Руханият

«Манарбек өлді – Шеге жоқ», Насихаты неге жоқ?..

Ол саналы ғұмырында сахна саңлағы атанды, аты аңызға айналды. Ән алыбы Әміреден кейін сырт елді мойындатқан біртуар әнші Манарбек ЕРЖАНОВ туралы Қазақстанның халық әртісі Жүсіпбек ЕЛЕБЕКОВ «Шіркін-ай, Күләш өлді – Жібек жоқ, Манарбек өлді – Шеге жоқ» деп опынған деседі. Атақты «Қыз Жібек» операсында Күләш – Жібекті сомдаса, Манекең Шегенің кейпіне енген ғой. Осыншама биік деңгейге көтерілген Манекеңді қайда қалдырдық біз? Дауысының ерекшелігі, ұлттық өнердегі мектебі, Манекең үлгісіне еліктейтін жас әншілер қайда? Манарбек өлсе де, мектебі бар еді ғой? Біз әнші ғана деп білетін дүлдүлдің авторлық күйлері тартылмағалы қанша жыл өтті екен? Жүсіпбек Елебеков атында ән байқауы бар. Ал, Жүсекең төбесіне көтерген Манекеңнің атында ән байқауы неге жоқ деген сұрақ түрткілейді көкейді…

Туындыларын дәстүрлі әншілер орындап жүр дегенімізбен, алапат өнер иесінің есімі көбіне ескерусіз қалып жатады. Бұлай сөз қозғауыма әнші атындағы ешқандай байқаудың жоқтығы ғана емес, күйлерінің шертілмей, әртістік шеберлігінің айтылмай жүргені себеп болды.

Қолын жоқтық, жолын жетімдік байлаған бала Манарбектің бойынан ұшқын байқап, қолына домбыра ұстатқан үлкен дарын иесі Күсенбай ақсақал еді. Көзі қарақты, жүрегі шырақты ақсақалдың үміті ақталды. Жас талант халық әндері мен жыр-толғау, терме-күйлерді бірден қағып алатын. Той-домалақтың төрінен түспеді. Кейін біртуар әншіні бойына Ақтоғай топырағынан біткен дарыны қазақ өнерінің қара шаңырағы Алатауға қанат қақтырды.

Сол кезде атағы дүркіреп тұрған Шашубайдың, Әміренің қасында жүріп, өнерлі ортаға оңай сіңді. Иә, бойдағы тас жаратын таланты бар, қазақтың бұлбұлы Күләштай (Байсейітова) қарындасы бар, өзінің де маңғаз мінезі барда осылай болуға тиіс еді.

Әміре ән әуелетіп Париж төрін талантымен тебірентсе, Манекең Мәскеуді мойындатты. 1936 жылы Қазақ өнерінің онкүндігі Мәскеуде өткенді. Сол жолы атшаптырым Кремль сахнасында Шегенің ариясын шебер орындаған талантқа тыңдаушылар таңырқай қарап, қоймай-қоймай қошемет көрсетті. Сонда атақты академик, музыкатану ғылымының алыбы Б.Асафьев «мына бір әнші қазақтың кең даласын Москваның сахнасына алып келді-ау» деп таңдай қағыпты, және қандай музыкалық мектепті тәмамдағанын сұрапты. Ешқандай музыкалық білімі жоқ, табиғи талант екенін естіген соң, есінен танып қала жаздапты. Бұл естелік академик Ахмет Жұбановтың «Манарбек» атты мақаласында келтірілген.

Иә, Шегенің ариясын шебер орындағаны – қазақ мәдениетінің үлкен олжасы. Бертінге дейін ән өнерінің небір қаймақтары Манекең жайлы әңгіме қозғаса, әуелі тіл ұшына келетіні осы жетістігі мен шеберлігі.

Қазақтың бұлбұлы Күләш Байсейітова да Жібектің рөлін тамаша сомдап шығады. Екеуі – немере-туыс. Ағалы-қарындас болып сыйластықтың жарқын үлгісін көрсеткен олар өнерде де қаз-қатар жүреді. «Қыз Жібектен» басқа, А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай» операсындағы Әзімді – Манарбек, Ажарды – Күләш сомдап, көрермендерін тәнті еткен озық образ ретінде тарихта қалды.

Манекеңнің «Қуанамын» атты классикалық үлгідегі әнін алғаш Күләш орындап, көркемдік деңгейін арттыра түскен еді. «Сайра, бұлбұл» атты әні де елдің есінен өшпей, замана көшіне ілесіп келе жатқан әндердің бірі. Бұл әнді де бұлбұл Күләш жүрекпен орындаған дейді ағаларымыз.

Манарбектің әншілігінен бөлек, күйшілік қыры бір төбе. Әншілігінен бір мысқал кем түспейтінін қазақ музыка өнерінің атасы Ахмет Жұбанов жоғары бағалайды. «Манарбектің күйлері – бірінен-бірі асып жатқан көркем қазына, оркестрге, операға, балетке, «мені түсір» деп сұранып тұрған үлкен формалар, соның ішінде жаңа сапамен сахнаға шығуды аңсап тұрған шығармалар». Сондай-ақ, әйгілі композитор, академик Жұбанов оның «Орталық», «Өрнек», «Жорға», «Би», «Жетісу», «Жеңген солдат», «Шалқар көл», «Аққу» күйлеріне ерекше тоқталады. Бүгінде Манекеңнің күйлері барын біреу білсе, біреу білмейді.

Әншінің қызы Гауһар Ержанова өз естелігінде әкесінің әңгімешіл, әзілқой екенін айтады. Манекеңнің шаңырағына кілең әртістер жиналып, шахмат ойнайды екен. Сондай күндердің бірі болса керек, атақты Серке Қожамқұлов Манекеңнің шашы жоғын меңзеп, «тезірек тақияңды киші, әйтпесе көзімізді қарықтырып, соқыр қылатын болдың» депті. Манекең де үнсіз қалғысы келмей, «мұрныңды тартшы былай, өтіп кетейік» деп қарымтасын қайтарған екен.

Осындай есті естеліктерді оқып отырып, ол кездегі алып өнер иелерінің шынайы сыйластығына шынымен ырза боласыз. Мысалы, халық әндерін, Ақан серінің, Біржан салдың әндерін Жүсекең (Елебеков) жоғары деңгейде орындаса, Манекең ол әнді қайталамайды. Үнемі өзгеше биіктерге құлаш ұрып отырады деген сөз. Мұны рухани ізеттің үлкен биігі демей, не дейміз?!

Арқа әнінің алыбы Мейірхан Адамбеков «Менің көңіліме түйгенім – әнші, сазгер, ұстаз Дәуренбек Әркенов Манарбек әндерінің шырақшысындай болып көрінеді» деп көңіліндегі көрікті ойын айтқан екен. Иә, Манекеңнің ән мұраларын зерттеп, зерделеп жүрген дәстүрлі әннің дүлдүлі Дәуренбек Әркеновті осы тұста әңгімеге тартпай кету әбестік болар еді…

«Жалпы, Манекең жайлы бізге дейін ән өнерінің жілігін шағып, майын ішкен небір майталмандарымыз айтып, өз бағасын беріп кетті ғой. Ерекше тоқталатыным, Мәскеудегі концертте сахнаның сыртынан айғайлап кірген Манекең, дауысын дирижердің жанына жеткенше созып, сол даусын үзбей (тыныс алмай) әрі қарай әндете жөнеледі. Демнің осыншама ұзаққа жетіп, шырқап салғаны – өте сирек құбылыс. Манекеңнің ең бір жарқырап көрінген кезі – осы тұс еді. Өкініштісі, осындай талант иесіне назар аударып жатқан ешкім жоқ. Биылғы мерейтойында байқау ұйымдастырып, мәнерін қайта жаңғыртсақ, жөн болар еді», – дейді Дәуренбек Әркенов.

Айтпақшы, Манекеңнің зерлі тақиясы да бүгінгі таңда Дәуренбек ағаның мұрағатында сақтаулы. Алаштың ақиық ақыны Абзал Бөкен бұл туралы «Орталық Қазақстан» газетіне мақала жариялағанын да білеміз.

Дәстүрлі ән өнерінің бүгінгі көрнекті өкілі, ұстаз, оқушыларға Манарбек әндерін үйретуші Еркін Шүкімән ағамыздың пікіріне де құлақ түрелік.

«Ешкімге ұқсамайтын Манарбектің сұңқардай дауысын атап өту керек. Әр әнінде нотаның дәл үстінен түседі. Домбыра шертуде өзіне ғана тән, солақай қағыстарынан керемет үн шығатын. Манекең, әсіресе жыр типтес терме-әндерді көптеп орындаған. Халықтың жыр үлгісіндегі толғауларын, бұрын естімеген әндерді жиі шырқайтын. Ұлы өнерімізді дамытуға үлкен үлес қосқан Манекеңнің атын жиі дәріптеуіміз қажет. Айтпақшы, Нұр-Сұлтан қаласындағы Өнер академиясы Манарбек шығармашылығының үлкен жинағын әзірлеп отыр. Ол жинақ домбыра қағысымен, ноталарымен ерекшеленбек. Жақын күндері жарыққа шығып қалады», – деп бір қуантып қойды ағамыз. Естеріңізде болса бұған дейін әншінің 115 жылдығына орай Манарбектің әндері мен күйлерінің басын құрап, «Бақыт жыры» атты жинаққа топтастырған Д.Әркеновтің Манекең атындағы байқау ұйымдастыру туралы ұсынысы өте орынды дер едік.

Сөз түйінінде ұлт өнерін өркендетуге өлшеусіз үлес қосқан, өзгеше құбылыс Манарбек мәнерін қайта жаңғыртса дейміз. Анығында, әнші атына байқау ұйымдастырса, бәлкім, бірнеше таланттың бағы жанар?..

Осыны мерейтой жылы ескерсе деген үміт бар бізде…

Қасымхан ҒАЛЫМ.

Басқа материалдар

Back to top button