Облыс әкімінің есебі қарсаңында

Құрылысты дамыту – әлеуметтік жағдайды көтеру

Кез келген мемлекеттің, қоғамның ілгері басуына оның құрылыс, сәулет саласына қарап баға беруге болады. Құрылыс саласы – қашанда экономиканың негізгі іргетасы екендігі айқын. Сондықтан да, құрылыс саласының дамуы елдің экономикалық күш-қуаты мен әлеуметтік жағдайының артуына тікелей байланысты.

Сурет автордан

«Қарағанды облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы» мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – басқарма) коммуналдық меншік объектілерін салуды және реконструкциялауды, сәулет және қала құрылысын дамытуды жүзеге асырады.

2021 жылғы жедел статистикалық деректер бойынша Қарағанды облысында құрылыс жұмыстарының (қызметтерінің) көлемі 416,3 млрд. теңге сомасына орындалды, құрылыс жұмыстарының көлемі бойынша өңір республикада 4-орынды алады, оның үлесіне республикалық көлемнің 8,3% келеді. 2022 жылы құрылыс жұмыстары көлемінің 107%-ға (450 млрд.теңге) дейін өсуін қамтамасыз ету жоспарлануда. Тұрғын үй инфрақұрылымын жақсарту саласында мемлекеттік саясатты жүзеге асыру басқарманың басым бағыты болып табылады.

2021 жылдың қорытындылары бойынша Қарағанды облысы бойынша «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысында қаржыландырудың барлық көздері есебінен 662 мың шаршы метр тұрғын үй (5 мыңға жуық пәтер) пайдалануға берілді, бұл 2020 жылғы фактінің 125,0%-ын құрайды. Іске қосу көлемінің 25%-ы жеке тұрғын үйге (165 мың м2 ), 61%-ы коммерциялық (243 мың м2 ) және 14%-ы мемлекеттік сектордың тұрғын үйіне (91 мың м2 ) тиесілі.

Жыл қорытындысы бойынша жеке инвестициялардың өсуі есебінен коммерциялық тұрғын үйдің өсуі байқалды. Бұл облыстағы тұрғын үй кешендерін салу үшін бизнес тарапынан қызығушылық бар екенін көрсетеді. Егер 2020 жылы 243 мың ш.м. коммерциялық тұрғын үй енгізілсе, ағымдағы жылы коммерциялық тұрғын үй көлемі шамамен 400 мың ш.м. құрады. 2022 жылы қаржыландырудың барлық көздері есебінен 708,2 мың ш.м. тұрғын үйді немесе 2020 жылғы деңгейді 107%- ға орындау жоспарлануда (шамамен 7,8 мың пәтер пайдалануға беріледі).

2022 жылы Қазақстан Республикасының Тұрғын үй саясатында жаңа тәсілдер қабылданатын болады. Атап айтқанда, табыс деңгейі төмен кезекте тұрғандарға жалдау ақысын субсидиялау, мүдделі құрылыс салушылармен тұрғын үй кешендерін салуға ұзақ мерзімді келісімшарттар енгізу, сондай-ақ өз жұмыскері үшін ауылдық жерлерде тұрғын үй салған жұмыс берушінің шығындарын субсидиялау. 2021 жылы 19 әлеуметтік маңызы бар нысан пайдалануға берілді, оның ішінде:

– денсаулық сақтау нысандарын дамыту аясында Қарағанды қаласының Майқұдық және Сұрыптау елді мекендерінде екі жедел медициналық жәрдем қосалқы станциясының құрылыстары аяқталды, Нұра ауданының Кертінді ауылында фельдшерлік-акушерлік пункті пайдалануға берілді;

– білім беру нысандарын дамыту шеңберінде Қарқаралы ауыл шаруашылық колледжі жатақханасының, Қарағанды қаласындағы балалар мен жасөспірімдер сарайының құрылысы аяқталды. Қарағанды қаласында, Шет ауданының Киікті ауылында, Жезқазған қаласының Теректі станциясында, Жаңаарқа ауданының Жаңаарқа кентінде 4 мектеп бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталды;

– мәдениет нысандарын дамыту аясында Жезқазған тарихи-археологиялық музейінің ғимаратына жапсаржай, Жезқазған қаласындағы Жошы ханның тарихи-мәдени кешені, Ұлытау ауданының «Ұлытау» мұражайы мен келу орталығының инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым желісі пайдалануға берілді;

– спорт нысандарын дамыту аясында келесі нысандар аяқталды: Ұлытау ауданының Қарсақбай кентіндегі дене шынықтыру-сауықтыру кешені, Сәтбаев қаласындағы спорт кешенінің ауа тіреуіш құрылысын қайта жаңарту;

– ветеринария объектілерін дамыту шеңберінде пайдалануға енгізілгендер: Нұра ауданының Ахмет ауылында және Абай ауданының Дубовка ауылында екі ветеринариялық пункт, Осакаров ауданының Ақбұлақ ауылында және Осакаровка кентінде 2 мал қорымы.

Биылғы жылы 34 нысанның құрылысы бойынша жұмыстар жүргізілуде, оның ішінде 7 білім беру нысаны, 1 мәдениет нысаны, 11 спорт нысаны, 8 денсаулық сақтау нысаны, 3 ветеринария нысаны және 4 индустриялық аймақ инфрақұрылым нысандары бар. Оның ішінде 2022 жылы келесі нысандарды аяқтау жоспарлануда:

– Қарағанды қаласында 200 төсектік облыстық көпбейінді балалар ауруханасының құрылысы;

– Абай ауданының Юбилейное ауылында, Жаңаарқа ауданының Атасу ауылында, Жаңаарқа ауданының Ынталы ауылында, Шет ауданының Төменгі Қайрақты ауылында фельдшерлік-акушерлік пункттердің құрылысы;

– Абай ауданы Құрма ауылындағы ауылдық клубты қайта құру;

– Бұқар жырау ауданының Ботақара кентінде, Ұлытау ауданының Жезді кентінде, Шахтинск қаласында, Қарқаралы ауданының Егіндібұлақ ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің құрылысы;

– Жаңаарқа ауданының Жаңаарқа кентінде және Нұра ауданының Нұра кентінде бассейннің құрылыстары;

– Сәтбаев қаласындағы «Жастар» стадионын қайта құру;

– Нұра ауданы Нұра кенті мен Шахтерское ауылындағы хоккей корттарының құрылысы;

– Сәтбаев қаласындағы Оқушылар сарайының құрылысы;

– Жезқазған және Сәтбаев қалаларында балабақшаның құрылысы;

– Саран қаласындағы, Жаңаарқа ауданының Ақтүбек ауылындағы, Шет ауданының Ақадыр кентіндегі мектептерге спорт залдарының құрылысы;

– Қарағанды қаласындағы лицей-интернатына жапсаржай (бұрынғы қыздарға арналған КТЛ мектебі);

– Саран қаласының Индустриялық аймағына инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым салу.

Бұдан басқа, Бұқар жырау ауданының Мұстафин кентінде дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысын бастау жоспарланған. «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Заңның 47-бабына сәйкес елді мекендердің аумақтарын дамыту және оларға құрылыс салу белгіленген тәртіппен бекітілген бас жоспарлар негізінде жүзеге асырылады. Қарағанды облысы бойынша 442 елді мекен бар. Оның ішінде 9 облыстық маңызы бар қала, 2 аудандық маңызы бар қала, тұрғындарының саны 5 мыңнан асатын 14 елді мекен және тұрғындарының саны 5 мыңнан кем 417 елді мекен бар. Бүгінгі күні 421 елді мекен, оның ішінде 11 қала (9 облыстық маңызы бар, 2 аудандық маңызы бар), тұрғындарының саны 5 мыңнан асатын 14 елді мекен және тұрғындарының саны 5 мыңнан кем 396 елді мекен жаңа бас жоспарлармен (БП) қамтамасыз етілген. Елді мекендердің 96%-ы бас жоспарлармен қамтамасыз етілген. Басқарма өз құзыреті шеңберінде халық санының өсуін, сондай-ақ Қарағанды облысының әрбір қаласының, ауданының ерекшеліктерін ескере отырып, елді мекендердің жайлы тұрғын ортасын дамытуды қамтамасыз ететін бірыңғай тұрғын үй саясатын және тұрғын үй-коммуналдық саладағы саясатты іске асырады. Тұрғын үй құрылысы мен әлеуметтік маңызы бар нысандар құрылысындағы негізгі шаралары құрылысты ынталандыруға, жаппай құрылыс салу аудандарын инженерлік коммуникациялармен жайластыру арқылы халықтың қалың жігін қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз етуге және халықты тіршілік ету нысандарымен қамтамасыз етуге бағытталған.

Түйіндей айтқанда, құрылыс саласының дамуы өркениет заманындағы өркендеудің өлшемі іспеттес. Яғни, құрылыс кешені ел экономикасына, оның ішінде тұрғындардың әлеуметтік әлеуетінің артуына шешуші ықпал ететіні сөзсіз. Олай болса алдағы уақытта облыстың құрылыс қарқыны одан әрі қарыштап, жобалар ел игілігіне жүзеге асады деген сенім мол.

«Қарағанды облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы» ММ-нің қызметі туралы ақпарат басқарманың сайтында мына сілтеме бойынша www.gov.kz/memleket/entities/karagandakurylys?lang=kz қолжетімді, сондай-ақ, осы сайтта сіз басқарма құзыреті шегінде қаралатын өтініштер мен ұсыныстарды жібере аласыз.

Абзал ЖАЙЛЫБАЕВ, Қарағанды облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы.

Басқа материалдар

Back to top button