Бас тақырып

Іздегенге – жұмыс бар

Қандай кәсіпорынды алсақ та, оған бірінші дем беретін білікті маман. Жыл сайын жоғары оқу орынымен қоса арнайы кәсіптік колледжерді мыңдаған жас аяқтайды. Бірақ маман қат. Кәсіп ашып, оның қызығын да ризығын да көрем деушілер де өз саласын жетік біле бермейді…

КӘСІП АШУ ОҢАЙ…

Қазіргі таңда кәсіп ашу оңай. Жеке кәсіпкер болып тіркел де, сол жерге «директор» болып отырып, жұмыс істей бер. Дегенмен, осы үрдістің де минусы бар. Өйткені, «кәсіптен нәсіп көрем» дегендер алдымен бірден байып кетуді ойлайды. Ал, жұмыскерді жалдап, оған несібесін бермей кететіндер де бар. Сонымен қатар, өз кәсібін ашып алып, ары қарай жүргізе алмай қарызға белшесінен батып, жұмысшысын кінәлаушылар да жетерлік. Жұмыс істеп, артынан маңдай терімен тапқан жалақысын ала алмай соттасушылар да азаяр емес. Облыстық Еңбек инспекциясына «Сұңқар күзет» агенттігінде күзетші болып жұмыс істеген 62 жастағы Марат Жәнібеков: «Бір жыл болды айлығымды ала алмай жүрмін» деп хабарласқан. Кейін белгілі болғандай, күзет агенттігіне ақшаны астанада тіркелген «Құлагер» құрылыс компаниясы төлеуі тиіс екен. Кейін бұл арыз Нұр-Сұлтан қаласының Еңбек инспекциясына табысталған…

Әрине, көпшілік еңбек келісімшарты бұзылған жағдайда немесе келісімшартсыз жұмыс істеп, ақшасын ала алмай қиналғанда кімге, қалай арызданатынын білмей жатады. Ал, егер еңбек қатынастарында құқығыңыз бұзылса, ең бірінші Еңбек инспекциясына жазбаша түрде шағым қалдыруыңыз керек. «Арызыңызда: аты-жөніңізді, лауазымыңызды, қай мекемеде, қандай бөлімде жұмыс атқарып жатырсыз және қандай жөнсіздік болғаны жайлы неғұрлым толық ақпарат беруіңіз керек. Еңбек инспекциясы ешқандай шара қолданбаса, әрі қарай сотқа жүгіне аласыз» дейді мамандар. Әрине, бір сағат па, бір ай ма, жұмыс істесеңіз, сол уақыттың төлемін алуыңыз керек. Әр адам қандай қызмет істесе де жұмыс берушімен келісімшартқа отырып барып іске кіріскені абзал. Жұмысшының қара күшін пайдаланып, жалақысын төлемей әуреге салу жыл сайын қайталанады. Өткен жылы да солай болған екен. «2021 жылдың қорытындысы бойынша Мемлекеттік еңбек инспекторлары республиканың 1031 кәсіпорнында 25,4 мың жұмыскердің алдында 5,8 млрд. теңгеден астам сомаға жалақы бойынша берешекті анықтады», деп хабарлады Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі. Осы кәсіпорындардың басшыларына орындалуы міндетті 1198 нұсқама беріліп, 147,9 млн. теңгеден астам сомаға айыппұл салынған. Қабылданған шаралар, соның ішінде жалақы бойынша берешекті өтеудің қатаң кестелері мен мерзімдерін белгілеу нәтижесінде 23,3 мыңнан астам жұмыскердің құқықтары қорғалып, оларға 5,6 млрд. теңге төленген.

ӘЛІН БІЛМЕГЕН ӘЛЕК…

«Әлін білмеген әлек» деп тегін айтылмайды. Көбіне жеке кәсіп ашқан адам қаржысын ойланбай жұмсайды. Өз саласын білмей әлек болады.

– Жеке кәсібімді ашқан кезде барлығы оңай сияқты болды. Қиялға ерік бердім. Қытайдан немесе еліміздегі базарлардан арзанға зат сатып алып, ауылға апарып екі есеге сатып баюды бизнес көзі деп ойладым. Үйдің жанына дүкен аштым. Басында саудам жүрді. Кейін тұралап қалды. Есеп-қисапты жақсы білсем де, осылай болды. Ауылда не өтеді, қандай зат сөреде жатып қалады, соны ойламаппын. Бизнес идея мүлдем болған жоқ. Содан дүкенді жаптым. Қазір наубайхана ұстаймын. Үш-төрт жұмыскерім бар. Уақытылы айлық алып тұрады. Кәсібім де жүрді. Айтарым, қандай жұмыс бастар болсаңыз да, сол жердегі немесе аймақтағы тұтынушыларға не керегін біліп алу керек. Сонымен қатар, мамандардың да болғаны жақсы, – дейді Жарық станциясының тұрғыны Мейрам Есенбеков.

Әрине, кәсіпкер болам десеңіз пайдалысын қолға алған жөн. Ертеңгі күні басқаны кінәламас үшін.

5 635 БОС ЖҰМЫС ОРНЫ БАР

Жұмыс іздеуге шорқақтығымыз, сонымен қатар жеңіліне жүгіретініміз тағы бар. 50-60 мың теңге айлыққа «күзет» деген жазуы бар форманы киіп жүруді арланбаймыз. Жұмыс іздеген адамға мамандық жетерлік. Бір ғана «Еңбек» электронды биржасында еліміз бойынша 98 123 бос жұмыс орынына шақыру болса, оның 5 635-і Қарағанды облысына тиесілі. Мысалы, Қарағанды қаласындағы Maker ЖШС-KLMZ басқарма басшысы Жәнібек Байғабеловпен сөйлескенімізде өндіріске жаңа жұмыскерлер керек екенін айтқан болатын. Өйткені, қазіргі уақытта автоматтандырылған станоктарда тұратын жастар азайған. Аймақта биыл «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы бойынша 721 түлек жұмысқа орналасып, 2 959 адам қоғамдық жұмысқа тартылады. Бұл жоба іске асып жатса да жұмыссыздар саны азаймасы анық. Өйткені, Қазақстан жұмыссыздық деңгейі бойынша Еуразия экономикалық одақ елдері ішінде алдыңғы қатарда тұр. ЕАЭО комиссиясының статистикасына сүйенсек, республикада жұмыспен қамту орталығына тіркелгендер саны бір жылда, яғни 2020 жылдың тамызынан 2021 жылдың тамызына дейін, 1,6%-ға өсіп, жұмыссыздар қатары 222,6 мың адамға жеткен. Осыған қарап, өзіңіз қорытынды жасай берсеңіз де болады…

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button