Жаңалықтар

Күрескер

Ахмет БАЙТҰРСЫНҰЛЫ – ұлы ағартушы, реформатор, Алаш аясындағы қоғам қайраткері ғана емес, Кеңестік Қазақстанның алғашқы жылдарында жоғары лауазымды мемлекеттік қызметтер атқарған тұлға. Солай болғанына қарамастан, Ахаң мемлекеттік жүйелердің қайсысында жұмыс істесе де, (алаштық жүйе ме, кеңестік жүйе ме – бәрібір) ол бірінші кезекте өзіне басты нысана етіп жалпыұлттық, бүкілхалықтық мәселелерді таңдап алды да, оларды туған елінің мүдделеріне сай шешу үшін еңбектенді.

Тумысынан аса талантты, талапты Ахметті әкесінің інісі Ерғазы Торғайдағы 2 сыныптық орыс – қазақ мектебіне береді. Оны 1891 жылы бітіріп, Орынбордағы мұғалімдік мектепте 4 жылдай оқып, білім алады. Оны бітірісімен мұғалім болып, Ақтөбе, Қостанай, Қарқаралы уездерінде ауылдық, болыстық мектептерде мұғалім, Қарқаралы қалалық училищесінде меңгеруші қызметін атқарады. Патша өкіметінің зұлым саясатын, халқына жасап отырған көпе-көрінеу зорлық-зомбылығын, қорлығын көріп-біліп отырып, жан бағып, жайына жүре алмады. С.Сейфуллин 1923 жылы 30 қаңтарда «А.Байтұрсынов елуге толды» деген мақаласында: «Өзге оқыған мырзалар шен іздеп жүргенде, қорлыққа шыдап, құлдыққа көніп, ұйқы басқан қалың қазақтың намысын жыртып, ұлттық арын жоқтаған патша заманында жалғыз-ақ, Ахмет еді… Халықтың арын іздеп, өзінің ойға алған ісі үшін бір басын бәйгеге тікті» деп жазды.

Ол отаршылдықтың озбыр саясатына қарсы халықты ояту үшін халықты ағартудан басқа жол жоқ екенін, надандықпен, қараңғылықпен күресу керектігін толық түсініп, бар ғұмырын осы жолға арнады. Ахметтің саяси күрес жолына түсуіне 1905 жылғы патша манифесі себепкер болды. Қоянды жәрмеңкесінде жазылып, 14500 адам қол қойған Қарқаралы петициясы (арыз-тілегі) авторларының бірі Ахмет еді. Ресей Министрлер кеңесінің төрағасы Виттенің атына жазылған бұл петицияда сол кездегі қазақтардың бүкіл – талап-тілегі көрініс табады. Онда ар бостандығын беру, халықтың өз тілінде білім алуын ұйымдастыру, келімсектерді қоныстандырудан бас тарту, жер қорының жергілікті халыққа тиесілі екендігі туралы арнайы заң актісін қабылдау, «Далалық ережені» және өлкені әкімшілік басқару жүйесін қайта қарау, азаматтық және сот ісін қазақ тілінде жүргізуді заңды бекіту, отарлаушы аппарат чиновниктерінің санын қысқарту, генерал- губернаторды орталықтан тағайындаудан бас тарту, жоғары билік органдарынан отарлаушы өлке депутаттары үшін үлес беру талаптары қойылды («Қазақтар». 1 том. 2003. 91 – б)

Қазақтардың саяси белсенділігінің бұлайша арта түсуі патша өкіметіне, әрине ұнамады. Семей әскери губернаторының Дала генерал-губернаторына жазған хатында Ә.Бөкейхан, Ж.Ақбаев, А.Байтұрсынұлының қызметі өкіметке қарсы болды деп жазуы кездейсоқ емес. Ол бұл үшеуін бір сапқа біріктіріп, «…айқын залалды мақсат тұтқан, оның негізінде халық бұқарасына үкіметке қарсы наразылық сеуіп, әкімшілікке деген дұшпандыққа бейімдеуге ұмтылған» біріңғай пікірдегі ұйым деп те көрсетуге тырысты («Шығыс Сарыарқа». Ал, 2004. 405 б). Осы жерде билеуші жүйе ұлттық интеллигенцияға қарсы жазалау шаралары арқылы халықтың бас көтеруін болдырғысы келмесе, екінші жағынан, оларды іс жүзінде пәрменді саяси күш деп мойындауға мәжбүр болды. Ахмет 1909 жылдың бірінші шілдесінде тұтқындалып, Семей түрмесіне жабылды. ІІМ-нің ерекше Кеңесі 1910 жылдың 19 ақпанында Ахметті қазақ облыстарынан тыс жерге жер аудару жөнінде шешім қабылдады. Осы шешімге сәйкес Ахмет Орынборға 1910 жылы 9 наурызда келіп, 1917 жылдың соңына дейін сонда тұрды.

Ахмет Байтұрсынұлы қазақ зиялыларының рухани көсемі санатында 1913 жылы ұлттық биресмилік «Қазақ» газетін шығарды. «Құрметті оқушылар» атты кіріспе мақалада Ахаң газетті «халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деп анықтай келіп, оның «жұртым» деп халықтың арын арлап, зарын зарлап, халықтың сөзін сөйлеп, пайдасын қорғап, зарына қарсы тұрып, қарғаға көзін шоқытпасқа тырысады», – деген тұжырымы арқылы газеттің қоғамда алатын орнын, оның саяси маңызын барынша айқындап берді («Қазақ» газеті, Ал., 1998, 10-б).

А.Байтұрсынұлы шығарып тұрған «Қазақ» газетінде 1913 жылдан 1918 жылға дейін қазақ қауымының алдында тұрған бірде бір саяси-әлеуметтік, мәдени-әдеби мәселе көтерілмей қалған жоқ десе де болады. Газет бетінде ұлттық мәні бар зәру мәселелердің дер кезінде көтеріліп, қоғамдық пікір туғызу арқылы әлеуметтік күшке айналып отыруы А.Байтұрсынұлын жалпықазақтық деңгейдегі қоғам қайраткері дәрежесіне дейін көтерді. Аханың осы газет бетінде айтқан кейбір пікірлеріне ой жіберейік: «…әр халыққа керегі – өз діні, тілі, жазуы сақталу… Әуелгі үш жылда балалар кілең қазақша оқуы керек… Бастауыш мектепте кілең қазақ тілінде үйрететін нәрселер: оқу, жазу, дін, ұлт тілі, ұлт тарихы, есеп, жағрапия, шаруа-кәсіп, жаратылыс жайы»; «Мектептің жаны – мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектебі һәм сондай болмақшы…»; «Әуелі біз елді түзетуді бала оқыту ісін түзетуден бастауымыз керек…»; «Жастардың оқу-тәрбие жұмысы түзелмей, жұрт ісі түзелмейді…» (Д.Ысқақұлы). Бұлар күні бүгінге дейін маңызын жоймаған, халық келешегін ойлаған әрбәр азаматтың есінде жүрер өміршең пікірлер.

Газет 1917 жылы шілде айында дүниеге келген ұлттық-демократиялық партияны дайындауда салиқалы жұмыстар атқарды. Партия Россияда 1917жылы ақпан революциясы жеңіске жеткеннен кейінгі елде орын алған саяси хал-ахуал берген мүмкіндіктер жағадайында 1917 жылы 12-26 шілдеде Орынбор қаласында өткен бірінші бүкілқазақтық съезде құрылды. Бұл партияға «Алаш» деген ат береді. Ә.Бөкейхан «Қазақ» газетінің №2-7 сандарында «Түрік баласы» деген лақап атымен «Қазақтың тарихы» атты тізбекті мақала жазды. Сонда «Алаш» – Отан кісісі, өз елінің патриоты деген мағнаны білдіреді» деп түсініктеме береді. Ең маңыздысы, автор «бұл – қазақтың басын біріктіретін, қазақты бір ұлт ретінде ұйытатын идея» деп атады (С.Аққұлы).

Съезді шақыру мен оны өткізуде Ахмет Байтұрсынұлы үлкен белсенділік көрсетті. Ол съездің хатшылар тобын ( М.Дулатов, Ә.Көтібаров, А.Сейітов) басқарып, оның маңызды құжаттарын жасауға жетекшілік етті. Съез өткеннен кейінгі екі-үш ай бойы оның шешімдеріне сәйкес Ахаң «Алаш» партиясы бағдарламасының жобасын жасау ісіне белсене қатынасты. Партия бағдарламасы жобасын жасауға, Ахаңмен бірге Ә.Бөкейханов, М.Дулатов, Елдос Ғұмаров, Есенғали Тұрмұхамедов, Ғабдулхамид Жүндібаев және Ғазымбек Бірімжанов қатысты. Алып топ Қазақстан тағдары Ресей елімен тамырлас екенін пайымдады, демократиялық Ресей құрамында конституциялық жолмен республика болуды көздеді. Өз парламенті бар, өз Президенті бар, өзін-өзі билеу құқығы бар бұл республика суверенді (егеменді) территориялық автономия болатын. Петроградта Қазан төңкерісі жеңіске жетіп, Қазақстанда Кеңес өкіметінің орнау процесі жүріп жатқан кезде «Алаш» партиясы бағдарламасының жобасы «Қазақ» газетінің 1917 жылы 26 қарашадағы санында жарияланды. Онда «Алаш» партиясының мемлекеттік құрылыс, жергілікті бостандық, жер, дін, сот, оқу-білім мәселелері жөніндегі мақсат-міндеттері тұжырымдалды. Олардың басым көпшілігі жаңадан орнап жатқан Кеңес өкіметінің айтылмыш мәселелердегі үрдістеріне қайшы келетін еді.

Ахмет Байтұрсынұлы 1917 жылы 5-17 желтоқсанда Орынбор қаласында өткен Бүкілқазақтық екінші съез жұмысына да белсенді түрде ат салысты. Съез талқылап, шешім қабылдаған 10 мәселенің ішіндегі ең маңыздылары бүкіл қазақ жерін біріктіретін Алаш автономиясын (қазақ мемлекеттігін) құру оны басқаратын үкімет – Әлихан Бөкейхан басқарған Алашорданы сайлау және «халықтық милиция» аталған Алаш автономиясының қарулы күштерін жасақтау жөнінде қабылданған шешімдер болды. Автономияны «Алашорда» деп атауда да үлкен мән бар. Оның астарында «Алаш мемлекеті» деген ұғым жатты. Орыстар оған автономия деп қараса, Алаш қайраткерлері ұлттық мемлекет іргесін қалап жатты. Бұл да – үлкен саясат. Ә.Бөкейхан бастаған Алаш қайраткерлерінің ұғымында халық милициясының ең басты қызметі елді қорғау болды. Автономияны алатын шақта әскери жасақ-милиция құрылуы керек делінді.

Алашорда үкіметі құрамын бекіткен 2 жалпықазақ съезі Оқу-ағарту комиссиясын құрып, оның төрағасы етіп Ахметті бекітті. 1919 жылғы наурызға дейін Алашорда үкіметінің Торғай облыстық бөлімінің мүшесі болды. Алашорда Кеңес өкіметін мойындамай, 1918 жылы жазда басталған азамат соғысы жағдайында оған қарсы ашық күреске шыққан күштермен (атаман Дутов басқарған Орынбор казачествосымен, адмирал Колчак басқарған Сібір үкіметімен, Орал казачествосымен, т.б.) одақтасты. Жаулаушы күштердің (Қазақстандағы ) ара салмағы 1919 жылдың басынан Кеңес өкіметі мен Қызыл Армия жағына ауысуы Алашорданың жағдайын қиындатып жіберді. Сондықтан, 1919 жылғы көктемде Алашорда, бір жағынан Колчак үкіметімен байланысты түгелдей үзбей отырып, екінші жағынан Кеңес өкіметімен байланысын жандандыруға мәжбүр болды. Ахмет Байтұрсынұлы 1919 жылы наурызда Алашорда үкіметі атынан Мәскеуге Кеңес үкіметімен келіссөзге аттанды, осы жылғы шілдеде РКФСР Халық Комиссарлар Кеңесі мен Қазақ әскери-революциялық комитеті төрағасының орынбасары болып тағайындалды. Ахметтің ықпалымен 4 сәуірде Алашорда басшылары мен мүшелеріне Кеңес үкіметінің кешірімі жарияланды. Кеңес өкіметі мен Алашорда арасын жалғастырып, ұлттық келісімге жеткізген Ахаң еді. Ахаң бұл тарихи кезеңде «Менің идеалым – қазақ халқының тұрмыс жағдайын, мәдениетін мүмкін болғанша көтеру, ал мұның өзі оның игілікті дамуының алғышарты болғандықтан, мен осы мұратты қандай билік қамтамасыз ете алса, соған риза болмақпын» деген пікірде болды. (Айбын. Энциклопедия. А., 2011.143 б. ).

В.Лениннің ұсынысымен қазақ өлкесін басқаратын қазақ (қырғыз) революциялық комитетінің төрағасының орынбасары болған А.Байтұрсынұлы болашақ қазақ автономиясының аясына барлық қазақ жерін жинауға ерекше қажырлылық танытты. Челябі губерниясына еніп кеткен Қостанай уезін Қазақ өлкесіне қайтару үшін М.Сералинмен бірге В.Ленин атына хат жазып қана қоймай, Кеңестердің Бүкілодақтық атқару комитетіне, РКП (б) Орталық Комитетіне арнайы қаратты.1920 жылы 26 тамызда Қостанай уезі ескі шекарасы шеңберінде Қазақ Автономиясының Торғай облысының құрамына енгізілді.

А.Байтұрсынұлы Қазревком төрағасының орынбасары әрі оның ішкі істер бөлімінің меңгерушісі ретінде 1920 жылы 4-12 қазан күндері Орынбор қаласында өткен Кеңестердің бүкілқазақстандық құрылтай съезіне шақыру және оның басты құжаты «Қазақ АССР еңбекшілері праволарының Декларациясын» дайындауға үлкен үлес қосты. Бұл съезде Ресей Федерациясының құрамындағы Қазақ кеңестік социалистік автономиялық республикасы құрылғаны белгілі. А.Байтұрсынұлы осы республиканың үкіметі – Халық Комиссарлар Кеңесінің құрамына өтіп, оқу-ағарту комиссары (министр ) болып сайланды, ол 1922 жылдан оқу-ағарту комиссариаты жанындағы ғылыми орталықты басқарды. Сонымен қатар, ол Бүкілроссиялық Атқару комитеті мен Қазақ республикасы Орталық Атқару Комитетіне мүше болды. «Декларацияда» А.Байтұрсынұлының тікелей араласуымен қазақ еңбекшілеріне тегін білім алу құқығы заң жүзінде бекітілді. «Декларацияда» Ахаңнын табандылық көрсетуі нәтижесінде мектептер мен басқа орындарда ғана емес, республиканың барлық мемлекеттік мекемелерінде де өзінің ана тілін пайдалану құқығы берілді (Қазақтар. Тарихи оқиғалар. Т1. Ал., 2003. 110 б.). 1921-25 жылдары Орынбордағы, 1926-1928 жылдары Ташкенттегі Қазақ халық ағарту институттарында қазақ тілі мен әдебиеті, мәдениет тарихы пәндерінен сабақ берді. Бір сөзбен айтқанда Ахаң Кеңес заманында ұлтқа қызмет етуді бір сәт тоқтатқан жоқ.

Тоқсан ауыз сөзімізді М.Әуезовтың мына сөздерімен түйіндейміз: Ахаң ашқан қазақ мектебі, Ахаң түрлеген ана тілі, Ахаң салған әдебиеттегі елшілік ұраны – «Қырық мысал», «Маса», «Қазақ» газетінің 1916 жылдағы қан жылаған қазақ баласына істеген еңбегі, өнер-білім, саясат жолындағы қажымаған қайраты, біз ұмытсақта, тарих ұмытпайтын істер». (М.Әуезов. «Қазақ әдебиеті», 23.12.1988 ж.).

Ерғазы ҚАДАШҰЛЫ,

тарихшы.

Басқа материалдар

Back to top button