өткенбіз.

Жұмысшылардың жалақысы да мардымды. Ал, тапсырыс көлемі ұлғайса, айлық ақысы да артады. Айтуынша, наубайханада дайындаған нанды дүкен сөрелерінен таба алмайсыз. Таза көмірге пісірілгендіктен, дәмі тіл үйіреді.

«Төсек орындары, шкафтар, тумбочкалар, үстелдер, киім ілгіштер және тағы басқаларды тапсырыс арқылы әзірлейміз. Жұмысшылар аптасына 6 күн жұмыс істейді. Түскі асқа уақыт беріледі. 17.30-да жұмысқа шығатындар түнгі кезекке қалады. Жұмыстарына аса жауапкершілікпен қарайды. Тек денсаулығы келмейтін сотталғандар ғана жұмыс істемейді. Қалғаны жұмыс істейді», – дейді өндіріс аймағының бастығы Әсет Шекербекұлы.

Мекемеде сондай-ақ сотталғандардың кәсіби-техникалық білім алуы да қарастырылған. Электр жабдықтарын жөндеу және қызмет көрсету жөніндегі электр монтері, автослесарь, токарь, газ-электр дәнекерлеуші, слесарь-жөндеуші, сылақшы-сырлаушы, аспаз, слесарь-сантехник, өңдеу, құрылыс жұмыстарының шебері секілді мамандықтар бойынша білім береді. Бұл да тегін.

Біз байқаған түрмедегі тіршілік – осы. Темір тордың ар жағында қаншама тағдырдың, бізге беймәлім өмір мен заңдылықтың бары анық. Еңсем еңкіш шықты. Бостандыққа не жетсін…

Қасымхан ҒАЛЫМ. 

Суреттерді түсірген Р. ҚАЛИ.

Басқа материалдар

Back to top button