Қарағанды жоғары гуманитарлық колледжіне Ақселеу СЕЙДІМБЕКТІҢ есімін беру ұсынылды. Әңгімені осыдан бастауды жөн көрдік. Ал, Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ Ақаңды ерекше қадір тұтады «ұстазым» деп. Кеше аталған колледжде найзағай ақынның отты жырлары оқылды. Сөзіне жазылған әндері шырқалды. Жас қаламгерлердің өлеңдері сараланды. Облыстың түпкір-түпкірінен оқушылар Zoom платформасы арқылы бақтарын сынады.
Облыстық дәстүрлі Серік Ақсұңқарұлы атындағы оқуды өткізуге мұрындық болып отырған Қарағанды облысында білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығының директоры Бақытгүл Әбдікерова сөз сөйлеп, ыстық ықыласын жеткізді.
– Қазақ поэзиясының ірі өкілі, Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың иегері Серік ағаның дәстүрлі оқулары өтуде. Және туған күніңізбен тұспа-тұс келіп отыр. Сіздің өлеңіңізді оқыған біздің оқушыларымыз рухтанып, еліне, жеріне, ата-анасына деген сүйіспеншіліктері артатыны сөзсіз. Өлеңдеріңізді бірнеше рет оқимыз. Мәнін, маңызын түсіну үшін. Ақтоғай топырағында жаралып, Қарқаралыдан тамырын тереңге жайып, қазір елге белгілі рухты ақын болдыңыз. Біз айтулы шаралардың бел ортасынан көріп қалған кезде Серік ағамыз жүр деп мақтанышпен айтамыз. Өлеңдеріңізде ұлттық мұрат, ұлттық мүдде үнемі бірінші орында тұрады, – деді Бақытгүл Әбдікерова.
«Гуманитарлық колледж 20 жылдың ішінде Қарағандыдағы үлкен рухани орталыққа айналды. Жыл сайын менің оқуларымды өткізіп келесіздер. Басқа да ақындардың кеші өтті. Бейбітшілік гүлзарында Пушкиннің ескерткіші тұр. Жақында колледж директоры Есжан Әміров облыстық мәслихатқа колледжге Ақаңның атын беру туралы ұсыныс жасағанын естіп, қуандық бәріміз. Ақселеудің аты сөзсіз лайықты. Барлық қатысушыларға ақжол тілеймін», – деген ақынның өзі дүниеден озғанына жыл толған рухани бауыры Есенғали Раушановқа арнаған өлеңін оқып берді.
Байқау 3 аталым бойынша өтті. «Аруы адамзаттың – өлең деген!» аталымында оқушылар ақынның өлеңін мәнерлеп, шебер оқуы шарт. Осы үдеден Бұқар жырау ауданы, Тоғызқұдық ауылындағы Ж.Аймауытұлы атындағы мектеп оқушысы Фариза Аханқызы шыға білді. Жеңімпаз атанды. Ал, «Мен – һас сақтың қара өлеңі…» атты аталымда ботақаралық Әсемгүл Хавдолханқызының еркін тақырыптағы өлеңдері қазылар көңілінен шығып, жеңімпаз деп танылды. «Жүрекке жақын әндер» аталымында ақынның сөзіне жазылған әнді шырқау керек. Қарағандыдағы Б.Момышұлы атындағы мектеп оқушысы Арман Мейрамбайдың орындау шеберлігі оң бағаланып, қатарластарынан қара үзді.
Қатысушылардың өнерін ақын, Халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты Қайрат Асқар, ақын, «Saryarqa» телеарнасының тілшісі Ерік Нарын, әнші, композитор Саят Әбдіғали және осы жолдардың авторы сараптағанын айта кетейік.
Колледж директоры Есжан Әміров дәстүрлі оқуды енді республикалық деңгейде өткізуді жоспарлап отырғандарын жеткізді. Айтпақшы, колледжде С.Ақсұңқарұлы атындағы кабинетте бар.
Иә, Серік ағаның жырларына шынымен таңдай қағамыз. Еңкіш тартсақ, еңсеміз тіктеледі. Жабырқасақ, жарқылдап шыға келеміз. Өйткені, өлеңдерінде ұлы рух атойлап тұрады. Талантты тірісінде ұлықтауды жолға қойып келеміз…
Қасымхан ҒАЛЫМ.