Баған

«ИГНОР» немесе сын қабылдау мәдениетіміз қай деңгейде?

«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі». Алаш арысы Ахмет БАЙТҰРСЫНҒА телініп келген осы аталы сөздің әйгілі Әлихан БӨКЕЙХАНҒА тиесілі екенін басылымның бұрынғы басшысы, марқұм Мағауия СЕМБАЙ ағамыз топырақтан тысқары тұсында жан-жақты зерттеп, нақты дәлел-дәйектермен тасқа басып, таңбалап кеткен болатын. Іздеген жанның «Орталықтың» тігінділеріне үңілуіне болады. Айтпағымыз ол емес…

 

Билік пен бұқараның арасына алтын көпір орнатып, елдің мұңын мұңдап, жоғын түгендеу жолында «халықтың көзі, құлағы, һәм тілі» болып жүргендіктен журналистердің көмегіне жұртшылықтың көптеп жүгінетіні жасырын емес. Қоғамдағы шешімін таппай жатқан өзекті мәселелерден бастап, толғауы тоқсан тірліктің небір түйткілді тұстарын айтып, шағымданып жатады. Алыстағы ағайынның аманатын арқалаған хұсни–хаттарды айтпағанда, кейбір жауапты мекемелердің салғырттығынан тауы шағылып, тауаны қайтқан оқырмандар: «Осы мәселеге ара­ласып, назарға алсаңыздар – түйіні тарқатылып, шешімі табылар еді» деп редакцияға қоңырау да шалып жатады. Бұл – Төртінші билік өкілдеріне артылар үміт пен сенімнің басым екендігінің айғағы болса керек.

Жасырып-жабары жоқ, ел арасында «Орталық» сын жазбайды» деген де пікір бар. Бірақ, сын жазу бар да сол сыннан қорытынды шығару, кері байланыс орнатып, жауап беру деген де түсінік бар екенін ұмытпағанымыз абзал. Әйтпесе, елдік мүддеге келгенде етектей мақаланы ет пісірім уақытта еңсеретін Ерсін Мұсабектің, «Орталықтың» оқтаулы мылтығы Әлібек Әбдіраштың, қаламы қарымды Қызғалдақ Айтжанның аянып қалған кезі жоқ. «Мінезді» мақалаларының апта аралатып баспа бетінде жарық көріп тұратынын көзі қарақты оқырман жақсы білер?! Мәселен, Ә.Әбдіраштің Жезқазған қаласының ветеринария саласындағы өрескел кемшіліктері туралы жазылған «Көзбояушылықтың көкесі», сол қала мен Талап ауылы арасындағы ұрланған құбыр жайлы «Қолды болған құбыр», Қ.Айтжанның «Қарағандының киелі жері немесе Әлімханның үйі жүдеп тұр», «Бәсекелестіктегі бассыздықтар», «Қарағандыда бәрі тыныш немесе өрт ашқан ақиқат», Қ.Ғалымның қоғамдық көліктер жайлы «Автобустардағы антисанитария», Балқаш қаласындағы меншікті тілшіміз Н.Кәрімнің «Айбарымыз айдаһар емес немесе ұлт мүддесі қайда қалды?», «Әкім сағаты: өзектен тебер өгейлік» тағы да басқа осы сынды өткір ойлы мақалалары оқырмандардан оң баға алғанымен, сын садағына ілінген құзырлы орын өкілдері тарапынан не тиісті жұмыстар атқарылмай, не мардымды ресми жауап берілмей «қайран сөзім қор болдының» кебін киюде. Сынның ел мен ердің арасына сына қағу үшін емес, жұмыстың жандануы, ширауы үшін жазылатынын ескерсек, кейбір ат үстіндегі азаматтардың оқыса да, оқымаған, естісе де естімеген кейіп танытуын қалай түсінуге болады?!. Жоқ, әлде «Қоғамдық диалог, ашықтық, адамдардың мұң-мұқтажына жедел назар аудару мемлекеттік органдар қызметінің негізгі басымдықтары саналады» деген Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың тапсырмасына да енжар қарағаны ма?!

Қазіргі таңда «игнор» деген ұғым бар. Қазақша қотарғанда «елемеу», «байқамау» деген мағынаға ие. Маған кейде біздің базбір басшылар осы «игнордың игіліктерін» жете игеріп алғандай көрінеді…

Түрткен сайын түлеп, сүрткен сайын жалтырағанға не жетсін?!

Ілияс МҰҚАЙ,

«Ortalyq Qazaqstan» газеті Бас редакторының орынбасары.

Басқа материалдар

Back to top button