Білім ошақтарында

Мектептің тынысын ашқан басылым

Сурет ұйымдастырушылардан

Өз ішінен газет шығарып жатқан мектептер саусақпен санарлық. Ал, газеттің не берерін сіз жақсы білесіз. Қарағанды қаласы №44 негізгі орта мектепте «Мектеп тынысы» атты газеттің тұсауы кесілді. Енді жыл сайын Алғыс айту күні мерекесімен бірге газет туған күнін тойлайды. Кішкентай ғана білім ордасы ай сайын мектептің тыныс-тіршілігін хабарлап отыратын басылым шығарып, үлкен іс тындырды. Редакциядан арнайы шақыртқан соң, біз де өз ақыл-кеңесімізді айттық, ұсыныс білдірдік.

«Мектеп тынысы» мерзімдік басылым. Айына бір рет шығады. Онда жарияланатын материалдардың дені оқушылар мен мұғалімдердікі. Ұстаздар өз тәжірибесімен бөлісіп, мектепте өткізген іс-шарасын жазып, жарияласа, оқушылар әңгімелері мен өлеңдерін ұсынады. Осылайша, газет мектептің тыныс-тіршілігін айғақтап тұр. Бұл ең алдымен, оқушылардың қызығушылығын туғызып, жазуға деген талпынысын ашады. Ал, мұғалімдер өзінің білімді, талапты, талантты оқушыларын газетке беріп, көпке үлгі етеді.

Газеттің ашылу салтанатында сөз сөйлеген мектеп директоры Меребаева Гүлмира:

Шығармашылық топтың арқасында осындай жақсы сәтке куә болып отырмыз. Былтыр пандемия кезінде шығару ойымызда болса да, газет шығарудың орайы бүгінге келді. Мектеп мұғалімдерінің белсенділігі арқасында осы газет жарыққа шығып отыр. Мектебіміздің болашағы үшін де мұның маңызы өте зор. Бұл бастамамыз мектеп жаңалығының жаршысы болуға қызмет етеді деп ойлаймын, – дей келе, мектептегі ұстаздар қауымына алғыс білдірді.

Бұл идеяны ұсынған мектептегі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Айгүл Маратқызы болды. Дегенмен, біз газет шығаруға бәріміз бірдей жұмыла кірістік. Мектеп директоры айтқандай, біздің мектепте шығармашылық топ бар. Сол топ газет шығаруға атсалысты. Мен өзім мұғалімдер мен оқушылардың материалдарын енгізіп, газеттің макетін жасадым, – деді директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Жұлдыз Әубәкірова.

Газеттің салтанатты түрде ашылу рәсімінде шашу шашылды. Мектеп оқушылары өз өнерлерін көрсетті. Сондай-ақ, мектепке арнайы шақырылған қонақ, әнші Аслан Еркінұлы ән шырқап, жиналған қауымның көңілін көтеріп, бір серпілтіп тастады.

Біз газеттің талабы оңынан болсын деп тілек білдірдік.

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ. 

Басқа материалдар

Back to top button