Жаңалықтар

Кесене – тарих жаршысы

Облыстық тарихи-өлкетану музейінде белгілі журналист, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісінің иегері, Қырғыз Республикасының мәдениет қайраткері Әшімхан ЖАМПЕЙІСОВТІҢ «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жарыққа шыққан «Сарыарқа кесенелері» фотоальбомының тұсауы кесілді. Мұнда Арқа атырабында әр кезеңде ғұмыр кешкен 52 тұғырлы тұлғаның қысқаша өмірдерегі мен кесенесі жайында мәліметтер жинақталған.

Сарыарқа – тағылымды тарихтың, алып тұлғалардың рухы тоғысқан құтты да киелі жер. Елінің азаттығы мен бостандық жолында найза ұстап жауға шапқан батырларымыз бен данагөй билеріміз ел ертеңі үшін жан қиды. Сол заманнан қалған көне жәдігерлер, бабалар басына қойылған кесенелер еді. Міне, сол бабалар ерлігін насихаттап, тарихи-мәдени құндылықтарды бағалай білу – ортақ парыз. Ал, парызға адалдықтың бір мысалы ретінде Әшімхан Сламбекұлының туындысын ауыз толтырып айтуға болады.

Бұл еңбек бір ай немесе бір жыл ішінде құрастырылып шыққан дүние емес. Жылдар бойы тірнектеп жинаған еңбегінің нәтижесі. Дауылды күнде дала кезіп, тау асып іздеп барып қана қоймай, оны 3 тілде басып шығару – ерлік. Бауырымыз өзі физик. Бірақ, журналистика саласына қосқан еңбегі бір төбе. Міне, бүгін бауырымызды жаңа қырынан танып жатырмыз. Біреулер тарихты тастан, топырақтан іздесе, Әшімхан кесенелерінен іздеп тапты. Бұл – үлкен тарих. Сонау VI ғасырдан сыр шертетін тарихты – күмбездер арқылы беріп отыр. Күмбезді зерттеудің негізін салған әуелі Ақселеу ағамыз еді. Одан кейін осы жұмысты қолға алған Әшімхан бауырымның еңбегі зор. Қазақ даласындағы соғыстың бәрі – жерден басталған. Ал, жер үшін соғыс бейіт бұзудан басталған, – деді этнограф Төрехан Майбас.

Автор фотожинақты 2013 жылдан бастап әзірлеген. Алаша хан мен Жошы ханнан бастап, Сарыарқа өңіріндегі 52 кесенені топтастырған. Бұл қатарға, ел анасы Жұбан ана мен Болған ана кесенесі де енгізілген. Бір айта кететіні, кітап облыстың мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының мәдени ескерткіштерді қорғау орталығының басшысы Түркібай Төлеуовтің қолдауымен 50 дана болып шыққан екен.

Тарихтың зерттеліп, жазылып жатқаны қуантады. Осы уақытқа дейін түрлі тақырыптағы 100-ден астам кітап шықты. Бірақ, Әшекеңнің кітабы – өзгерек. Бұны біз сырттан келген туристерге ұялмай көрсетіп, тарихымызбен таныстыруға таптырмас құрал деп білеміз. Алғашында, осы жобаның нобайын алып келгенде қуанып, келісе кеттік. Бірақ, қаржыға байланысты таралымы аз болды. Алдағы уақытта тағы да шығарып беруге уәде беремін. «Тарихымыз бар» деп мақтанғаннан не пайда, егер ол тарих жастарға жетпесе? Заманауи ресурстарды пайдаланып жастарға жеткізуіміз шарт. Сонда тарих өлмейді, – деді Түркібай Төлеуов.

Ал, автор:

Кітаптың салмағы 1 келі болса, оның, рухани, тағылымдық мәні одан да зор. Біздің даламызда елдің жазбасы, жердің сызбасы болмай тұрған кезде, ел осы кесенелерге қарап жерінің шекарасын, аумақтық территориялық тұтастығын айқындап отырған. Сондықтан, шекара ретінде, елдің беріктігін, тұтастығын сақтайтын мәңгілік мұра деп білемін. Фотоальбомды жарыққа шығару үшін демалыс күндерімді пайдаланып, өңірде орналасқан кесенелерге арнайы бардым, – деді ол.

Ербол ЕРБОЛАТ.

Басқа материалдар

Back to top button