«Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы»

ҚАРАҒАНДЫДА ӨНДІРІЛЕТІН ҚҰРҒАҚ САУМАЛ қатерлі ісік аурулары мен коронавирусты емдейді

2015 жылдан бері қазақстандық және әлемдік нарыққа «Саумал» атты бренд енді. Оның басты ерекшелігі – дайындалу технологиясында. Биенің құрғақ сүтінің бойындағы пайдалы қасиеттер 24 айға дейін сақталады. Танымал әрі тиімді тауар жайлы толығырақ білу үшін LIFE09 ақпараттық порталының тілшісі өндіріс орнына барып қайтты.

  Қазақ пен неміс балаларының тоғысқан арманы

«ЕуразияИнвест Ltd» ЖШС-нің иесі – Қадырбек Мейрамбеков. Кәсіпкер бала кезден жылқы шаруашылығын ашуды армандаған. «Жеті қазынаға» кіретін жануардың бойындағы қасиеттерді құлағына сіңіріп өскен. Қайтсем халқыма пайдамды тигіземін деп ойланып жүргенде алдынан өте жақсы идея шығады. 2013 жылы Лондон сапарында азық-түлік дүкеніне кіреді. Ол жерден латын тілінде «Stutenmilch (бие сүті)» деген жазуды көргенде қуанып кетеді. Әйеліне: «біздің қазақ жігіттері мықты, шетелде ұлттық өнімді дәріптеп жүр екен», – дейді. Анықтап қараса, Цольман деп жазылып тұр. Кәсіпкер елшілік арқылы Цольманды іздеп табады. Ол Германияда тұратын неміс ғалымы болып шықты. Саумалды құрғақ сүтке айналдыру тәсілін 40 жыл зерттеген. Ганс Цольманның қайын атасы Ұлы Отан соғысы кезінде жау қолына түсіп, Қазақстанға жер аударылады. Туберкулездің ауыр түріне шалдыққанын білген Кеңес әскері оны жарамсыз деп лагерьден қуып жібереді. Өлім аузында жатқан Рудольф Шторхты қонақжай қазақ отбасы үйіне кіргізіп, күнде қымыз бен саумал беріп, дертінен емдеп алады. Кейін ол Отанына оралған соң, бие сүтін дәріптеуді өмірлік миссиясына айналдырады. Рудольф қайтыс болған соң, бастаған ісі күйеу баласына өтеді. 2015 жылы қазақ кәсіпкері ғалымға қыруар қаражат төлеп, Қарағандының Осакаровка ауданына алып келді. Ганс Цольманның жобасы бойынша неміс технологиясымен үлкен зауыт салып, жұмысқа кірісті.

 

Сублимацияланған саумал немесе биенің құрғақ сүті

Қадырбек Мейрамбековтің шаруа қожалығында 2500 жылқы бар. Ал жайылымдық аймақ – 35 000 га, жем-шөп егілген егістік – 11 000 га. Биелерді азықпен өндіріс өзі қамтамасыз етеді. Жерді баптайтын техникалары да бар. Үлкен зауыт үшін бұл тиімді дейді кәсіпкер. Өндірісте 150 жұмыс орны бар. Күніне биелерден 5 тонна сүт сауылады. Ал жылына 50 тонна құрғақ сүт өндіріледі. Цех «Бұйратау» ұлттық паркіне жақын жерде орналасқандықтан, сүттің сапасы жоғары. Бас сауыншы Гүлмира Нұрмағанбетованың айтуынша, жұмыс таңмен басталады. Түні бойы жайылымда жүрген биені құлынынан ажыратып кезекпен сауын аппараттарына орналастырады. Бірнеше жылда биелер күнделікті қызметіне үйреніп алған. Кезегі келгенде аппараттың жанына тұра қалады. Олар күніне 5 рет сауылады. Әр қайсысы 3-4 литр сүт береді. Бір қызығы, биенің желініне адам қолы тимейді. Аппаратты кигізер кезде антисептикалық сұйықтықпен сүртеді. Бәрі стерильді. Автоматтандырылған компьютер арқылы басқарылады. Биеден шыққан сүт тікелей цехқа өтеді. Арнайы құрылғыларға құйылып 4 градусқа дейін суиды. Салқындатылған сүт пастерлеу құралына өтіп, 72 градуста микробтардан тазарады. Содан кейін жалпақ қалыптарға құйылып, немістің сублиматор деп аталатын құрылғысына орналастырылады. Сүттің бойындағы пайдалы қасиетін сақтап, ұнтаққа айналдыратын дәл осы аппарат. Құрғақ сүт алу үшін екі күн күту керек дейді бас технолог Дамир Жүсіпов. Сондай-ақ, алынған құрғақ сүттің әр партиясы лабораториялық тексеруден өтеді. Егер құрамында қауіпті микроб, инфекция анықталса, өнім сатылымға жіберілмейді. Бұл – тұтынушы алдындағы жауапкершіліктің айғағы.

 

«Құрғақ саумалдың» тұтынушысы кім?!

Саумалдың бойында көптеген пайдалы дәрумендер мен минералдар бар. С, Д, биотин, В12, фолий қышқылы мен селен сынды пайдалы дәрумендер иммундық жүйені қалпына келтіреді. Еуропа ғалымдары саумалдың обыр дертінен кейінгі қалыптасу этапында аса тиімді екенін дәлелдеді. Әдетте химия алған пациент ағзасы 40 күнде қалпына келсе, саумал ішкен науқастың лейкоциттері 20 күнде көбейгені байқалған. Сондай-ақ, әлемді жалмаған пандемия кезінде бие сүтін ішкен адамдардың басым бөлігі індетті жеңіл өткерген. Биенің құрғақ сүті – балғын саумалдың аналогы. Екеуінің бойындағы пайдалы қасиеті бірдей. Бұл өнім – қаладағы қарбаласта уақыт таппай жүргендерге тиімді. Саумал терапиясын қабылдаймын деп ауылға барудың қажеті жоқ. 200 мл суға 20 грамм құрғақ сүтті араластырасыз да, ішіп алып жүре бересіз. Өте ыңғайлы. Сондай-ақ, ғалымдар бие сүті ана сүтімен 90 пайызға ұқсас екенін дәлелдеді. Тек майлылығы жағынан айырмашылық бар. Кәсіпкер болашақта балаларға арналған құрғақ сүт шығарғысы келеді. Оған дайындықты бастап та кетті. Швейцариядағы балалар тағамын зерттейтін институтпен ақылдасып, кеңес алған. Статистикалық мәлімет бойынша, әлемдегі әйелдердің 30 пайызынан сүт шықпайды, 30 пайызында өте аз. Ал нарықта саудаланып жатқан қосымша тағамдар балалар арасында аллергияның көбеюіне әсер етуде. Себебі, сиыр сүтінен бөлінген ақуыздар асқазанға барғанда ерімейді, ішекке түзіліп, ластайды дейді ғалымдар.

 

Сублимацияланған саумалды қайдан, қалай, қаншаға алуға болады?!

Қарағандыда жасалған өнімнің негізгі тұтынушысы – Қытай. Пандемияға байланысты аталмыш елмен шекара жабылды. Сауда тұралап қалды. «Еуразия Инвест» ЖШС кәсіпті дөңгелету үшін Үкіметтен 2,5 млрд теңге көлемінде несие алған. Сол себепті, әзірге ішкі нарықтағы саумал бағасы қымбат дейді компания басшысы. Ол қарыз толықтай өтеліп, өндірістің тасы өрге домалағанда құрғақ сүттің сомасы қолжетімді болады деп уәде берді. Сублимацияланған саумалдың 1 келісі 50 000 теңге. Ол 40 күнге есептелген. Сақтау мерзімі 24 ай. Аталған өнімді қазақстандықтар https://saumal.kz/ сайты арқылы тапсырыс бере алады. Кәсіпкер алдағы уақытта өнімді Еуропаға экспорттауды жоспарлап отыр.

Сәния БАҚЫТҚЫЗЫ.

Басқа материалдар

Back to top button