Жаңалықтар

Такси тізгіндеген тілші

Астымдағы «Аққасқамды» (көлігімді солай атаймын) автожуу орталығынан алып шығып, «Gasenergy» жанармай бекетіне беттеп барамын. Бүгін бізді үлкен жұмыс күтіп тұр. Таксист боламыз. «Такси аламыз, такси аламыз» деп емес, «Indriver» қосымшасы арқылы. Өйткені, қазір «питактың» күні өтіп, телефондағы түрлі такси қызметінің дәуірі дүбірлеген. Қарағандыдағы белгілі «Яндекс такси», «Taxi region» сынды таксопарктерді таңдамағанымыздың себебі – оларға тіркелу артық уақытты алады, көп жұмысты талап етеді. Әлем бойынша 100 миллион адам қолданатын «Indriver-ге» тіркелдік. «Бісмілллә» деп. Мақсатымыз таксист кейпіне еніп, елмен етене әңгімелесу еді…

Қазақ тілі ЖОҚ…

Көлігімді майлап-сулап алған соң, әлгі қосымшаға кірдім. Өзімше ойлаған едім: «бәрі лезде ғой» деп. Құжаттарымды түгендеп алып, тіркей бастадым. Әуелі жеке куәлігімді, жүргізуші куәлігімді және көлік құжатын суретке түсіріп алып, жүктедім. Одан соң көлікті де шырт еткізіп, онлайн-тіркелімнің шешімін күттім. Қайта-қайта телміремін телефоныма. «Мұнысын білгенде күні бұрын тіркелу керек еді» деп отырмын. Алтын уақытым-ай, ә? Қаланы екі-үш айналып, бес-алты мың теңге жасап алатын едім ендігі. «Таксист үшін маңыздысы да осы – уақыт па?» дедім. Тексерістің ұзаққа созылатын түрі бар.

«Indriver» қосымшасы біздің елде кеңінен тараса да, әлі мемлекеттік тілге мұрнын шүйіріп келеді. Тіл таңдау тізімінде қазақ тілі жоқ, сол қапа қылды. Әйтпесе, такси қызметінің түрлі нұсқасы бар (қалааралық және қалаішілік такси, жеткізу, жүк тасымалдау) бұл қосымшаны қазақстандықтардың дені қолданады. Артықшылығы сол, таксистке бағаңызды өзіңіз ұсынасыз. Дәстүрлі такси қызметіне қарағанда, ақшаңызды 30-50%-ға дейін үнемдейсіз. Ұтымдысы осы.

Бәсекелестіктің бәсін қыздырған таксидің бұл қызметі дәстүрлі таксистердің ашуына тиген-тін. Алғаш Қарағандыға ене бастағанда да, жолаушыларға таласып, талай жаға жыртысқанын да білеміз жүргізушілердің. Әлеуметтік желіден.

…Төрт сағаттан соң барып, әлгі онлайн-тіркелімнен хат келді. Келісім беріпті. Одан кейін видеодан қалай қолдану керектігін толық түсіндіреді. Соған мұқият назар аударып алдым да, алғашқы жолаушымды іздей бастадым. А-а-а-а, айтпақшы, индрайвердегі жеке шотыма ақша аударуды ұмытып барамын. Онсыз аттап баса алмайды екенмін. «Kaspi.kz-тен» теңгерімімді толтырып алдым. Әзірге 500 теңге салдым. Орындаған әр тапсырысымның 2,5 пайызын комиссияға ұстау үшін ғой. Былайша айтқанда, «индрайвердің» салығы.

Салон саясат алаңына айналды

Алғашқы жолаушымды «45-ші орам» аядамасынан алдым…

– Аман ба, балам? Бізді Степной-1, 5-ші үйге жеткізіп сала ғой.

– Әрине, аға. Әңгіме айтсаңыз, лезде жетеміз.

– Әңгіме сол, қалаға келгеніме 3 жыл болды. «Қазақмыста» қызмет етеміз көз ашқалы. Отбасымызбен өндіріс саласындамыз. Тәубе!

– Тамаша ғой, айлықтарыңызды өсірген шығар?..

– Айлық 30 пайызға өсті, сосын жыл сайын ем-домға 500 мың теңге қарастырып жатыр. Бір жақсысы, мұның игілігін отбасы мүшелері толық көре алады. Қаңтар оқиғасынан соң ғой. Жақында Ақтөбеге барып келдім жаназаға. Ақтаулық жолдасым айтады: «бізде газ бағасы – 45 теңгеге, нан – 75, ал, бензин 158 теңгеге дейін арзандады. Ал, сендерде газды 75 теңгеге, бензинді 182 теңгеге ғана төмендетіпті» деп…

Әлгі ағамды мекенжайына жеткізген соң, қызметімді әрі жалғадым. Индрайвер сізге жақын маңайдағы тапсырысты көрсетеді. Сонысы да жақсы. «Политех» жаққа қарай жолаушы тұр. Шамасы студент болса керек. Ұсынып тұрған бағасы арзандау. Ал, барар жер әжептәуір қашық. Студентпен де аз-кем әңгімелесейік дедік.

– Жұмыс қарап жүрмін. Әйтпесе, отыз мың теңге шәкіртақым жетпейді. Бір жерге күзетші болсам да, жүріс-тұрысыма, киім-кешегіме ақша тапсам деймін. Қаңтар оқиғасынан соң, шәкіртақыны да көтереді деп жатыр ғой. Жақсы болар еді…

– Оқу қалай, қиын ба?

– Оқысаң оңай. Өзіміз ғой қиындататын. Бірақ, біз де сессияны ақшамен шешу жоқ екен. Әйтпесе, елді жемқорлық жайлап тұр ғой…

Базар маңайынан бір апаны алдым. Апам да саясатты соқты. Ұрда-жық кісі. Бәлен жыл саудамен айналысып келеді екен.

– Бізге бағаны өсірмеңдер дейді. Әуелі тыйатын болса, делдалдарды, содан соң жалға беретін нысан иелерін тыйсын. Біздің қосатынымыз тиын ғана. Әлдері бізге ғана келеді. Бізді өзіміз өндіріп, өзіміз сатып жатқандай көреді-ау деймін. Қызық осылар, – деді де бұртиған қалпы қабағын бір ашпады үйіне дейін. Шамасы, бүгінгі табысы көңілін көншітпеген-ау…

Қаңтар оқиғасы, билік, нарық – бәрі де сөз болды. Көліктің ішкі салоны саясат алаңына айналып үлгерді…

Түнде түрлі адам кезігеді

Қас қарайды. Бұқар жырау даңғылындағы көлік кептелісі де азайған. «Kaspi.kz» қосымшамдағы табысыма қарап, марқайып қоямын. Тәубе, 4 мың теңге. Кофе ішіп, көңіл бөліп, бөгеле тұрайын. Әйтпесе, әрлі-берлі жүре беру басқаларын білмеймін, өзімнің жүйкеме әсер ете бастады.

Кешкілік такси қызметіне жүгінушілер азаяды екен. Жұмыстан үйіне қайтатындар жетіп алғаннан соң шығар, бәлки. Енді, қонаққа, отырысқа баратындары болмаса. Иә, жастардың жортатын уақыты-ау…

Айтқандай, үш қазақ жігіті мінді. Жастары 25-30 шамасында. Құрылысшылар көшесінен алдым. Бірақ, әлгі жігіттердің аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығуда. Бір-бірін келемеждеп, жастарына жарасымды қылық көрсетіп отырған жоқ. Сап-сау. Тек, балағат сөздері берекемді алды. Сырттан тіпті, ерсі көрінеді екен. Майқұдықтағы Loto-клубтың біріне түсіріп кеттім. Түсіргенше де асық болдым. Таксистерге төзім керек екен…

Жолаушы Юлия ханыммен емен-жарқын әңгімелесе кеттік. Ол кісіні Майқұдықтан алып, қалаға жеткізіп салдым. Құрбысының туған күніне бара жатыр екен.

– Қазақшаңыз қалай?

– Казакша тусинемин. Но, разговоривать не умею, – деп жымияды.

– Қазақ жігітіне шығар ма едіңіз тұрмысқа?

– Да, конечно. Если, я полюблю его то готова ко всему ради него.

– Тогда, дождитесь ақбоз атты ханзаданы.

Күлім қағады. Әңгімеміз осы жерден үзілді. Жүргізушімін ғой. Мазасын алмайын…

Екі жігітті Майқұдықтың түбіне апарып тастау керек болды. Неге екенін, әлгі екеуінің жүрісі суыт сезілді. Үндемейді де. Бірі – қазақ, екіншісі – орыс. Және де екеуі артқы салонға жайғасты. Келе жатырмын. Ептеп күмәнім де бар. Өйткені, бірден «бізде тұтас 10 000 теңге» деді. Ал, үйіне тақалып қалғанда каспий нөмірімді сұрады. Өздері шатысып отыр сөздерінен. Айнаға қарасам, көздері шаршаңқы және қызарып тұр. Бірден түсіне қойдым. Ал, егер алда-жалда айқаса кетсем, қорғанар түгім де жоқ. Не болса да, бара көрейік дедім. Келіп тоқтадық. Қазақ жігіт қасындағысын жұмсап жіберді үйге. «Мен күте тұрамын. Алып шық ақшаны» деп. Мен де айнаға көз салып, қамданып отырмын. 10 минуттан аса уақыт өтті. Ал, әлгім бір көзін жұмып, бір көзін ашып ұйқысырағансып отыр.

– Бауырым, досың бөгелді ғой. Сен демала бер, ертең аударарсың ақшасын, – дедім бір уақытта.

Соны күтіп отыр екен. Қуана кетті. Мен ақырын кері бұрылдым да, әлгі жігіттің ізіне түстім. Ол мен әкелген үйге кірмеді. Айлаға басып, басқа көрші үйдің ауласына түсіп қалмақшы болыпты. Көлігімнің жарығын жақтым да, тұра кеп қудым. Көлігімнен түстім де: «бауырым, мұның орынсыз қылық. Кісі ақысын жеу – жақсы нәрсе емес» дедім де тарта жөнелдім. Бар болғаны – басын изеп қалды.

Бәсе, қазір көп таксист жолақысын алдын-ала төлеуді өтінеді. Оған көліксіз жүрген өткен екі айда көзім жетті. Және таксист болу үшін – өжеттіліктің қажет екенін ұқтық. Өйткені, түнде түрлі адам кезігеді. Барынша сақтықты қажет етеді.

Тапқаныма қанағат

Сонымен, қалтама қарап қояйын. Табысым – 9 800 теңге. Бағана 4 мың теңгеге бензин құйып алған едім. Сонда 6 мың теңгедей тауыппын. Алғашқы күнге жаман емес сияқты. «Жұмыстан соң, екінші кәсіпке айналдырса қалай болар екен?» деген ой да қылаң бергені жасырын емес.

Жалпы, қызықты екен. Үнемі ел тасумен боласың. Әңгімелесің. Пікір алмасасың. Және табысы да жаман емес екен. Көлігі барлар үшін мүмкіндік боп тұр. Бензиніңді, сайманыңды осымен де айырып жүруге болатын сияқты. «Аспаннан ақша түс» деп күтіп жатқаннан гөрі.

Таныстарымның көбі кешкілік таксист болады. Өзінің жұмысындағы айлығынан көп табыс табатындары да бар. Ал, бел шеше кіріскендер айына 300-500 мың теңгеге дейін пайда көреді екен.

Естеріңізде болар, төтенше жағдай жарияланғанда қоғамдық көлік, теміржол және әуе қатынасы біраз уақытқа дейін өз жұмысын тоқтатқан еді. Міне, сол сәтте «көлігі барлардың» дәуірі басталды. Жұмыстан қысқарғандар не көлік алып, не бар көлігін мініп, таксилетуге көшті. Бұл әдіс көптің қолайына да сай келді. Өйткені, қала арасында жүретін өзге көлік құралы жоқ, бағаны да өздігінше бекіте алды.

Сонымен, қазір «Indriver-ден» бөлек, «Яндек стакси», «Бауырсақ», «Taxi region» сынды такси парктерінің дәуірі жүріп-ақ тұр. Айтпақшы, күніне 10-12 мың теңгеге көлікті жалға алып, таксилететін жүргізушілер де баршылық. Олар таңнан кешке дейін, үздіксіз тер төгіп, табыс табады. Бала-шағасын сонымен асырайды. Жаны сірі деген осы-ау. Иә, еңбексіз ештеңе келмейді де, өңбейді де…

Жақында ғана дүниеден өткен журналистиканың жампозы Нұртілеу Иманғалиұлы тоқсаныншы жылдардың орта тұсында телевизиядан көрінбей кетіпті. Тоқырау кезеңінде бала-шағасының қамы үшін таксист те болыпты.

Ал, елдің жүрегінде қалған Бейсен Құранбек (марқұм) алты күн журналист болып қызмет етсе, жетінші күні көлігімен көшедегі жолаушыларды діттеген жеріне тегін жеткізіп салатын көрінеді. Осыны дәстүрге айналдырып алыпты. Алатын ақысы – елдің ақ батасы.

Және де фейсбуктан журналист Серік Абас-шах ағаның таксист туралы жазбаларын жиі оқып тұрамын. Елордадағы таксистермен әңгімесін жиі жариялап тұрады. Ал, қарағандылық блогер Айсұлтан Жақып та таксист болып, ондағы қызықтарын, әңгімелерін жиі жазуда. Жалпы, қызықты тақырып.

…Біз де тілшілік қызметті бір күнге доғара тұрып, таксиді тізгіндедік. Күнделікті болмаса да аракідік шығып тұрса, екінші жұмыс қарастырып та керек емес сияқты…

«Үйге қайтам, сағындым мен, береке толы үй ішін». Радиодан осы ән жолдары сайрап жатты.

Қасымхан ҒАЛЫМ. 

Басқа материалдар

Back to top button