Брифинг

Тасқынға тосқауыл тастүйін

Көктемге де аяқ бастық. Күн тәртібінде тұрған мәселе – су тасқыны. Әзірлік қалай? Қандай шаралар қолға алынып жатыр? Қарағанды облысының өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында көктемгі су тасқынына дайындық мәселесі сөз болды. Жиында облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Мұрат ҚАТПАНОВ, «Қазгидрометтің» Қарағанды облыстық филиалы гидрология бөлімінің басшысы Ілияс СЕЙІТҚАЛИЕВ бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне жан-жақты мағлұмат берді.

Сала басшыларының айтуынша, облыста гидрометеорологиялық жағдай тұрақты, ауа райы қолайлы, өзендер қысқы режимде, судың төмен деңгейі байқалады. Шағын өзендерде ағын жоқ және мұз қатып жатыр. Ал, космомониторинг деректеріне сүйенсек, облыс аумағының 90 пайызында қар жатыр. Аймақтың солтүстік-шығыс және оңтүстік шекараларында қар еруде.
Қазгидромет деректері бойынша Нұра, Шерубай-Нұра, Сарысу, Кеңгір, Тоқырауын өзендерінің бассейніндегі ылғал қорының көлемі орташа көп жылдық мәннен 25-45% – ға төмен. Көктемгі су тасқыны ағынының алдын ала күтілетін көлемі өткен жылғы көрсеткіштен төмен. 21-25 ақпан аралығында Нұра және Шерубай-Нұра өзендерінің жоғарғы ағысында қар өлшеу бағыты бойынша екінші айналма жол өткізілді. Нақты қорытындысы алдағы уақытта жарияланады. Облыстың өзендеріндегі мұздың қалыңдығы орта есеппен 10-27 см, максималды 40 см-ге дейін.
– Су тасқынына әзірлік жұмыстары облыс әкімі бекіткен халықты, аумақты және шаруашылық жүргізуші субъектілерді тасқын сулардан қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес жүргізілуде. Су тасқыны қаупі бар 158 елді мекен ерекше бақылауға алынды. Халық үшін ТЖ қаупі және туындауы кезіндегі іс-қимылдар бойынша арнайы ұсынымдар әзірленді. 7 мыңнан астам адамды қамти отырып, халықпен 96 жиын өткізілді. Тұрғындарға 5 мыңнан астам жадынама таратылды. Облыс телеарналары бойынша су тасқыны кезеңінде ТЖ алдын алу мәселелері бойынша эфирге 14 хабар шықты, басылымдарда 15 материал жарияланды. Сондай-ақ, 1 наурызда облыстың елді мекендерінде республикалық құлақтандыру жүйесіне тексеру жүргізілді.

152 елді мекенде 726 жергілікті құлақтандыру жүйесі орнатылған, оның ішінде 88 елді мекенде су басу қаупі бар, – дейді департамент басшысы Мұрат Қайсенұлы.
Су басу қаупі бар өңірлерде халық эвакуацияланатын 253 пункт дайындалып, оның бағыттары жаңартылыпты. Қалалар мен аудандарда материалдық-техникалық және қаржылық құралдардың қажетті қоры бар екенін айтады мамандар.

Автомобиль және темір жолдарда қауіпті учаскелер де басты бақылауда. 1209 су өткізу құбыры мен 136 көпір толық тазартылыпты. Сондай-ақ, ұзындығы 8,9 шақырым 7 канал және ұзындығы 7,1 шақырым 6 арық тазартылды, ұзындығы 5,1 шақырым су бұрғыш траншеяларға кесу жүргізілді.

Ал, «Қазгидрометтің» облыстық филиалы гидрология бөлімінің басшысы Ілияс Өмірсерікұлының айтуынша, наурыз айының алғашқы онкүндігінде ауа-райы салқын болады. 25 градус аязға дейін барады. Екінші онкүндігінде біртіндеп жылынады. Орта есеппен түнде 2-7 градус салқын, күндіз 9-14 градусқа жылы болады. Наурыз айының соңғы күндері күн айтарлықтай жылынады деп күтілуде. Жалпы, түнде салқын, күндіз жылы болса қолайлы екенін айтады. 20-28 ақпан күндері жүргізілген қарды барлау жұмыстарының нәтижесінде қардың 20 пайызға азайғаны байқалады.
Облыс бойынша барлығы 174 практикалық іс-шара жоспарланған. (Қорғаныс біліктерін нығайту, қар шығару, каналдарды, арықтарды, су өткізу құбырларын тазалау, орларды кесу және тағы басқа). Қысқасы, су тасқынына тосқауыл тас-түйін дайын дейді.

Қасымхан ҒАЛЫМ. 

Басқа материалдар

Back to top button