Жаңалықтар

Ғабиден МҰСТАФИН: Өндіріс эстетикасы (Техника өнер және эстетикалық категория тұрғысында)


4. «КӨЗКӨРГЕН» және тағы да басқа роман-повестері

Жазушы Ғ.Мұстафин аса білімдар адам еді. Ол қазақ және орыс тілдерінде әлем әдебиетімен жақсы танысып шықты. Жазуы түзелді, шеберлігі артты, сөз саптасы кемелденді, сюжет құруды еркін меңгеріп алды. Образ сомдаудың қыр-сырына қанықты. Қаламы төселді, тақырыптары айқындала бастады.
Бертін келе бірнеше әңгіме-очерктердің авторы атанды. Бейнетқор қаламгер еңбекшіл қасиетінің арқасында көп оқыды, көрген-білгенін көкірегіне түйіп, көңіліне тоқып отырды, ақыры жаза-жаза кәсіби биік деңгейге жетті. О бастан жүрдім-бардым жазуды бірден доғарып, байсалды, сабырлы ұзақ жанрды игерді. Жаңа роман уақыты келді.
Жазушылығы күшейе берді. «Миллионер» повесі, «Шығанақ» және «Дауылдан кейін» атты романдары қазақ ауылдарында Совет өкіметін орнату жұмыстары қалай жүргізілгені жайлы баяндады.
«Шығанақ» шығармасы ұжымдастыру науқаны қызған тұстан басталады. Бұл НЭП дәуірі еді. Бай-шонжар Олжабек күллі мал-мүлкімен колхозға енуден бас тартып, жаңа заман кұрығынан қашып құтылу үшін туған елінен басқа жерге қоныс аударады. Басы ауған жаққа кетіп бара жатқан көш алда не күтіп тұрғанын да білмейді. Негізгі қаһарман отызыншы-қырқыншы жылдары тарыдан мол түсім алған Шығанақ Берсиевтің өзі. «Трудовому подвигу этого замечательного колхозника, после выхода романа Г.Мустафина, посвятил свою поэму и прогрессивный немецкий поэт Бертольт Брехт («Казахская советская литература» атты 3-томдықтың 3 томы , 543-бет, «Наука» баспасы, Алматы, 1971 жыл)».
«Өмір мен өлім» (1940), «Шығанақ» (1945), «Қарағанды» (1952), «Дауылдан кейін» (1960), «Миллионер» (1948), «Көзкөрген» (1963) туындылары дүниеге келеді. Шоқтығы биік ең үлкен шығармасы, меніңше, – мемуарлық үлгіде жазылған «Көзкөрген» романы.
Бұл шығармада қалтарыс-бұлтарыс көп. Мейлінше еркін жазылған, көркем сөзбен кестеленген. Деректі оқиғаларға құрылған. Шынайылығы «Көзкөргенді» күшейте түседі.

5. «ҚАРАҒАНДЫ» РОМАНЫ

Өткен ғасыр көшпелі жұрт өміріне жаңа бетбұрыс әкелді. Кенесары аңсаған техника – сайын дала, құла дүз, қыр-жота – жықпыл-жықпыл бұйра толқынды тау-үстірт үстінде қаптай бастады. Капитализм көмір, темір, мыс рудаларын үйіп-төгіп артқан ырдуан арбаларды қинала сүйреген машина күйінде, аузынан от шашқан зеңбіректер түрінде көрінді.
Жауды толық жеңіп бітпеген жұрт қаруын тастап үлгермей жатып, жаңа күрес басталды: бесжылдық еңбек майданы ашылды. Көміршілер құдық санын көбейтуді мақсат тұтты. (Қарағанды-Теміртау бір өндірістік цикл құрды). Жан-жақтан мамандар ағылды.
Роман С.Щербаков тобын, Донбастан келген меймандарды (механик Б.Козлов, слесарь Лапшин, инженер Орлов) қарсы алудан басталады. Ермек қолындағы зауыт кілтін жаңадан сайланған трест бастығы Щербаковқа табыс етеді.
Жергілікті партия нұсқаушылары – Тельман аудандық атқару комитетінің төрағасы Қанабек, парторг Мейрам – қатысқан топ алдында ескі шахтер, еңбек ардагері Щербаков жолдас қысқаша сөз сөйлейді: «Осы далада Апақ Байжанов қой бағып жүріп, суыр інінен Қарағанды көмірін тапқалы жүзге жуық жылдар өтіп барады. Содан бері орыс-ағылшын
капиталистері қазақ жерінің байлығын, қазақ халқының арманын осы кілтпен жауып ұстағандай болса, біз енді осы кілтпен бәрін ашамыз».
Пафос уақытына тән. Шығарманың өз алдына идеологиялық мақсат қойғанын жоққа шығара алмаймыз. Автор оқырманына емеурін тастайды, ойын аңғартып өтеді. Щербаков сөзінде қаламгердің идеясы жатыр. Басында айтылған арман-мұрат аяғында жүзеге асып жатқаны көрсетіледі.
Енді шығарманың соңына ауысайық. Пафос өзгермеген, жасампаз еңбек атмосферасы бірқалыпты, кейіпкерлер түгел орнында, болашақ айқын, мұрат – жалқы. Бірақ, бізді қызықтыратыны – образдың саяси тұлғасы емес, өндірістік қаһармандардың жанрлық толымды не толымсыздығы.
«Көмір тиеген ұзын составтар Оралға, Балқашқа тартқан үлкен жолдарға әр тұстан құйылып жатыр. Аяқ астындағы терең забойдан шыққан мына поезд да кең арнаны жаңғырта солай тартты. Жол үсті тынымсыз ағын. Тау суындай шапшаң, қара бұйра көмір ағыны сарқырай ағып барады… Щербаков: Сонау бұлдырап көрінген сораң, Шерубай-Нұрасы Қарағандының жаңа аудандары болады. Көмірлі қала енді солай қарай өседі. Жұмыс аумағы екі-үш есе ұлғаяды. Борис Михайлович комбайнды тез бітір…»
Кітапқа қызығып кіресіз, бұзылып шығасыз. Бұрын елеп-ескермеген есіл дүниелер еске түседі. Ғабиден Мұстафин шығармаларынан көшпелі мәдениетті тықсырып, ығыстырып келе жатқан өркениет дабысы естіледі. Зауыт пештері гүрілдеп, қыза түседі. Шойын пойыздар лек-легімен белгісіз бір жақтарға асығып кетіп бара жатады. Алғашқы сөйлемінен ақырғы жолына дейін темірдің балқығаны, көмірдің жанғаны құлаққа жетіп жатады. Ары-бері жүйткіген көліктер отанымыздың алып жүрегіндей тоқтамай соғып тұрады. Оқыған сайын от жалыны күшейеді. Ыстықтың табы кітаптың бетін ашқанда қарсы алдыңыздан біртіндеп жайлап есіп, соңыра бетіңізді күйдіре бастайды. Құдыққа түскендер бір-біріне дауыстап тіл қатады. Көмір қазушылардың темір қайласы байласқан, тұтасқан көмір тастарын оңай бұзады, қабырғалар құлағанда, ыдысқа төгіледі, толғанда жоғары өрлейді. Металл үні, ара жүзі әлсін-әлсін тоқтап-тоқтап қойып, көп ұзамай, қайыра жұмысқа кіріседі. Мамыражай шақ, бейбіт еңбек, күнделікті қарбалас артында, тыныш өмір сыртында, бір алапат күтіп тұрғандай әсер қалдырады. Бірі бай кәмпескелеп келе жатады, бірі колхоз құрамыз деп шапқылап жүреді. Әйтеуір қазақ даласында тыным жоқ, ел шулаған, жұрт дүрліккен, тап тартысқан заман. Бұл 1920-шы жылдары еді. Жарлы-жақыбай бас қосып, оңаша, оқшау жинала қалса, бай-шонжарды тізімдеп, Ібір-Сібір асырамыз, Итжеккен айдатамыз деп даурығады. Кіжінеді. Қырдағы ауыл қызығынан айырылды, еңбек тоқтады, жұрт тозды. Советке қарсы дәулет иелері (Ырымбек, Бейсек) қолдан келгенше зиян тигізіп бақты. Таптық күрес әлсіреудің орнына күшейе берді. Автор, неге екені белгісіз, Бухаринды зиянкестер көсеміне сайлап қояды. Қазақ жатақтары (Жанәбіл, Ермек, Жұманияз, Сейталы) қара шоғырлана бастайды. Қайран Алаштың өз күресі бар еді. Қырғыны да көп. Партия бөлімшесінің жетекшісі Мейрам жолдаспен пойызда танысамыз. Бұл эпизод «Нақұрыс» пен «Анна Каренина» романдары ситуацияларына ұқсап кетті. Қырдан қалаға ағылған көшпелі жұрт, негізінен, ірі өндіріс ошақтары жанына қоныстанды, бір жерге орнығып, тұрақтана бастады. Кітаптың бетін қайырған сайын домна пешінің қақпасы қайта-қайта ашылғандай, лап еткен көмір қызуының лебі бетіңізді қарығандай болады.
Романда «аға халықтың» советтік бейнесі, жасампаз образы жақсы көрсетілген. Жергілікті еңбекшілер екінші қатарда. «Орнын біледі, өзгенің миссиясын жақсы түсінеді».
Бірақ, бәрібір, қазақ тарихында «Қарағандыдан» асқан өндірістік роман жоқ: себебі алғашқы кәсіпорындарды тұрғызып, кен қазып, шикізат күреп, қарапайым еңбек қаруымен қаруланып, өнім өндірген қым-қуыт заман туралы, ерекше атмосферасы жайлы шыншыл, шынайы, басқа шығарма енді жазылмайды, тап туралы – қазақ бастан кешкен ұжымдастыру науқаны өндірістендіру тақсыретіне ұласқан қасіреті қақында – қалам тартар ешкім жоқ, тіпті, ғылыми-техникалық революцияның мамыражай уақыты өтті. Социалистік қоғам құрылды, жетпіс жыл бойы жалған сөйлеп, жамырай өмір сүрдік. Жеті күнде құрыды. Біз оңай құтылдық. Бірақ, роман құндылығы дәуірдің көркем образын жасаған автордың суреткерлігінде һәм тақырыптың ерекшелігінде.

Индустриаландыру дәуірі аяқталды. Енді аталған тарихи кезең озып, орнына күллі әлемді біртұтас ғаламтор кеңістігіне айналдырған ұлы заман келді, компьютерлік таным барлық ғылыми ізденістердің алдына түсті. Кез келген проблемалық үлгі әуелі жылдам ойлайтын машиналар тезінен өтіп, тексеріліп, сосын, терезелерінен, тақталарынан көрінді.
Ғылым озды, бірақ, ІТ технологиялар ғылымнан да озды, топ жарған компьютер ақырында қара үзіп алға шықты.

Бұрын ғылыми ақиқаттың дүниежүзілік маңызы бар еді, қазір ол бір ғана кәсіпорын не өнеркәсіп мұрат-мүддесіне қызмет етеді.
Бәрі есептеулі. Тіпті, келешектің жолын да, көлемін де санап қойған. Сондықтан, жоспардың жүзеге асырылатыны жүз пайыз, еңбек нәтижелілігі екі есеге артық.

Бірақ, пейілдің өлшемі жоқ, өнердің өлшемі бар. Өнер өлшеулі. Өнерде шарт көп, сондықтан, тереңге түседі, биікке көтеріледі, алысты жақындатады, таяуды алшақтатады. Адамның айта алмайтынын өнер асырып айтады.
Өндіріс тақырыбына қалам тарту оңай емес: Ғабиден Мұстафиннен кейін Әмен Әзиев («Жез таулар» немесе «Мыс ошағы») пен Медеу Сәрсеке (Қаныш Сәтбаевқа арналған еңбектері) шығармалары баспадан жарық көрді.
Совет жылдары С.Сейфуллиннің «Жемістері» (повесть, 1935), Ә.Әбішевтің «Завалы» (әңгімелер жинағы, 1936), «Жас түлектері» (роман, 1945 жыл), С.Ерубаевтың «Менің құрдаста- рымы» (роман, 1934-1935 ), Ғ.Слановтың «Жанартауы» (роман, 1945) тәрізді шығармалары жазылды.

Тіпті, XIX ғасырдың өзінде, өндірістік тақырып алдыңғы орынға шыққан дәуірде, капиталға деген құштарлық әлемді жаулаған заманда темір-терсек тақырыбын көбісі жатсынып жүрді. Батылы барғандар ішінде, ат төбеліндей азғана топ қатарында: Оноро де Бальзак, Эмиль Золя, Теодор Драйзер, Джек Лондон, Артур Хейли, Томас Пинчон, Илья Штемлер (Ресей), Том Клэнси және т.б. болды.
Н.Лейдерман пікірінше, өндірістік роман (Occupational Novel) дегеніміз бас қаһармандар образы жұмыс орнында, қызмет бабында ашылатын, күллі сюжеттік желі ірі өндіріс ошақтарына қатысты уақиғалар төңірегінде өрбитін әдеби жанр түрі.

«Қарағанды» адамзат тарихындағы тағы бір ұлы көштің тоқтағанын паш етеді. Әлем халықтары біртіндеп көшпелі өмір салтын артқа тастап отырықшы елге айналып келеді.

Дүние жүзіндегі күллі этникалық отырықшы топ бір заманда көшпелі кезеңді басынан өткерген еді.
Көш кідірсе де көшпелі ойлау жүйесі
кідірмейді. Себебі, тіл – көшпелі тіршілік иесі. Әрі көшіп-қонған халықтың дүниетаным авторы. Өмірдегі де, ойдағы да ұғым-түсініктің бәрі (құбылыс та, қатынас та) тілде өмір сүреді. Біз көшпелі екендігін тұрмысына қарап емес, тілдік белгісіне қарап айтамыз.
Қазақ тілі – лексикалық және семантикалық тұрғыдан алғанда, әлі күнге шейін көшпелі халықтың тілі. Бір нәрсені түсіндіргенде көшпелі салт-дәстүрдің тіл орамдарына, мақал-мәтелдеріне, тәмсіл-мысалдарына, салыстырмалы эпитет, асқақ метафораларына жүгінеміз.

Қозы көш жер, сүт пісірім уақыт, тай-құлындай тебісіп өсу, ат басындай мұң, қой тұяқ алтын, шоқыдан екі-үш атты құлады, күн арқан бойы көтерілді, арғымақтай сұлу, ботакөз, төсекте басы, төскейде малы қосылған…

Енді кітаптан үзінді келтірейік, жазушы бір кейіпкерін (Ермек) сомдағанда: «Сөзінде ауыл тілі көп», деп жазады (101-бет, II том, «Сарыарқа кітапханасы»).

«Арқан бір тулап, шерте қалды да, зулай жөнелді. Жер асты күнше күркіреді. Әлібек қабырғаға жабыса қалғанда, қабырғадағы ыстық бу трубасын ұстай алып, қолын тартып алды. Көмір тиеген үш-төрт вагонетка ағызып өте шықты. Бұрын қолмен бұрап, атбарабанмен шелектеп тартатын көмірді енді вагонеткалап тартып жатыр. Бұл тек будың күші. Электр станциясы біткенде не болмақ?!»
Бұл өндірісті бейнелеген мәтін. Автор циклдар мен процестерді кейіптегенде қысқа жазуына тура келеді. Модернизм классиканы ықшамдамағанда зауыт-фабрика жұмысын дәл суреттей алмас еді. Сөйтіп, біз модернизм мен капитализм (социализм) арасындағы байланысты табамыз. Ұзын сөйлемдер қайтіп шағын жер асты ұясында, тар құдықтарда көмір қазғандарды кеңінен сипаттар еді?

Капиализм ҒТР-ды ойлап тапты, ҒТР модернизмді тудырды. Постмодернизм – ІТ технологиялардың туына айналды. Оқимыз.
«Негізгі штректің біраз жеріне жайылған су әлі сіңіп болмаған. Шылқылдап жатыр. Су жұмсартқан табанға ағаш тіреулер түгіл көмір діңгектер де бата түскен. Төбенің кей ері төмендеуге бейім. Темір жолдың бір жерін ісінген жертабан бүкірейтіп жіберіпті. Жан алып, жан берген қызу жұмыс осында. Штрек бұзылса, жан-жақтан жам жолмен келетін көмірге жол кесілгені» (216-бет).
Бірақ, төмендегі мәтін мұраты басқа, оның тарихи модификацияға қатыстылығы жоқ. Әлеуметтік мәселені көтеріп тұрған күн тәртібі.
«Белгілі Бәйтен жұмсақ егеумен егейтін темірді түрпідей егеумен егіп тұрғанын көрдім. Көп ауылдың ішінде бір әйел көмірді жаға білмей, ақ жапаны жоқтап тұрғанын көрдім. Екеуінде де Жанәбіл айтатын «кулак қастандығы» жоқ. Білім жетпей жатыр» (102-бет).
«Донбасшылардың қазақ ауылы туралы ұғымы қызық», – деп күлді Ардақ. – Қазақ ауылынан Шоқан, Ыбырай, Абайлар да шыққан. Естімеп пе едіңіз. Қазақтар Пушкин, Лермонтовқа қоса Шевченконы да оқиды» ( 110-бет).

Қазақ ауылы өзгерсе де, қазақ ауылы туралы ұғымдар өзгермеген екен. Бұл саяси мәселе. Теріс көзқарас, ұшқары ой.

Сөзімізді түйіндесек, «Қарағанды» романы Ғ.Мұстафин шығармашылығы ғана емес, қазақ және әлем әдебиеті шеңберінде кезінде ұрандатып келген жаңа жанрдың көрінісі. Егер, біз эстетикалық ұстанымнан туатын көзқарас тұрғысынан қарайтын болсақ, құбылыстың эстетикалық құндылығы қоғамда қалыптасқан нормаға байланысты бағаланады. Яғни, көзқарас менікі, ұстаным қоғамдікі. Жалпы, ұстаным жеңе ме, әлде, жеке көзқарас үстем шыға ма, оны Құдай біледі.

27.06.2022 ж.
(Соңы. Басы өткен санда).

Дидар АМАНТАЙ.

Басқа материалдар

Back to top button