Біздің сұхбат

Меруеш БАШАЙ: “Сыртқы істер министрлігі жанында көші-қон саясатын үйлестіретін нақты орган жасақтау керек”

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ кезекті Жолдауында көші-қон саясатын да мұқият қолға алу керектігі айтылды. Осы мәселе хақында кеңінен білу мақсатында Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Қарағанды облыстық филиалының басшысы Меруеш БАШАЙДЫ әңгімеге тарттық.

 

– Сөзімізді жалпы қазіргі жүргізіліп жатқан көші-қон саясатынан бастасақ…

– Көші-қон мәселесі қазір еліміздің солтүстік 5 облысында жүріп жатыр. Сол 5 аймаққа ғана квота бөлінеді. Жыл сайын жаңылыспасам 1362 қандас қоныс аударады. Оларға 1 жылға дейін үй жалдау құнын, жүктерін алып келгеніне жол құнын төлеуге ғана қаржы қарастырылған. Шамамен 1 адамға 214 мың теңге көлемінде. 1362 адамды отбасыға шақсақ, 400-дей отбасы. Меніңше, бұл – өте аз.

– Мемлекет басшысының тапсырмасы туралы не дейсіз?

– Иә, Мемлекет басшысы кейінгі Жолдауында қандастар мәселесіне тоқталды. Ішкі көш пен сыртқы көштің жайы белгілі. Солтүстік облыстарымызды қазақыландыру, онда қандастарды көшіріп әкелу – өте маңызды. 2-3 жыл бұрын солтүстікте 28 ауыл жабылғанын естігенмін. Өте өкінішті. Қандастарды көшіріп әкелуде әлі де жүйелі саясат қажет. Дерекке сүйенсек, шетелдерде 8 млн-ға жуық қазақ тұрады. Соларды ақырындап елге тарту керек. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы мен «Отандастар» қоры осы іспен айналысып келеді. Меніңше, Сыртқы істер министрлігі де бұл іске мүдделі болып, сырттағы қазақтармен жүйелі жұмыс істеуі керек деп ойлаймын. 8 млн. қазақтың бәрі бірден көшіп келмесе де, олар өз тамырынан ажырамауы, тілін, дәстүрін, тарихын ұмытпауы керек. Оған білікті мамандарды тартқан жөн. Осы жұмыстың бәрін үйлестіріп отыратын нақты жауапты орган болса екен.

– Қандас студенттерге бөлінетін грант мәселесі жайлы не айтар едіңіз?

– Жыл сайын шетелдегі қазақ жастарына 4 пайыздық, 4 мыңға жуық оқу гранты бөлінеді. Бірақ, ол толық игерілмейді. Себебін айтайын. Бізде 11 жыл мектеп оқыған бала ҰБТ тапсырады. Ал, шетелдерден келетін қандастардың балаларын 1 жыл дайындық курсында оқытамыз да, жергілікті 11 жыл Қазақстанда ана тілінде білім алған баламен бірге ҰБТ-ға кіргіземіз. Бұл – дұрыс емес. Өзбек, қарақалпақ, ауған, қытай, түрікмен және басқа да тілдерде білім алып келген баланың деңгейі атамекенінде қазақ тілінде білім алған оқушының деңгейімен сәйкес келмейді. Қазақстан тарихынан 1 жылда бірдеңе үйретуге болар мүмкін. Биыл мәселен 4 мыңнан 670-тей ғана грант иегері шықты. Қалғаны игерілмей қалды. Сондықтан, шетелдік қазақ балаларынан ҰБТ-ны алып тастау қажет. Бұл көші-қон саясатының алға жылжуына әсерін тигізеді. Бұл туралы «Абай.кз» сайтына мақала да жаздым. Бұдан бөлек, өзіміздің жергілікті қазақ жастары да ҰБТ тапсырмайтын Ресей жоғары оқу орындарына көптеп түсе бастады. Осылай кете берсе, қазақ жастары шетелге жаппай кету қаупі бар. Мұны Білім және ғылым министрлігі ескеріп, тиісті шара қолдануы керек-ақ.

– Қарағанды облысына қанша қандас көшіп келді? Жолдаудағы Президент тапсырмасынан соң Қарағанды қандастарды қабылдай ма?

– Қарағанды облысына тұрақты тіркеу алып, көшіп келіп жатқандар шамамен 1200- 1500 адам аралығында. Қарағанды ешқандай квоталық аймаққа жатпайды. 2012 жылдары квоталық аймақ қатарынан алып тасталды. Мемлекет тарапынан квоталық көмек болмаса да, біздің облысқа қандастар өз еркімен көшіп келіп жатыр. Мұны да білген, ескерген жөн. Көбісі Өзбекстан мен Моңғолиядан көшіп келуде. Бір Теміртаудың өзінде 30 мыңға жуық қандас бар. Жалпы, облыс көлеміне көш басталғалы 80 мыңнан астам қандас келді. Олар өсіп-өніп, түрлі салада еңбек етуде. Демографияға үлкен үлес қосып, басым бөлігі тұрақты тіркеуге тұрып, азаматтық алып жатыр.

– Мемлекет басшысының кейінгі Жолдауынан кейін қандай да бір өзгеріс, ұсыныс бар ма?

– Бар. Осы Жолдаудан соң, Балқаш қалалық орталық ауруханасының бас дәрігері Серікбол мырза маған хабарласты. Айтуынша, ол кісілер медицина мамандарына мұқтаж екен. Бұл негізі жалпы еліміздегі өзекті мәселе. «Шеттен келетін қандастар арасында дәрігерлер болса, біз оларға үй беріп, бар жағдайын жасап, азаматтық алуына да көмектесеміз. Басында үй жалдауға көмектесіп, бірте-бірте баспанамен қамтуға күш саламыз. Бастысы, бізге жұмысқа тұрып, денсаулық саласын дамытуға атсалысса болғаны» деген ұсынысын айтты. Меніңше, Серікбол мырза сияқты азаматтардың ұсынысын қабылдап, қандастарды елге тарту жұмысын жандандырсақ, көптеген саладағы маман жетіспеушілігі де азаяр еді.

– Бұрын қандастарға үй беретін. Кейін жан басына есептеп, қаржы бөлінетін болды. Қазір қалай көмектеседі?

– Көш басталғанда елдегі қиын жағдайға қарамай үйін, малын, қаржысын берді. Кейін өкінішке орай көші-қон саясаты сұйылып кетті. Қазір баспана берілмейді. Солтүстік аймақтарды берілген үйлердің сапасы сын көтермейді. Көші-қон саясатын жүргізетін азаматтарға «Елім, жерім!» дейтін патриоттық жетіспейтін сияқты. Сапасыз үйлер қаншама шу да болды. Депутаттар да барды. Сондықтан да, Сыртқы істер министрлігі жанында осындай өзекті мәселелерді шешетін, көші-қон саясатын үйлестіретін нақты бір орган жасақтау керек. Бұдан бөлек, көші-қон комитетін де мұқият жасақтаған жөн. Сөйтсе ғана, Президент Жолдауының оң орындалуына септігі тиер еді. Әйтпесе, бәрі тағы да құр сөз болып қалады. Осы жағдайларды болдырмау, қандастарға шынайы жанашырлықпен жағдай жасау үшін көші-қон саласына патриот азаматтарды тарту керек. Қазір келіп жатқан жан басына 214 мың теңге беріледі. Жан басына 45 мың теңгеден үй жалдау құны 1 жылға беріледі. Бұл Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақмола, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстары аумағына көшіп келгендерге ғана. Басқа облыстар квоталық аймаққа жатпайды.

– Шет елдердегі қазақтарды елге көшіріп алу үшін қандай бастама, жобалар ұсынар едіңіз?

– Бар мүмкіндікті пайдаланып, қандастарды елге тарту керек. Қазір солтүстіктегі 5 облыс қана квоталық аймаққа кірсе, оған жаңадан ашылған Ұлытау, Жетісу, Абай облыстарын қосуды ұсынар едім. Көбіне шекаралас аймақтар қамтылса. Жоғарыда айтқан босқа игерілмей жатқан квоталарды осы облыстарға бөліп, сонда шетелдік қазақ жастарын шоғырландыру керек. Оларға бөлінген гранттарды солтүстік облыстардағы оқу орындарына жіберіп, сол шетелдік қазақ балаларына беру керек. 4 мың гранттың 1,5 мыңы сол өңірде тұрақтап қалса, соншама түтін болады деген сөз. Және қажетті әрі жетіспейтін мамандықтарға оқыту қажет. Сонымен қатар, шетелдік қазақ жастарына ҰБТ тапсыртуды алып тастауды қайталап айтамын. Осыны мықтап қолға алған жөн. Қаншама жас оқуынан кейін осында қалу үшін ыхтияр хат алады. Оның өзі қиын. Көп қаржы керек. Мәселен, Қарағандыға келген бір шетелдік қазақ студенті ықтияр хатын алғанша біраз қаржы жұмсайды. Бұл жерде консулдық сборлар алынады. Ұлты қазақ, сотталмаған және тіркеуден шыққан деген анықтамаларды заңдастырады. Оны Астанаға апарады. Астанаға барып-келуі де оңай емес. 3-4 рет барып келсе, 30 мыңдай ақша шығады. Құжаттарды аудару тағы бар. Осылай өз аяғымен жүріп, құжат жинап, ықтияр хат алғанша 1 адамға 120-130 мың кетеді. Бұл деген – масқара. Оған жағдайы келетіні бар, келмейтіні бар. Осының бәрі зерделеп, шешуді талап етеді. Тағы бір ескерер жайт, Иран, Ауғанстан сынды елдерден келетін қандастар өзінің қазақ екенін дәлелдей алмай қиналады. Өйткені, олардың төлқұжатына ұлты жазылмайды. Олар азаматтық ала алмай шырылдап жүреді. «Елім!» деп келгенде осылай шырылдатып қою қате деп ойлаймын. Азаматтық алып, өзін осы елдің тұрғыны, қазақ ретінде сезінуіне жоғарыдағы айтқан бастамалар жүзеге асса, көмегі тиеді. Біз де осы Жолдаудың дұрыс жүзеге асуына бар күшімізді саламыз. Бірігіп, жанашырлықпен қызмет істесек, бәріне жетуге болады.

– Уақыт бөліп, әңгімелескеніңізге көп рахмет.

Сұхбаттасқан Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button