Руханият

ӨМІР мен ӨРКЕНИЕТ немесе жазушының жан түпкірі

Мұқым қазақ болмаса да, тамам Арқа жүздескендей болды. Қарағанды, Жезқазған, Ұлытау, Шет, Ағадыр, тағы басқа аудандардан оқырман, қаламгері бар 400-ден астам қатысушы қазақтың қабырғалы жазушысы Өмір КӘРІПТІҢ 80 жас мерейтойына арналған «Жазушының жарқын әлемі» атты әдеби-танымдық онлайн кездесудің куәгеріне айналды. ZOOM платформасында өткен онлайн дидарласуды Жазушылар одағының облыстық филиалы мен Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана ұйымдастырды. Ағадыр кентіндегі бір топ оқырмандар мен Өмір Кәріптей көрнекті жазушыны бастап сөйлетіп отырған модератор – ақынжазушы, «Қасым» журналының бас редакторы Серік САҒЫНТАЙ болса, Қарағандыдағы жүргізуші-модератор – жазушы Алмаз МЫРЗАХМЕТ.

Облыстық әмбебап ғылыми кітапхананың директоры Дина Аманжолованың аз-кем сөзінен кейін филология ғылымдарының докторы, профессор Жансая Жарылғап жазушы шығармашылығы туралы кеңінен толғап, баяндама жасады. «Әдеби процесте айрықша орны бар Өмір Кәріпұлының шығармашылығына байланысты сын жазылған жоқ деуге болмайды. Баспасөз беттерінде әредік түрлі пікірлер айтылып келеді. Дегенмен, Өмір ағаның әдеби келбетін, шығармашылық болмысы мен портретін сомдап шыққан танымдық мақалалар болмаса, ғылыми еңбектер әдеби теориялық өңдеуге түсе қойған жоқ. Бұл да біздің бір үлкен кемшілігіміз. Арнайы бір зерттеуші соңынан түсіп, әдеби теориялық талдау жасап, жазушының стильдік, көркемдік эстетикалық мазмұнын ашатын еңбектер керек-ақ.

Өмір Кәріп – ауыл өмірінің жыршысы. Сондықтан, шығармаларының этнопоэтикасы әдебиеттанушылық пікірдің негізгі өзегі болуға тиіс. Бұл өріс Бейімбет әңгімелерінің басты стильдік тұрғысы болатын. Яғни, дала стихиясы, дала романтикасын өзек еткен жазушы міндетті түрде прозадағы лиризмге барады. Лириканың элементтерін қолдана отырып, проза жазуға болатынын дәлелдейді. Қыр өмірін, оның адамдарын түрлі ракурста, түрлі ситуацияда алып қарайтын этнографиялық стиль Бейімбеттен кейін Ғабит Мүсірепов әңгімелерінде жалғасын тауып, 70-80 жылдары Сайын Мұратбеков, Тынымбай Нұрмағанбетовтің шығармашылығында көрініс беріп, Өмір Кәріп прозасымен үлкен ағымға айналып, толықты. Бұл қаламгерлер өз кезеңінің көлеңкелі жақтарын ашу үшін кейіпкерлерін күрес үстінде, саяси майдан алаңында бейнелеуден гөрі, олардың жеке басының шырғалаңдары мен психологиялық қабылдауларын жеке аңсарлары арқылы, яғни, өмір прозаларын тілге тиек етуді қолайлы көрді. Өмір ағамыз қарапайым ауыл адамдарының тіршілігін бейнелей отырып, өркениеттік үрдістер әлі бүлдіріп үлгермеген табиғи қасиеттер мен мінездерді танытуды мақсат етті. Өркениеттік үрдістерді қабылдамау, қала тірлігінен рухани ортасы бұзылмаған ауылға, аралға, далаға қашу, өндірістің механикалық күштері адамның табиғи қасиеттерін тұншықтырады деп есептеу – кезінде әлемдік әдебиетте айрықша әдістердің бірі болған натурализмнің концепциясына сәйкеседі. Оқырман талғамын ескеріп, өмірдің жеке кесінділерін дәл бейнелеуде шағын шығармаларды қолайлы көрді. Өмірдің жеке көріністерін суреттеуде құбылыстардың нақтылығын, көркем шығарма тілін тым күрделендірмей, сол шақтағы нормаларды ескеруге қатты көңіл бөлді. Әрине қарапайымдылығын қарабайырлық деп түсінбесек керек. Автор дәлдік арқылы қыр адамының психологиясын барынша дәл беруге тырысады, үнемі. Мысалы, шағын ғана «Айтөбел хан-Гүлзейнеп» әңгімесін алайық. Ауылдағы бір отбасының күнделікті тірлігі бейнеленеді. Онда адамның ең бір шынайы мінездерін көрсетуге тырысады. Әңгімедегі мына бір диалогқа көңіл бөлейік: «Аманбысың, ей, қатын?» – деді оған Ботпай өзімсініп. «Амандығың өзіңе» деп Күлшетай қайырып тастады. Баққан сыйырың тамбайтын тандыр боп кетті мүлде, өзіңше?». «Өзімді көріп тұрсың ғой, әйбатпын». «Ә, онда баяғыны еске түсіріп көрсек?». «Әдірем қал-ау!». Күлшетай ернін шүйірді. «Алдыңдағы малыңды жөндеп бағып алсаңшы, одан да».

Бұл диалогты неге келтіріп отырмыз? Автор тұрмыстық лексиканы көп өңдей бермейді. Ол не үшін керек? Бұл қыр адамының образын дәл жеткізу үшін керек. Бұл баяғыдағы Майлиннің стилі. Биағаңның «Талақ» әңгімесінде осыған ұқсас диалогтар бар. Бұлар әдебиетте натуралистік образдарды сомдау үшін керек болды. Бұрын натурализм теріс, лайсаң ағым есептелетін. Шындығында, натурализм – ғажап көркем туындылар тудыратын әдіс. Жазушы жеңіл юмор туғызу үшін отбасы, ошақ қасындағы әрекеттердің қалпын бұзбай, дайын күйінде алады. Суреткер дайын материалдарды ала отырып, оларды өз саласына жүйелеп, шығарма құрылымына бағындырады» – деп бір қайырған Жансая Жанғазыұлы жазушы шығармашылығының басқа да қырларына тоқталды. Мерейтой иесі ғалымға алғысын жеткізді.

Жазушылар арасынан сөйлеген Төкен Әлжантегі Өмір Кәріпті қазақтың классик жазушысы деп білетінін айтып, Ақтау орта мектебінде ең алғаш балалар айтысын ұйымдастырғанын есіне алды. Бұған дейін ағасының мерейтойын бір мәрте өткізіп үлгерген қаламгер інісі Төрехан Майбас «Өмкең – не жазса да, классикалық кононда жазатын жазушы. Кез келген шығармасын жедел оқып өте шығуға болмайтынын» қаперледі. Құрмет орденінің иегері, жазушы Кәмел Жүністегі болса, замандасын қазақ әдебиетінде із қалдырған атақты жазушыға балады. Тұрғыласының «Тайталас» шығармасына тоқталды.

Филология ғылымдарының кандидаты, профессор Қойлыбай Асан, Жазушылар одағының мүшесі, ақын Ғазиз Ештанаев, филология ғылымдарының кандидаты, айтыскер ақын Айтбай Жұмағұлов бастаған бір топ бауырлары мерейтой иесінің асыл қасиеттерін айтып, жылы лебіздерін білдірді.

Жәнібек ӘЛИМАН.

Басқа материалдар

Back to top button