Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл

Көк туды желбіреткендер

Аты елімізге ғана емес, әлемге жеткен жерлестеріміз Серік НҰРҚАЗОВ, Қанат БАЙШОЛАҚОВ, Серік СӘПИЕВ, Геннадий ГОЛОВКИН, Василий ЖИРОВ, Дмитрий КАРПОВ, Бақтай СӘПИЕВ, Аркадий ТОПАЕВ сынды тағы да басқа спорт саңлақтарының ізбасарлары жаһандық аренада атойлап, Әнұранды ойнатып, көк Туымызды желбіретуде. Бұл – Қарағанды спортының болашағы жарқын екендігінің белгісі. Кейінгі жылдары «жарысқа түсіп жеңімпаз боламын» деген бозбалаларға арналып салынып жатқан спорт сарайларының саны артты. Тек облыс орталығында ғана емес, ауылдық жерлерде де осындай нысандардың бой көтеруі дәтке қуат, бойға жігер, арқаға қанат бітіреді.

Күш-қайратын қайда жұмсарын білмей жүрген жастарды саламатты өмір салтына бағыттауға күш салу – заман талабы. Өткен жыл – жаңа ғимараттардың тұсауын кескен, сонымен қатар, спортшылар жаттығатын бірнеше стадион мен жабық залдардың күрделі жөндеуден өтіп, жаңашыл реңк алған жыл болды.

– Бұл тек жаттығып қана қоймай, халықаралық жарыс өткізуге барлық жағдай жасалған әдемі орталық екен, – деп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жоғары баға берген «Теннис орталығы» да есігін өткен жылы айқара ашқан болатын. Қараша айында қолданысқа берілген спорт нысанында 18 үстелге арналған ойын залы, 9 теннис үстелі орналасқан жаттығу залы, медицина және массаж кабинеттері, жаттығу залы, әкімшілік ғимараты, төрешілер мен бапкерлер бөлмелері, мәжіліс залы мен VIP-орындар бар. Заманауи үстел теннисі орталығының ашылуы оқу-жаттығу жұмыстарын сапалы өткізуді қамтамасыз етуге, сондай-ақ, республикалық және халықаралық деңгейдегі жарыстарды жоғары деңгейде өткізуге мүмкіндік береді.

Бірнеше дүркін ел чемпионатында атой салған «Шахтер» футбол командасының жаттығып, әрі ойын өткізетін стадионы да күрделі жөндеуден өтті. Сондай-ақ, «Жастар» спорт кешені мен шағын футболға арналған алаң да қалпына келтірілді.

Балуандар, бокс майталмандары, жүгіргенде алдына жан салмайтын желаяқтардың көбі ауылдан шыққан «қарасирақтар» екені даусыз. Бұрындары жаттықтырушылар ауыл-ауылды аралап спортқа бейімі бар балаларды таңдап, қалаға қарай сүйрейтін. Соның арқасында әлемдік жарыстарда олардың мандайы жарқырап, тұғырда тұрды. Ал, көзге түспеген таланттар тасада қалды.

Бұл олқылықты жою мақсатында да жұмыстар жүруде. Енді, әр ауылда өз спорт кешені болады. Кейбір ауылдарда салынып жатса, кейбірінде болашақ чемпиондар дайындықты бастап та кеткен. Оларды жаттықтыратын мамандар да бар. «Біздің міндетіміз – әр қалада, әр ауылда жастар, балалар мен үлкендердің белсенді өмір салтын ұстануына, жаттығуына жағдай жасау, мүмкіндік тудыру. Облыста дене шынықтырумен айналысуға тұрғындарды тарту бойынша жұмыстарды ұйымдастыру мақсатында 271 спорт нұсқаушысы, оның ішінде ауылдық жерлерде 78 маман жұмыс істейді», – дейді облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Темірхан Абылаев.

Өткен жылы «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында Бұқар жырау ауданы Ботақара кентінде 320 орындық спорт кешені салынса, Ақсу-Аюлы селосында спорт мектебі ғимаратының қасбеті жөнделді. Мемлекет есебінен Қарқаралы қаласында 320 орындық дене шынықтыру-сауықтыру кешені қолданысқа берілсе, дәл осындай нысан демеушілер қаржысына Теміртау қаласында бой көтерді.

Сонымен қатар, Теміртау қаласында «Ескек спорты МБЖОРМ» мекемесінің 60 жыл жөндеу көрмеген ғимараты да жаңартылды. Төрт Street Workout алаңы, ауданы 360 шаршы метрді құрайтын жаңа эллинг орнатылды.

Биылғы жыл да жемісті болмақ. Жұмыспен қамтудың жол картасы бойынша республикалық бюджет есебінен алты спорттық нысанның құрылысы басталады. «Мұның ішінде Атасу және Нұра кенттеріндегі жүзу бассейндері бар. Сондай-ақ, Жезқазған қаласында 320 орындық (бассейнімен), Шахтинск қаласында 160 орындық (бассейнімен), Қарсақбай ауылында 100 орындық, Жезді кентінде 160 орындық спорттық сауықтыру кешендері салынатын болады», – дейді Темірхан Абылаев.

Ат спортынан да Қарағанды кенжелеп қалған еді. Осыны ескерген қала әкімдігі жақында ипподром құрылысы үшін жер телімін бөлді. Ол «Күнгей» шағын ауданы мен Үштөбе ауылы арасында орналасады. Ипподром құрылысына арналған жер телімінің көлемі – 50 гектар, ені – 500 метр, ұзындығы – 1 шақырым. Бұл жерге қада қағылды. Жалпы, бүгінгі таңда облыста ат спортының 11 түрімен 42 мыңнан астам адам айналысады.

2020 жылы облыстың 13828 спортшысы түрлі деңгейдегі 343 жарысқа қатысып 4 мың 664 медальді қанжығалағаны да спорт саласында жүргізіліп жатқан ілкімді істердің нәтижесі болса керек. «Қолдау барда, қолдан келгенді аямаймыз» деген саңлақтар облысымыздың қоржынына 1464 алтын, 1 403 күміс, 1 798 қоланы салды. Бұл аймағымызда спортқа деген бетбұрыстың оң екенің білдірсе керек!

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button