Білім ошақтарындаҚарағанды

Қарағандыда «Заманауи қазақ тілі кабинеті» байқауының жеңімпазы белгілі болды

Тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы өңірде нық қолға алына бастады. Аталмыш бағдарлама аясында Қарағандыдағы балабақшалар арасында «Заманауи қазақ тілі кабинеті» байқауы жарияланған еді. Байқаудың қорытындысы шығып, «Айгөлек» бөбекжайы бас жүлде иеленді. Қалалық білім бөлімінің басшысы Есентай Әшім жеңімпаздарды марапаттау үшін «Айгөлек» бөбекжайына арнайы келді.

Суреттерді түсірген автор

– Балабақшалардағы қазақ тілі кабинетін заман талабына сай жасауды мақсат еттік. Нәтижесінде осындай байқау ұйымдастырылды. Бас жүлдені иеленген «Айгөлек» балабақшасында көрсетілген талаптарға сай әрі қазаққа тән ұлттық құндылықтың бәрі қамтыған. Балалар көріп, қолмен ұстайтын болса, жадында тез сақталады. Осындай тәсілмен баланың бойына құндылықтар дарып, есте сақтау, сөйлеу қабілеті дамиды. Мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде «сабақ» деген ұғымнан арылудамыз. Бөбектер заттық кеңістікті ортада өсіп-жетілуі қажет. Ал, біз соған жағдай жасаудамыз. Байқаудың басты мақсаты – осы. Екіншісі – ақпараттық технологиялық талап. Яғни, бала тек бір нәрсені үйренумен шектеліп қалмауы керек. Бір нәрсені үйренсе, екінші жерге барып тағы бір дүние үйренуі керек. Енді біз алдағы уақытта кабинетті жабдықтаумен шектеліп қалмай, осында істейтін мұғалімдер мен қызметкерлердің де дамуына жағдай жасайтын боламыз. Және тәжірибе алмасу мәселесі де күн тәртібінде тұр, – деді Есентай Мұқатайұлы.

Қазіргі таңда балабақшада 9 топ, яғни 225 тәрбиеленуші бар. Сонымен қатар, 43 сала мамандары жұмыс істейді. Балабақшада аталмыш орталық сәуір айынан бері жұмыс істеп келеді. Орталығы – «Өнер», «Көркем әдебиет және тіл» және «Сюжеттік-рөлдік ойындар» орталығы деп бөлінеді. Әр бөлімде қазақтың ұмыт қалған ұлттық ойындары мен салт-дәстүрлерге байланысты дүниелер қойылған.

– Кабинеттің заман талабына сай ұлттық құндылықтарды дәріптейтін бұйымдармен безендірілуіне, кабинет дизайны эстетикалық талапқа сай болуына баса назар аудардық. Қазақ тілі орталығы мен музейді жабдықтап безендіруде ұжымның барлық мүшесі өз үлесін қосты. Әрі көптеген ұлттық нақыштағы дүниені тәрбиешілер өздері тікті. Қазір «Баланы ойната отырып оқыту» тәсілі арқылы жұмыс істейміз. Яғни, балалар алдарын- дағы затпен ойнай отырып, сол дүниені есте сақтап үйренеді. Жаңа технологияларға ұлттық құндылықтарды байланыстыра жасадық. Мәселен, қазір кішкентайлардың қолынан түспейтін «Пазл» ойынын алайық. Балалар түрлі шетелдік мультфильм кейіпкерлерін құрастырады. Ал, біз керісінше, суреттің орнына қазақы ою-өрнекті құрастыратындай етіп жасадық. Сол арқылы баланың көру әрі есте сақтау қабілеті дамиды. Алдағы уақытта білім бөлімінің қолдауымен басқа да балабақшалармен тәжірибе алмасу жоспарда бар, – деді «Айгөлек» бөбекжайының директоры Арайлым Қалибекова.

Аталмыш байқауға қаладағы 42 балабақшаның 30-ы қатысқан. Байқау қорытындысы бойынша «Балақай» бөбекжайы – І орын иегері атанды. ІІ орынды «Шаңырақ» пен «Алмагүл» балабақшасы иеленді. Ал, «Алтын сақа», «Әйгерім» мен «Балбөбек» балабақшасы – ІІІ орынға лайық деп танылды.

– Немерем қазір осы балабақшада. Тәрбиешілердің атқарып жатқан жұмыстарын көріп өзім қуанамын. Шындығына келсек, балабақша қызметкерлерінің жалақылары тым аз. Ал, істейтін жұмысы одан екі есе көп. Әрі жауапкершілік те бар жүктелетін. Сондықтан, бұл кісілердің еңбегін лайықты бағалануы қажет. Мына орталықтың ашылғаны бүл- діршіндерге үлкен олжа болды. Олай дейтінім, қазаққа тән ұлттық құндылықтарды білмейтін жастар бар. Орысша сөйлеп, сол ортада өскен. Ондайға жол бермес үшін баланы балабақша жасынан тәрбиелеген жөн, – деді ата-ана Әлия Абдулин.\

Ербол ЕРБОЛАТ

Басқа материалдар

Back to top button