Ғарыш кемесінің есігі
Оны музейге «ВПК НПО машиностроения» АҚ Жезқазған өкілдігінің басшысы Сергей ШИЯНОВ тапсырған. 2015 жылы 2 қыркүйекте қазақтың үшінші ғарышкері, Халық қаһарманы Айдын Айымбетов екінші бортинженер ретінде «ЭП-18» саяхаты аясында «Союз ТМА-18М» ғарыш кемесімен Байқоңыр ғарыш айлағынан Халықаралық ғарыш станциясына аттанды. Ғарыш сапарында отандас қолданған әр зат немесе мінген ғарыш кемесінің бөлшегі біз үшін бағалы.
Мұндай құнды жәдігердің ғарыш айлағы атанған Жезқазған музейінде сақталуы орынды. Оның тарихына тоқталсақ, 2016 жылы 14 қазанда Жезқазған тарихи-археологиялық музейінің көрме залында Қазақстан Тәуелсіздігіне – 25, қазақтың тұңғыш ғарышкері Т.Әубәкіровтің ғарышқа ұшқан сапарына – 25, Ю.Гагариннің ғарышқа тұңғыш сапарына – 55 жыл толуы аясында ұйымдастырылған ғарыш тарихына арналған залдың ашылуы рәсімінде музей қоры ғарыш тарихына арналған бірқатар жаңа жәдігермен толықты. Соның бірі – осы «Союз ТМА-18М» ғарыш кемесінің есігі.
Ғарыш тарихы залында, сондай-ақ Сергей Шиянов тапсырған ғарышта тұтынатын тағам түрі, Ю.Гагарин атындағы ғарышкерлер даярлайтын Орталықтың басқарма бастығы В.Корзун әкелген ғарышкердің жаттығу костюмі, суреттері, Жезқазған қаласының Құрметті азаматы Дмитрий Грудейдің жеке коллекциясынан алынған 84 сурет, 27 медальон, 69 кітап, ғарышкер Олег Макаровтың жаттығу костюмі, 1460 төсбелгі, 62 кәдесый, 76 минерал, ұзын-ырғасы 1800-дей жәдігер бар.
Еркебұлан КАМАЛИЕВ,
тарихи-археологиялық музейдің аға ғылыми қызметкері.