Руханият

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы мектеп-гимназия алаңына Ұлт ұстазының ескерткіші орнатылды

Ұлттық мәдениет пен әдебиеттің, білім мен ғылымның ірі реформаторы, Алаш көсемі, тіл білімінің атасы Ахмет БАЙТҰРСЫНҰЛЫНЫҢ 150 жылдық мерейтойына орай ұлт ұстазының рухына тағзым ету мақсатында Қарағанды қаласындағы А.Байтұрсынұлы атындағы мектеп-гимназия ауласына орнатылған ескерткіш тастың ашылу салтанаты өтті.

Өте тартымды әрі қанық етіп жасалған ескерткіш тас ұлт жанашыры, ақын, Қарағанды университетінің оқытушысы Айтбай Жұмағұлдың бастамасымен жүзеге асқан. Қашап салған – осы саланың шебері, Қарқаралы аудандық мемлекеттік архивінің басшысы Манарбек Кәрім. Оны Қарағандыға жеткізуге Қарқаралы ауданының әкімі Ерлан Құсайын қол ұшын берсе, орнатуға кәсіпкер-меценат Сапар Ипкеев мұрындық болған. Жан-жағын абаттандыруға бұқаржыраулық Амантай есімді құрылысшы ағамыз қолғабыс еткен.

 Ескерткіштің ашылу салтанатында қалалық мәслихаттың хатшысы Құдайберген Бексұлтанов, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің археология этнология және Отан тарихы кафедрасының доценті, «Тұлғатану» орталығының директоры Нұрсахан Бейсенбекова, қалалық білім бөлімінің басшысы Есентай Әшім және идея авторы Айтбай Жұмағұл сөз сөйлеп, жиылған көпшілікті осындай игі шарамен құттықтады.

Құрметті оқушылар! Сіздер өте бақыттысыздар! Біз шәкірт болған кезде осы мектеп Ахмет атамыздың атымен аталып, қазақ тілінде білім береді, ауласында Ахмет бабамыздың ескерткіші тұрады деп ойламаған едік. Мұның барлығы – Тәуелсіздіктің жетістігі. Тәуелсіздікті сақтау жолында әрқайсымыз күресуіміз керек. Тәуелсіздік – ең қымбат байлығымыз. Осы жолда Ахмет атамыз басын бәйгеге тіккен. Осыны ұмытпаңыздар, – деді Есентай Әшім мырза.

Ескерткішті ашу мәртебесі Ахметтей ұлы ұстаздың ізін жалғастырушы аталған мектеп-гимназияның 4-сынып оқушысы жас Ахметке бұйырды. Өте алғыр әрі білімді кішкентай Ахмет, Ахмет атасының бір өлеңін жатқа оқып, көпшілікті бір серпілтті.

Ұлт ұстазының рухына тағзым етіліп, 1 минут үнсіздікпен еске алды. 

Мектептің жоғары сынып оқушылары ескерткішке гүл шоқтарын қойып, Ахмет Байтұрсынұлы жайлы жазылған арнау өлеңдерін жатқа оқыды.

Ескерткіш тасты қашап жасауға 1 жұмадай уақыт кетті. Жартылай мрамор. Ені – 1,20 см, биіктігі – 2,20 см. Салмағы шамамен 2 тоннадай. Бұрын кішігірім дүниелер жасап жүргенмін. Петроглифтер салып жүрдім. Алғаш үлкен жұмыс ұсынған – Халел Мақсұтов ағамыз. Ұлым көмектесетін. Ол әскерде. Бұл жолы жалғыз өзіме қиындау болды. Суретті де ұлым салады. Мен қашаймын. Абайдың екі ескерткішін, Бұқар жыраудың бір ескерткішін жасағам бұған дейін. Айтбай Ботбайұлы ініммен танысып, бірлесе осындай жұмыстар атқарып жатырмыз. Тас – Қарқаралы ауданындағы Қорғантас тауынікі, – дейді Манарбек Әзімбекұлы.

«Ұлы адамдар өз ескерткіштерінің тұғырын өзі орнатады, мүсінін болашақ соғады» демекші, бұл күні Ахаңның тағылымы – тарих, білімі – мұхит, сөзі – әфсана. Ахмет ашқан қазақ мектебі, Ахмет түрлеген ана тілі, Ахмет салған әдебиеттегі елшілдік ұраны болып, еткен еңбегі, өнер-білім, саясат жолындағы қажымаған қайраты ұрпаққа қашанда үлгі-өнеге.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button