Жаңалықтар

ШЕГІРТКЕ ОСАЛ ЖАУ ЕМЕС Инспекция зиянкесті жою жолдарын пысықтады

Шегіртке осал жау емес. Үйірге біріксе, жолындағы қылтанақ біткенді жайпап түсіретін зиянкес. Бастысы – әуелгіде жеке-дара күн кешетін бұл жәндіктердің күшін біріктірмеу, бас көтеруіне мұрша бермеу. Агроөнеркәсіп кешеніндегі қауіпсіздікке жауап беретін мамандардың да қарап жүрмегені белгілі. Биыл облыс көлемінде шегіртке үйірі байқалған 26 мың гектар жерге дәрі себілмек. Бұл жұмысқа жеңіл ұшақтар да тартылып отыр.

Сайын даладағы көрікті көрме

Президент Қасым-жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында «Ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес. Бұл салада шешімін таппай келе жатқан өзекті мәселелер бар» деді. Әрине, өзге мәселелермен қатар егістік алқаптарды, жем-шөп қорын зиянкестерден, көлденең кеселден қорғау мәселесі де өткір тұрғаны белгілі. Бүгінде бұл бағытта толыққанды бетбұрыс қолға алынып, екпінді іс-шаралар жүзеге асуда. Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті Қарағанды облыстық аумақтық инспекциясының ұйымдастыруымен Жаңаарқа ауданында өткен облыстық семинарда осы тақырып кеңінен талқыланды. Аймақтың әр өңірінен жиналған инспекторлар аса қауіпті үйірлі шегірткеге, карантиндік арамшөптерге қарсы химиялық күрес шаралары, зерттеу жұмыстары туралы тәжірибелерімен бөлісіп, жаңашыл технологиялармен танысты.

Семинар күнұзаққа жалғасты. Алғашқы бөлігінде шегірткенің көзін құртуға арналған техника таныстырылды. Яғни, қатысушылар ел аузынан естіген жаңашыл техниканы көзбен көріп, қолмен ұстай алды. Айта кетелік, инспекция тарапынан мұндай семинар тұңғыш рет ұйымдастырылып тұр.

Жоғарыда айтқанымыздай, биыл 26 мың гектар жер химиялық өңдеуден өтеді. Бұл – шегірткені ауыздықтау мақсатында жасалып отырған шара. Оқырманға, түсінікті болуы үшін айта кетсек, шегіртке үш мәртебеде өмір сүреді. Дара, көшпелі және үйірлі. Дарасы – жалғыз жүреді. Төндірер қаупі жоқ. Көшпелісі атында тұрғандай көшіп жүргенімен алысқа бармайды. Мұның да қаупі шамалы. Ең зияндысы – үйірлі. Дарасы да, көшпелісі де уақыт өте келе үйірге бірігуі мүмкін. Бір күнде жүздеген шақырымды ұшып өте алатын бұл шегірткелер – өсімдік атаулының қас жауы.

Улау жұмыстары әуеден де, жерден де жүргізіледі. Бұл мақсатта «АгроСЛА» және «Таштенбаева» серіктестіктерімен келісім жасалыпты. «АгроСЛА» әуеден дәрі сепсе, «Таштенбаева» «УАЗ» көліктерінің қорабына орнатылған қондырғылар арқылы шашады. Қарағанды облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Жасұлан Ешмұханов ұшақ арқасында қысқа уақытта көлемді жерді өңдеп шығуға болатынын айтады.

– Жыл басында фитосанитариялық жұмыстар жоспары түзілді. Кезең-кезеңімен тиісті жұмыстар жүргізілуде. Қазір – шегірткені химиялық улау шаралары басталатын уақыт. Биыл 26 мың гектар өңделеді. Ал, Жаңаарқа ауданында 10 мың гектар алқап дәріленеді. Былтыр мұнда 3 мың гектарда жұмыс жүргізілді. Биыл қажеттілікке байланысты ұлғайып отыр. Бізге «АгроСЛА» ұшағы көмектеседі. Бұл ұшақтың дәрі себу ені бір ұшып өткенде 100 метрді қамтуға қауқарлы, – деді Жасұлан Ерболатұлы.

«АгроСЛА» облыс бойынша 12 мың гектарды дәрілемек. Ал, Жаңаарқа ауданында 4 мың гектар ұшақтың күшімен өңделеді.

Көрмеде ұшақ пен «УАЗ» арнайы техникаларымен қатар, химиялық өңдеу жұмыстарына бейімделген трактор, зиянкестердің толық сипаттамасы, күресу жолдары келтірілген стендтер көпшілік назарына ұсынылды. Инспекция мамандары әр стендтің жанында келушілерге толыққанды ақпарат берді.

Келелі мәселе қаралған кеңес

Даладағы көрме аудан әкімдігі ғимаратындағы жиынмен жалғасты. Жиында қазіргі таңда өткір тұрған мәселелер, алдағы уақытта жасалуы тиіс жұмыстар талқыға түсті.

– Үйірлі шегіртке – отандық ауыл шаруашылығы саласына аса қауіпті зиянкес. Биылғы жылы болжам бойынша үйірлі шегірткенің таралу алаңы 26 мың гектарды қамтиды деп болжануда. Сапалы және уақытылы өндеу жұмыстарын жүргізу – біздің маңызды міндеттердің бірі. Сол себептен, бүгін үйірлі шегірткемен күресті күшейту және ауыл шаруашылығы дақылдары егістіктерін қорғау мақсатында тиісті шешімдерді қабылдауымыз қажет, – деді жиынды ашқан инспекция басшысы Жасұлан Ешмұханов. Сондай-ақ, Жаңаарқа ауданы әкімінің орынбасары Ғазиз Төлеуов семинар жұмысына сәттілік тілеп, аталған іс-шараның ауданның ауыл шаруашылығы саласы үшін маңызын атап өтті.

Облыс аумағында жүргізілген зерттеу жұмыстары бойынша «Фитосанитарлық диагностика және болжаудың республикалық әдістемелік орталығы» РММ Қарағанды облыстық филиалының басшысы Қайрат Мұхамеджанов баяндама жасады.

– Морфометриялық өлшемдер көрсеткіштеріне сүйенсек, Жаңаарқа және Қарқаралы аудандарда шегірткенің үйірлі түрі басым болып тұр. Жаңаарқа ауданында – 60%, Қарқаралы ауданында – 55%. Ақтоғай, Ұлытау, Шет аудандарында дара және көшпелі түрі басым шықты. Қауіпті саналатын итальян шегірткесіне жасалған зерттеулер бұл түрдің әр 10-12 жыл сайын таралуы жоғары деңгейде болатынын көрсетті. Шет ауданындағы Кеншоқы селолық округінде, Ақтоғай ауданындағы Қызыларай селолық округінде, Қарқаралы ауданындағы Жамбыл селолық округінде 2010 жылы шегіртке көбеюі тіркелгенін ескерсек, биыл да аталған жерлерде итальян шегірткесінің көбею қаупі бар екенін ескереміз, – деді Қайрат Хасенұлы.

Шегіртке жыл сайын бірінші болып Жаңаарқа, Ұлытау аудандарында бой көрсетеді екен. Бұл туралы АШМ АӨК МИК Қарағанды облыстық аумақтық инспекциясының өсімдіктерді қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекциясы бөлімінің басшысы Қанат Ахатов айтты.

– Жыл сайын итальяндық прус оңтүстік аудандарда – Жаңаарқа, Ұлытау аудандарында жер бетіне бірінші болып шығады. Қазіргі уақытта аудандық инспекция мамандары ішінара зерттеу жұмыстарын бастады. Үйірлі шегірткенің соңғы жиырма жылдағы талдау нәтижесі итальяндық прус 2000, 2011, 2016 жылдары үлкен экономикалық зиян келтіргені анықталды. Нақты айтқанда, аталған зиянкес 2000 жылы – 688 300 гектарға, 2011 жылы – 133 590 гектарға және 2015 жылы 300 410 гектарға тараған. Ал, 2015 жылдан бастап сатылап төмендегені байқалып, былтыр 11 730 гектарды құрады. Биылғы болжам бойынша зиянкестің таралуы 26 000 гектарды қамтымақ. Яғни, өткен жылмен салыстырғанда 110 пайызға артты, – деді Қанат Ізтөлеуұлы.

Сонымен қатар, жиында АШМ АӨК МИК Қарағанды облыстық аумақтық инспекциясының өсімдіктер карантині және фитосанитариялық бақылау бекеттері жөніндегі мемлекеттік инспекция бөлім басшысының міндетін атқарушы Ершат Баядилов, АШМ АӨК МИК Жаңаарқа аудандық аумақтық инспекциясының басшысы Есбол Сыздықов және тағы басқа бірнеше маман зиянкестерді жою, карантин сақтау талаптарындағы мәселелер бойынша сөз қозғады. Қатысушылар өздерін толғандырған сауалдарды ортаға салып, тиісінше жауап алды.

Ал, жиынды қорытындылаған Жасұлан Ерболатұлы бұл деңгейдегі семинар-кеңестер жыл сайын өткізілетінін ерекше айтып өтті.

Нұрқанат ҚАНАПИЯ.

Суреттерді түсірген автор.

Басқа материалдар

Back to top button