Руханият

Ғылым мен өнер шежіресі

Жер бетіндегі ғұмыр кешіп жатқан елдер мен халықтардың рухани құндылығы мен мәдениетіне үңілгенде ең алдымен парасаттылығын парықтауды фольклорынан іздейміз. Дария бастауы – бұлақ болса, адамзаттың алғашқы арманы мен тұрмыс-тipшiлiк үшін күрес ақпары сонда екенін ғылым анықтаған. Халық даналығының шежіресінен тарихшы, тілші, этнограф, педагог, психолог, философ, өнер танушы тағы басқалар болсын керегін табады. Әрбір ұлт пен ұлыстың болмыс-бітімі, дүние туралы таным-түсінігі, салт-дәстүрі тілі мен дінінде синкреттілік тән төлтума болмысы фольклордан сәуле шашады. Солай екені шындық. Алайда, рухани құндылықтарды қаз-қалпында жинақтап, шашпай-төкпей дер кезінде хатқа түсіріп алу жағынан біздің кем-кетіктеріміз бар еді. Екіншіден, ұлттық фольклорымызды түбегейлі тексеріп, тереңдей ғылыми талдаулар жасауға Кеңес дәуірінің кедергілері болып бақты. Қазақстандағы жоғары оқу орындарында фольклортанушы ғалымдар жетіспеді. Ұлттық фольклортану ғылымының тынысы тарылып, тар шеңберде ғана ғылыми зерттеулер жүргізілді. Қасаң қағидалардан асып кеткендер болса, дереу сынға алынып келді. Ұлтсыздандыру жолындағы майданға білек сыбана кіріскендердің айы оңынан туып, ұлтжандылардың жұлдызы жарқырамады. Көшпелілердің дәурені өтіп, Кеңес дәуірі кері кеткен тұста дербес ел болу мәселесі күн тәртібіне түсті. Міне, осы кезде ұлтқа қажеттіліктер фольклордан табылды. Фольклортану ғылымына жаңа толқын қосылып, үлкен ізденістерге жол ашылды. Осы толқынның ішінде өзіндік ізденісімен оқшауланып, күрмеуі қиын тақырыптарға бара білген белгілі жазушы, талантты журналист дәулескер күйші, сәулелі сазгер Ақселеу Сейдімбек те бар еді.

Кейде өмірдің өзі де алтын әріппен жазылатын адамға тосын сый, сәттілікке қадам жасайды. 1986 жылты Желтоқсан оқиғасына байланысты қудаланып, баспасөз атаулыдан аластатылғандардың бipi – Ақселеу Сейдімбек болатын. Өткен өмірін ой елегінен өткізген Ақселеу де терең толғанып, шұғыл шешім жасады. Жеткен жетістігін, биік беделін, жанашыр жұрттың мүсіркеулерінің бәрін жиып қойып, Ұлттық Ғылым Академиясы М.Әуезов атындағы Әдебиет және Өнер институтына келіп, лаборант ретінде қызметке кіpicті. Оның талантын танып, бұл қызметке МҚК наразылығына қарамастан еден тазалаушының бос орнына лаборант ретінде қабылдаған сол кездегі институттың директоры Шериаздан Елеукенов. Жазушы, журналист ретіндегі қаламынан шыққан туындыларынан үлкен ізденіс, терең тебіреніс байқалатын Ақселеудің таза ғылыми icкe біржола ғұмырын бағыштауы осылай басталған болатын.

Жастайынан өнерге ынтық Ақселеуге қатал уақыт үкіміне дауа осыдан табылды. Ұлттық Ғылым Академиясының Орталық ғылыми кітапханасы мен М.Әуезов атындағы Әдебиет және Өнер институтының қолжазба қорларындағы мұрағаттар оның тынысын ашып, қамыққан көңіліне үлкен медеу болғаны анық. Күндізгі ісі қолжазба қоры болса, түнгі iзденісі теориялық еңбектерді қайта қарауға ауысты. Лаборанттан басталған жұмысы бірте-бірте кіші ғылыми қызметкер, жетекші ғылыми қызметкер, бөлім меңгерушісіне дейін өсті. Оны көтерген әліде болса игерілмей жатқан бабалар аманаты, рухани құнды қазыналар болатын. Фольклорлық мұраларды жинау, жариялау арқылы Ақселеу Сейдімбек өзінің төл ісін тапқан еді.

Оның мақалалары, балаларға арналған «Алпамыс батыр» атты қарасөзбен жазған дүниесі мен «Күңгір-күңгір күмбездер» атты еңбегі және ел аузынан жазып алған қазыналары, аңшылар, үңгірлер жайлы жазбалары фольклор жинаушы екендігін ерте танытқан.

Алғашқы ғылыми жұмысының тақырыбын «Қазақтың дәстүрлі халық лирикасындағы қара өлең жанры» деп алып, қазақтың қара өлеңдерін бip жүйеге келтіріп жинап, қыруар мол құндылықтарды ғылыми айналымдарға түсірген ізденістері еш кетпеді. Өзінен бұрынғы тақырыпқа қатысты жазылған теориялық елеулі ғалымдар еңбектеріне сүйене отырып, қара өлең жанрының бастау нeriзi, көркемдік табиғаты, қолданыс аясына қатысты жазылған кандидаттық диссертациясы сәтті қорғалды.

Ғылыми көпшілік Ақселеудің бұл ісін қолдап, фольклортану ғылымына білікті маман қосылды деп қараса, енді бірі «айтары сонымен біткен шығар» дегенді де айтып қалды. Іле шала диссертациялық жұмыс негізіндегі «Мың бір маржан» атты монографияның жарық көруі күмәншіл бұлттың бетін сейілтті.

Данышпан жазушы Л.Толстой: Ғылым мен өнер жүрек және өкпе сияқты өзара тығыз байланысты, сондықтан бірі бұзылса, екіншісі дұрыс қызмет атқара алмайды» – десе, Хакім Абай: «Жасымда ғылым бар деп ескермедім», – деп күңіренген. Осы тамаша таланттардан қалған қағида Ақселеудің өмipiнe қатысты айтылғандай еді. Қаламгердің қолынан шыққан «Сонар» атты деректі әңгімелер болып жарық көрген туындысы жоғарыдағы түйіндерді тап басып, өнер мен ғылымды бepiк байланысқа әкелген таланттың қырын көрсетті. Мұндағы «Өмip мен өнер», «Күретамыр», «Даналық өрнегі», «Ақын мен күй», «Суреткер және уақыт», «Жанрдың жаңа нышандары», «Экологиялық мәдениет» атты бөлімдер мен тараулардың негізгі нысанасы өнер болса, толғақты түйіні ғылыми пайымдауларға жауап беретіндігін көрсетеді. Осы еңбектің жарыққа шығуы, автор өмipiнe ерекше сілкініс туғызып, ғылымдағы бағыт-бағдарын саралауына жол ашты.

Ұлттық фольклортану ғылымында сөз бен саздың органикалық байланысы барлығы біршама қаузала қаралса да, түбегейлі ғылыми тұрғыдан тақырыпқа алынып, тереңдей тексерілмеген. Киелі күй аңыздарына қатысты мәселенің басы ашық болса да, оның құрылымдық жүйесі мен жеке жанрлық ерекшелігі айқындалмаған. Біз білетін Ақселеу Сланұлының ғұмырының ең бip өрелі кезеңдері халқымыздың рухани құндылықтарын жинау болса, соның ішінде күй өнерін құмарта тыңдап, күйшілік өнер тарландарының мұраларын іздестіруді төл iciне айналдырғаны аян. Оны бұл icкe жетелеген өзінің күйшілігі мен күйге деген аса құштарлығы болса, екіншіден, академик Мұхтар Әуезовтің: «Күй аңыздарының көп екенін ел біледі, бipaқ кітап, баспа білмейді. Егер олқылықтар толып, күйлердің көpiктi аңыздары, тілдегі баяндауыш әңгімелері жазылса, онда қазақ халқының музыка фольклорына әдемі айшық, нақыш қосылуымен, мағыналы мазмұн анықталып жалғасуымен қатар ауызша фольклор да өзінің бір қысқа түрдегі көркем әңгіме новеллаларын көп байытқан болар еді. Ұмытылып, жоғалып бара жатқан көп-көп ecкі күйлердің қызық, терең сырлы, мол мағыналы аңыздары да мәдениет мұрасы болып, жөнін тауып, жолы ашылар еді», – деген ұлағатты cөзi болатын.

Жазушы ретінде қаламынан күйші, күй өнері жайлы очерк, әңгімелер жазылды. Жинақтаған күй аңыздарын жариялап отырды. Жұрт құлағына сіңісті болған, күйшілер жеткізген, ұлттық оркестрлер тартатын 500-дей күй белгілі болса, өзінің тікелей түз жұмыстары нәтижесінде жинақтаған Ақселеу Сейдімбектің күй аңыздары 2000-нан асып кетті. Осыншалықты жинақталған қазынаның халық игілігіне айналдырудың кілті ғылымда екендігін А.Сейдімбек Әдебиет және Өнер институтына келгенде терең сезініп, өзіне қолдау білдірген академик С.Қасқабасовтың жетекшілігімен үлкен іске кірісті. Бұл кезең ел тәуелсіздігімен сәйкес келіп, құлашты еркін сермеуге тамаша сәттілік туғызды. Тақырыпқа қатысты айғақ деректерді түркі әлеміне тереңдей еніп те, байырғы көшпелілердің музыкалық мәдениетіне қатысты жәдігерлер мен мағлұматтарды сақтап қалған грек, рим, араб, парсы, қытай мұрағаттарынан іздестірді. Күйді жеткізген музыкалық аспаптардың тарихына терең үңіліп, оның шығуы тегі мен қалыптасу заңдылықтарының сырын санасына сіңірді.

Қазақтың күй аңыздарының болмысынан халықтың салт-дәстүрін, дүниетанымын, өткен өмірдің сәулесі мен ізін танисың. Зepттeyшi осы тұрғыдан күй аңызының тарихи деректілігі мен құрылымдық ерекшеліктерін типологиялық және поэтикалық тексерулердің озық тәжірибелеріне сүйене отырып, жан-жақты саралауды басты бағдар қылып ұстаған. Нәтижесінде күй өнерінің пайда болу кезеңдері нақтыланып, әpбip күйдің тарихқа қарым-қатынасы терең түсіндірілген. Түркі тектес халықтардың музыкалық мәдениетіндегі ұқсастықтар мен айырмашылықтардың сыры айқындалған. Сөйтіп, күй аңызының дербес жанр бола алатындығы дәлелденген. Өзінің қалыптасу болмысына зер салсақ, күй аңыздары өте ерте замандар тұңғиығына тартатынын ғалымның төмендегі жіктеулері көрсетеді: мифтік күй аңыздары, әпсаналық күй аңыздары, аңыздық күй аңыздары, жағдаяттық күй аңыздары.

Құдіретті күй өнерін осылайша жүйелеп алып, өзінің ғылыми негіздеулеріне қатысты дәлелді жауаптар береді. Мәселен: Мифтік күй аңыздарына – «Тауқұдірет», «Қызылқан», «Шұбар киік» және т.б. күйлердің жататыны, олардың мифтік санаға қатыстылығын құрылымдық жағынан терең түсіндіріп берген. Әпсаналық күй аңыздарына «Шақыру», Қорқыттың «Тарғыл тана», «Елім-ай», «Халқым-ай», «Желмая» күйлері және «Қос мүйізді Ескендір», Асанқайғының «Зар», «Желмая», «Ел айырылған», «Асанқайғы сарыны», Байжігіттің «Қайың сауған» күйлері мен таза әпсаналық сипаттағы «Жорға аю», «Балжыңгер», «Ақсақ кыз», «Көк төбет» т.б. күйлері жатқызылса, Аңыздық күй аңыздарына – Кетбұғаның, Бейсенбі, Боғда, Дайрабай, Құрманғазы және т.б. күйлерінің аңызға айналуы мен бірнеше нұсқаларының пайда болуларының фольклорға тән екендігін мойындатады. Жағдаяттың күй аңыздарына «Қыз қашқан», «Қағытпа» күйлері жататындығы және бұл терминнің фольклорда алғаш қолданушы екендігін дәйектеген. Күй өнерінің пайда болуы және оның аңызға айналып кету себебін тұрмыс-тіршілікпен, тарихи оқиғалармен сабақтастыра қарау арқылы ғылыми еңбек өз мәресіне жеткен.

Күй аспаптары туралы деректі пайымдаулар, ғылыми түйіндеулер аса қисындылығымен назар аудартатындығы шындық. Жазушы, журналист, күйші, сазгер Ақселеу Сейдімбектің сан-қырлылығына ғалымдығы қосылғанда қолдаушы көп болды. Ат төбеліндей өздерін ғалым атандырып, данышпан санап жүрген аз ғана топ қана аяқтан шалып, «журналисттік пайымдау ғой», «ғылыми негіздемелері айтарлықтай емес» деген сөздерді күңкілдей айтқандарын құлағымыз шалды. Ал, «Күй өнері» атты еңбек жарыққа шыққанда, әлгілердің ұйқысы қашты, қызғаныштан іштері өртеніп, баспасөз беттерінде ашық пікірлерін айта алмай «отбасы, ошақ-қасындағы» өсек-аяңға жол бергенін көрдік.

Естіген құлаққа жазық жоқ. Бірде атақ дәрежесі айтарлықтай, үлкен ғалымдарымыздың бірінің аузынан «Ақселеу күй аңызын зерттейді. Бipaқ, ол нота білмейді. Сонда оны қалай тексерген», – дегенін естідік. Осы сөзді қағып алып, істің байыбына бармайтын, данышпан болып, елді алдайтындардың да гу-гу лепірмесін естідік. Бұған мынадай жауаптар жарасатын секілді.

Орта Азия мен Қазақстан топырағынан өнген, ұлттық музыканың бipтyap тұлғалары: Қоркыт, Қойлыбай бақсы, Кетбұға, Асанқайғы, Байжігіт, Нысан абыз, Құрманғазы, Тәттімбет, Дәулеткерей, Ықылас, Тоқа, Дайрабай, Диналар күйлерін нота біліп тартып па, жоқ әлде олардың iзін жалғастырған күйшілеріміз солардың жазып кеткен ноталары бойынша күйлерін үйренген бе екен. Екіншіден, мен білетін Сланның ұлы Ақселеу дәулескер күйші болатын. Кез-келгенге қонбайтын ақындық дарын секілді бұл оған табиғат берген талант еді. Әйгілі берідегі күйшілер Ақселеудің алдына келіп күй тартып, ақыл-кеңес сұрағанын көзіміз көрді. Бес күй тартқанның бәpi күйші емес. Күйшінің құдіреті шертпе күйлер, ілме қағыс күйлер, тармақты күйлер, айтыс күйлерін тарта алуымен өлшеніп, оның сандаған күйлерді білетіні айқындалады. Айтулы Ақселеудің күйшілік өнері осы өлшемдермен ерекшеленетін.

Жалпы сөз бен музыканың байланысын үлкен тақырып ретінде алып, оның табиғи болмысын ашу екінің бірінің қолынан келмейді. Күй өнерін зерттеуші Ақселеу Сейдімбектің еңбегінің жемісінің құпиясы осында тұрғаны ақиқат. Бұл сөздің анықтамасын күй құдіретін танытқан еңбек береді. Ең бастысы, еңбекті оқып, ақыл таразысынан өткізіп барып пікір айтқан ләзім. Сөз аяғын халқымыздың аталы сөзімен аяқтауды жөн санадық.

«Күй түсінгенге – жыр, түсінбегенге – дыр».

Берік РАХЫМОВ,

филология ғылымдарының докторы, профессор.

Басқа материалдар

Back to top button