Көзқарас

Ұлттық нышан ұлықталуы тиіс

Әлемде тәуелсіздікке ие болған кез келген мемлекет немесе мемлекет тектес құрылымның ешкімге ұқсамайтын, ерекше түрдегі айрықша белгілері болады. Сол айрықша белгілерге қарап елді, мемлекетті танимыз. Айрықша белгі ретінде тиісті бір мемлекетте арнайы заңмен қабылданып, анықталған мемлекеттік рәміздерді айтамыз.


Ежелгі замандардағы жауынгерлердің ту астында ант қабылдауы, оны қорғау мемлекеттілікті қорғаумен бірдей болуы, соғысушы тараптардың бірден өз байрақтарын ерекше назарға алып, қорғауы – осының тікелей дәлелі.
Бүгінгі күні де бұл үрдіс әлі өзінің өзектілігін жоғалтқан емес.
Қазақстан Республикасы 1991 жылы өзінің бабалар арманы болған тәуелсіздігіне ие болып, әлем аренасында толыққанды халықаралық қатынастың дербес мүшесі болған сәттен бастап болашағын анықтап, мемлекеттік билік жүйесін дамытып, Мәңгілік Ел қалыптастыру жолына түсті. Осы бағытта мемлекет тарапынан қабылданған ұлтты ұйытушы, халықты біріктіруші күшке ие ең негізгі әрі маңызды шаралардың қатарында мемлекеттігіміздің нышаны болған мемлекеттік рәміздерміздің айқындалуы еді.
1992 жылдың 4 маусымында Тәуелсіз Қазақстан жағдайында «Мемлекеттік рәміздер туралы» заң қабылданып, рәміздеріміздің тұсаукесер салтанаты өткен болатын.
Сол уақыттан бері ширек ғасырдан астам уақыт өтіп отыр. Бұл аралықта Қазақстан Республикасы 1995 жылы жалпыхалықтық референдумда қабылдаған Конституциясында атап өткен тәуелсіз, демократиялық, құқықтық, зайырлы мемлекет құру жолында үнемі ізденіс, өзгеріс үстінде келе жатыр. Бұл өзгерістер мемлекеттік рәміздерге қатысты болды.
Қазіргі Тәуелсіз Қазақстанда сақталуы мен пайдаланылуы міндетті ережелермен реттелетін өзінің мемлекеттік Туы, Әнұраны және Елтаңбасы бар.
Жалпы, мемлекеттік рәміздерге қатысты міндеттер конституциялық нормаларға жатады. Қазақстан Республикасы Конституциясының 9-бабында: «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері – Туы, Елтаңбасы және Гимні бар. Олардың сипаттамасы және ресми пайдаланылу тәртібі конституциялық заңмен белгіленеді» делінген. Яғни, мемлекеттік рәміздерді орынсыз пайдалануға тыйым салынған.
Әр елдің туы оның қасиетті құндылығы, ал оны қорлау үлкен қылмыс болып табылады. Бұл орайда мемлекеттік Тудың тек ел ішінде ғана емес, сонымен қатар шет елдерде де қорғалатынын айта кету керек. Мемлекеттік Туымыздың қолданылуына қатысты қатаң тәртіп өз елін мақтан тұтатын әрбір азамат үшін кей жағдайларда түсінбеушіліктер тудырғаны белгілі. Тіпті, азаматтарымызға шетелдік азаматтар сияқты патриоттық сезімін білдіргені үшін айыппұлдар салынғаны белгілі.
2020 жылдың қазан айында еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев мемлекеттік рәміздерді пайдалануға қатысты заңнаманы қайта қарау жөнінде бастаманы көтеріп, осы бір күрмеуі күрделі әрі даулы сұраққа нүктесін қойды. Мемлекет басшысы өз сөзінде: «қолданыстағы заңнамада біздің Туымыздың қолданысын, яғни, үйлердегі балкондар мен қабырғаларда іліп қоюды шектейтін дәлсіздіктер барын айтқан болатын. Заңнамалар мен нормативтік актілерді, соның ішінде мемлекеттік рәміздерді пайдалану тәртібін қайта қарау керектігін» сөз етеді.
Кейін «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын, Мемлекеттік Елтаңбасын және олардың бейнелерін, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Гимнінің мәтінін пайдалану (орнату, орналастыру) қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 2 қазандағы № 873 қаулысына өзгерістер енгізу туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 27 қарашадағы № 801 қаулысына сәйкес жеке және заңды тұлғалар патриоттық сезімін, қазақстандық бірегейлікті білдіру, елдің және оның азаматтарының жетістіктерін қолдау мақсатында ғимараттарда (тұрғын үйлерде және тұрғын емес үй-жайларда), оның ішінде балкондарда және салтанатты іс-шаралар өткізілетін орындарда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын пайдалануы (орнатуы, орналастыруы) мүмкін делінген.
Бұл өзгерістер өзінің Отанға, елге, жерге деген сағынышын, мақтанышын паш етіп, қуанышын айналасымен бөліскісі келген әрбір Қазақстан азаматы үшін еркіндік беріп, тынысын кеңейтсе де мемлекеттік рәміздерді дұрыс пайдаланбау, яғни, заңнама талаптарын бұза отырып пайдалану тиісті әкімшілік жауапкершілікке алып келетінін ұмытпаған жөн.
Мемлекеттік рәміздер, соның ішінде мемлекеттік Туды қорғау, әрі құрметтеу ол әр отансүйгіш Қазақстан Республикасы азаматтарының басты міндеті болуы тиіс. Ал бұл міндеттің тиісті дәрежеде орындалуы үшін, мемлекет құндылықтарын, ізгілік қасиеттерін, мемлекеттік рәміздерді жас буын бойына сіңіре отырып, тәрбиелеуден бастау керек. Сонда ғана мемлекетке деген құрмет, Отанға деген қызмет ұғымдарының маңызы арта түсері сөзсіз. Қысқасы, ұлттық нышандарымызды ұлықтауымыз керек…
Руслан БОТАҒАРИН,
академик Е.Бөкетов атындағы ҚарУ-дің конституиялық және халықаралық құқық кафедрасының меңгерушісі, PhD докторы, доцент.

Басқа материалдар

Back to top button