Жаңалықтар

Ақшоқыда «қарасаннан» мал қырылды

Тағы да Шет ауданында мал қырылды. Тіршілігін төрт түлікке байлаған Ақшоқы ауылының тұрғындары алаң күй кешіп отыр. Індет жұқтырған 240 сиырдың 96 басы өліпті. Сәйкесінше, өлекселерді арнайы инсинератор арқылы өртеді ветқызметкерлер. Ауыл карантинге жабылып, кіреберіске блокбекет қойылды.

Біз облыстық ветеринария басқармасының басшысы Қайырбек Тұрсынбековтен себебін сұрағанымызда, вакцинаның жетіспеушілігін алға тартты. Облысқа «Қарасан» ауруына қарсы вакцинаның 450 мың дозасы берілуі керек-тін. Бірақ, 140 мың доза ғана келгенін айтады. Қырылған малдың дені – жас бұзаулар. 60-тан астамы бұзау. 9 сиыр, қалғаны тайыншалар екен. Бұзаулардың көбіне екпе салынбапты. Өйткені, үш айға толмаған. Ал, мұндай шамадағы төлдерге вакцина салынбайды екен. «Негізі себебі – осы» дейді басқарма басшысы.

«Біріншіден бізге бағытталған вакцина дозасы аз. Вакцина Ресейден, Украинадан келеді. Жоспарлы екпенің тиісті көлемі жетпей қалды. Сондай-ақ, аурудың таралуына құрғақ, ыстық ауа райы ықпал етуі мүмкін», – дейді Қайырбек Тұрсынбеков.

Ауыл тұрғындары ауру малдарда сылбырлық, тәлтіректеп басу, жоғары температура және тәбеттің жоғалуы секілді симптомдар болатынын айтады. Ветқызметкерлер инфекцияны «қарасан» ауруы топшылап отыр. Дерт басқа да төрт-түлікті дендемес үшін карантин күшейтілді. Блокбекеттен өтетін көліктер дизенфекциялануда. Ауру анықталған малдар өріске шығарылмай, елді мекеннен ет-сүт өнімдерін тасымалдауға тыйым салынды.

«Өлекселер инсинератор арқылы өртелді. Жою жұмыстары ауылдық округке тиесілі ескі мал қорымының аумағында, мүдделі мемлекеттік органдардың, аудандық ветеринариялық станция мамандарының қатысуымен жүргізілді. Ветеринарлар мал иелерімен бірлесіп, ауырған жануарларға симптоматикалық емдеу шараларын жүргізіп жатыр», – деп хабарлады Қарағанды облыстық ветеринария басқармасының баспасөз қызметі.

Ақшоқы ауылдық округінде 2,5 мыңнан астам ірі қара мал бар. Осы округке қарасты Қызылтау мен Ақбауыр ауылдарының ірі қаралары екен «қарасан» дертіне шалдыққан. Екі ауыл іргелес, өрісі жақын. «Топырақ арқылы да тарауы мүмкін» дейді мамандар.

Шығынға ұшыраған мал иелеріне республикалық бюджеттен қаражат бөлініп, өтемақы төленеді. Арнайы комиссия құрылып, сиырдың орта нарықтағы құнымен өлшенеді. Бастысы, мал тіркеуде тұруы керек екендігін айтады Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің облыстық инспекциясы басшысы Ержан Бекетбаев.

«Жалпы, мал-жаныңыз аурудан аман болу үшін фермерлерге бірінші кезекте сырттан мал тасымалдау кезінде өте сақ болған абзал. Несін жасырамыз, әлі де заңсыз, ветеринариялық құжаттарсыз (анықтамасыз) малды алып-сату жиі кездеседі. Сондай жауапсыздықтың соңы қауіпті індеттің таралуына сеп болып жатыр. Тіпті, кейбір шаруашылықтар мал өсіру, оны тасымалдау кезінде шектеулердің бар екенінен де бейхабар. Ауылдағы мал дәрігерлерінен кеңес алып отырғанның еш артықтығы жоқ», – дейді Ержан Бекетбаев.

Мақала басында «тағы да» деп сөз бастауымыздың себебі, өткен жылдың желтоқсан айында Шет ауданында Зеңгі баба тұқымы жаппай инфекциялық ринотрахейт және вирустық диареяға шалдыққан. Аурудың алғашқы дерегі Ақжал ауылында тіркелген. Сондай-ақ, Ақсу-Аюлы, Босаға, Киікті, Ақшатау ауылында да тараған. Одан кейін биыл жыл басында Киікті ауылының «Талдыбұлақ» қыстағындағы «Мұрат» шаруа қожалығында да ірі қара малдан аусыл ауруы тараған. Шаруашылықтағы 25 сиырдың көзі жойылған еді. «Қырсық бір айналдырса, шыр айналдырады» деуші еді. Біздің ветеринариялық инспекцияға Шетпен жұмысты күшейту керек сияқты…

Қасымхан ҒАЛЫМ.

Басқа материалдар

Back to top button