Біздің сұхбат

Құсайын ИГЕМБАЕВ: «Үш буынды модельді енгізу оң өзгерістерге қол жеткізуге мүмкіндік берді»

«…Үш буынды модель енгізілгеннен кейін қылмыстық процеске қатысушыларды қорғау күшейді. Осы жылдың басынан бері екі мыңнан астам азаматты қылмыстық жауапқа негізсіз тартуға жол берілген жоқ…»

Президент Қ.ТОҚАЕВТЫҢ «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауынан.

Осыдан екі жыл бұрын ел Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ қылмыстық процесті жүргізудің жаңа моделін құру туралы тапсырма берген еді. «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында «Бізге азаматтардың құқығын заманауи тұрғыдан қорғауды қамтамасыз ететін және жоғары халықаралық талаптарға жауап беретін үлгі керек. Қазақстанда өкілеттіктердің ара жігі нақты ажыратылған үш буынды модель құру керек деп санаймын», деді Мемлекет басшысы. Бүгінде елімізде бұл модельді қалыптастыру жұмысы қарқынмен жүргізілуде. Сот төрелігінің аталған моделі, бірінші кезекте, азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғауға және олардың қылмыстық процеске негізсіз тартылуын болдырмауға бағытталған. Жаңа модельдің артықшылығы неде, қоғам үшін тиімділігі қандай? Осы тұрғыда Қарағанды облысының прокуроры Құсайын ИГЕМБАЕВПЕН сұхбаттасудың сәті түсті.

– Құсайын Абзалбекұлы, сонымен, «қылмыстық процестің үш буынды моделі» дейміз. Оның ерекшелігі мен артықшылығы неде?

– Қылмыстық процесс дегеніміз не? Осыдан бастайық. Қарапайым тілмен айтқанда, бұл қандай да бір қылмыс жасаған адамды табу, тергеу, дәлелдемелерге сүйеніп, кінәсін не кінәсіздігін анықтау, кінәлі екені дәлелденсе, заңға сәйкес сотта жауапқа тарту. Осы жұмыс енді «үш буынды» деп аталатын жаңа модельге көшіп отыр.

Өзгерістердің мәні неде? Жаңағы үш буынның бірінші буыны – тергеу органдары, екіншісі – прокуратура, ал үшіншісі – сот. Жаңа модель олардың өкілеттіктерін нақты ажыратып берді. Тергеу органы қылмысты ашады, дәлелдемелер жинайды. Прокуратура атқарылған жұмысқа баға береді, қылмыстық істі сотқа жолдау немесе қайта тергеуге жолдау қажеттілігін анықтайды. Ал сот істі қарай отырып, үкім шығарады. Осындай тәсілдің арқасында қылмыстық құқық бұзушылық тез тергеледі әрі барынша толық болады. Нәтижесінде, бұл кінәсіздердің сотталуын болдырмауға, нақты қылмыс жасаған адамдарды әшкерелеуге және оны жауапкершілікке тартуға, сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға септігін тигізуі керек деген мақсат бар.

– Бұл жаңашылдық енгізілгенге дейін прокуратура жұмысы қалай жүргізілді? Қазір жұмыс механизмі қаншалықты өзгерді? Жаңа модель прокурорлардың да жауапкершілігін арттыра түскені анық қой?

– Өзгерістерге дейін тергеуші қылмыстық іс қозғап, барлық шешімдерді өзі қабылдайтын. Ал, прокурор, тек, олардың заңдылығын тексеретін. Қазір қылмыстық процестегі негізгі бес шешім прокурордың келісімінен кейін ғана заңды күшіне енеді. Бұл шешімдер қатарында адамды күдікті деп тану, күдіктінің іс-әрекетін саралау, қылмыстық құқық бұзушылықты саралау, тергеп-тексеру мерзімдерін үзу және қылмыстық істі не қылмыстық қудалауды тоқтату бар. Бұл өзгерістер 2020 жылдың соңында күшіне енді және үш буынды модельді енгізудің алғашқы кезеңі болды.

Модельге сәйкес, прокурор қылмыстық процестегі қадағалауды ең бастапқы сатысынан жүргізуде. Аталған шешімдер қабылданардан бұрын прокурордың тексерісінен өтіп, негізсіз деп танылғандары келісілмей, тергеушіге кері қайтарылады. Мысалы, адамды қылмыстық іс бойынша күдікті деп тану үшін тергеуші алдымен тиісті материалдар мен қаулы жобасын прокурорға ұсынады. Бұл уақытта адам әлі күдікті емес және қылмыстық процесс орбитасына тартылмаған болып есептеледі. Тек, прокурор қаулыға келісім бергеннен кейін ғана адам күдікті мәртебесін алады. Ал, прокурор тиісті дәлелдер жеткіліксіз деп санаса, күдікті ретінде тану туралы қаулыны бекітуден бас тартады.

Жоғарыда айтқаным құр сөз болып қалмас үшін, нақты мысалдар келтіре кеткен абзал. Жаңа модель жағдайында атқарған жұмыстың нәтижесіне еш ойланбастан оң баға беруге болады. Өткен жылы прокурорлар 30 мыңнан астам шешімнің заңдылығын тексерді. Сөйтіп, 27 мыңымен келісіп, бекітті. Қалған 3 мыңы бекітілмей, кері қайтарылды.

Бұдан басқа, прокурорлар күдікті деп тануға келіспеген соң, 21 адамға қатысты қылмыстық іс мүлдем тоқтатылды. Қарапайым тілмен айтқанда, орган бұл адамдарды күдікті деп танығысы келгенімен, прокурорлар шешімдерді мұқият қарап, олардың іске қатысы жоқ екенін анықтады.

Яғни, біз прокуратураның ең басты міндетін орындап, осы азаматтардың конституциялық құқықтарының қорғалуын қамтамасыз еттік және оларды заңсыз қылмыстық қудалаудың, іске негізсіз тартылуының алдын алдық.

Сондай-ақ, өткен жылы прокурорлар 200-ден астам істі өздері тоқтатты, өйткені бұл істер бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізу негізсіз болған. Осының бәрі прокурордың тергеу барысындағы қадағалаушы рөлінің артқандығын дәлелдейді.

Тағы бір айта кететін маңызды статистика – прокурор органның тоқтату шешімдерін бекітуден бас тартқаннан кейін, 63 қылмыстық іс сотқа жолданып, кінәлі адамдарға қатысты соттың айыптау үкімдері шықты. Бұл не деген сөз? Яғни, осы арада, біз нақты кінәлі адамдардың қылмыстық жауаптылыққа тартылуын қамтамасыз еттік, жазадан құтылып кетпеу қағидасын іске асырдық. Бұл да прокуратураның негізгі міндеттерінің бірі.

Осылайша, істердегі барлық негізсіз шешімдер мен олқылықтар дер кезінде анықталып, уақытылы жойылды. Мұны біз прокурорлық сүзгі, яғни «фильтр» деп атаймыз. Мұндай «фильтр» үш буынды модельді енгізудің негізгі мақсаттарында қарастырылған.

– Яғни, менің түсінуімше, үш буынды модельге көшудің бірінші кезеңі – процесс бойынша негізгі шешімдерді прокурормен келісу. Бұл кінәсіз адамдар күдікті ретінде танылмауы және қылмыстық іске заңсыз тартылмауы үшін жасалып отыр. Енді, екінші кезеңіне тоқталсаңыз…

– Екінші кезеңде де прокурордың жауапкершілігі біршама артады. Өйткені, енді аса ауыр қылмыстық істер бойынша тергеу аяқталған кезде тергеуші іс бойынша, тек, есеп әзірлейді. Ал, айыптау актісін прокурордың өзі жасайды.

Бұған дейін қалай болды дейсіз ғой? Бұрын айыптау актісін тергеуші өзі дайындап, дайын актіні істің материалдарымен бірге прокурорға беретін. Прокурор оларды бекітіп, нәтижесі бойынша істі сотқа жолдайтын немесе бұзушылықтар анықтаған жағдайда тергеушіге қайтаратын.

Енді прокурор қылмыстық іс материалдарын және тергеушінің есебін зерделеп, жиналған дәлелдерге баға бере отырып, айыптау актісін жасау немесе істі қайтару туралы шешім қабылдайды.

Бұл жаңашылдық, мен жаңа айтып кеткендей, қылмыстық істердің санаттары бойынша кезең-кезеңімен енгізіледі. Биылдан бастап прокурорлар тек аса ауыр қылмыстар бойынша айыптау актілерін жасайды, келесі жылдан бастап – сыбайлас жемқорлық істері бойынша, ал, 2024 жылдан бастап барлық санаттар бойынша акті жасау құзыреті прокурорға өтеді.

Бұл өкілеттер біздің қолға билік қана емес, жауапкершілік те жүктеді. Егер, сот кезінде істе олқылық анықталса, жауапкершілік шешімдерді бекіткен, айыптау актісін жазған прокурордың мойнына артылады. Сондықтан, ең бірінші кезекте біз бұл өкілеттіктерді қылмыстық процесте азаматтардың конституциялық құқықтарының бұзылуына жол бермеу үшін пайдаланатын боламыз.

Енді, осыдан біз не түйеміз? Қылмыстық процестің үш буынды моделін енгізу оң өзгерістерге қол жеткізуге мүмкіндік берді. Қазірдің өзінде бұл өзгерістерді байқамасқа болмас. Тергеу сатысында прокурордың рөлі күшейді. Нәтижесінде, жаңашылдық енгізілгелі соттар қылмыстық істерді қайта тергеуге сирек қайтара бастады. Яғни, прокурордың қатысуымен, бекітуімен іс тергеуінің сапасы артты. Сонымен қатар, әрбір қылмыстық іс тіркелген сәттен бастап прокурорлық қадағалаудың күшеюінің арқасында соттардың да, прокурорлардың да оларды қайта тергеуге кері қайтаруы азайды. Ал, бұл, өз кезегінде, уақыт үнемдейді, тергеу созылып кетпейді және қылмыстық процеске тартылған адамдардың құқықтарын барынша қорғауды қамтамасыз етеді.

Жалпы қылмыстық-процестік заңнамаға сәйкес тергеу органдарына, прокуратура және сотқа қойылатын негізгі міндеттер – заң талаптарын қатаң сақтай отырып, қылмыс жасаған адамды тиісті жауапқа тарту, тергеп-тексеруді жылдам әрі толық жүргізу, жәбірленушілерге келтірілген залалдың өтелуін қамтамасыз ету.

Қылмыстық процестің үш буынды моделі осы жоғарыда айтылған қағидаттарды барынша сақтауға және іске асыруға мүмкіндік беруде.

– Кез келген өзгеріс заман талабына бейімделе отырып енгізілетіні белгілі. Жаңа модельде цифрлық технологияға, автоматтандыруға орын бар ма? Бұл модель шеңберінде дәуір игілігін қаншалықты қолдануға болады?

– Сұрағыңыз өте орынды. Жалпы, цифрландыру бізге не үшін керек? Жұмыс барысын барынша оңтайландыру үшін. Яғни, екеуінің мақсаты – бір. Сондықтан, цифрландыру – үш буынды модельдің ажырамас бөлігі саналады.

Сұхбаттың басында әр іс бойынша негізгі процестік шешімдер прокурормен келісіліп, бекітіледі деп айтып едім ғой. Қазір бұл үрдіс толығымен электронды форматта жасалады. Яғни, тергеушіге қаулыны қағазға басып шығарып, оны прокурорға келісуге әкелудің қажеті жоқ. Бұл жұмыстардың барлығы арнайы ақпараттық жүйеде жүргізіледі. Іс қағаз жүзінде ме, әлде электрондық форматта тергеліп жатыр ма – маңызды емес. Бастысы – шешімдерді прокурормен келісу процедурасы толықтай онлайнға көшірілді.

Бұл қандай артықшылықтар береді? Жасыратыны жоқ, бұрын практикада процестік құжаттарды өзгерту, дәлелдемелерді алмастыру, оларды қасақана жою, істі әдейі жоғалтып алу сияқты фактілер кездесті. Ал, цифрлық форматқа көшкелі бұл заңға қайшы әрекеттерді жасау мүмкін емес. Электронды құжаттарға ешкім өзгеріс енгізе алмайды, себебі ондай мүмкіндік жоқ. Барлық істер, шешімдер, құжаттар базаға енгізілгеннен кейін сол қалпы сол жерде сақталады. Оған ешкім кіріп, бір де бір әріпті өзгерте алмайды. Осы маңызды.

Енді электронды іс жүргізудің артықшылықтары туралы айта кетейін. 2018 жылы Қарағанды облысында небәрі 420 іс электронды түрде тіркелді. Бұл барлық тіркелген істердің 1,5% құрады. Ал, былтыр, яғни, 2021 жылдың қорытындысы бойынша барлық қылмыстық істердің 81%-ын, яғни, 13 мыңнан астам істі электронды форматта тергедік. Енді салыстырып көрейік: 81% – былтыр, ал, осыдан үш жыл бұрын – 1,5%. Сондай-ақ, биыл алғашқы 3 айда бұл көрсеткіш 94%-ға жетті. Айырмашылықтың жер мен көктей екені айтпаса да түсінікті.

Бұл – жалғыз артықшылық емес. Бүгінде прокурорлар қылмыстық істерді қашықтан тексере алады. Яғни, ол кабинетінен шықпай-ақ, компьютерінің алдында отырып, тергеу әрекеттерінің қаншалықты сапалы жүргізіліп жатқанын талдайды. Бұл үшін тергеу органдарынан істің өзін сұратып, бума-бума құжаттардың арасында отырып, жұмыс істеудің қажеті жоқ. Ол дәуір өтіп барады. «Тергеу қалай жүріп жатыр?» деп, органдарға тексеріспен барудың да қажеті шамалы. Осылайша, біз қағазбастылық пен басы артық бюрократиядан толық арыла бастадық десек те болады. Сондай-ақ, дәлелдемелерді жасыру, ауыстыру немесе процестік құжаттарды түзету мүмкіндігін болдырмаймыз.

– Иә, жемқорлық терең тамыр жайған қоғамымыз үшін соңғы сөзіңіз аса маңызды. Сонымен, үш буынды модельдің артықшылықтары түсінікті. Дегенмен, өзіңіз де білесіз, прокуратура органдарының жұмысына халық тарапынан да, депутаттар мен қоғам белсенділері тарапынан да сын айтылып жатады. «Іс баяу тергеліп жатыр», «Прокурорлар жұмысын толық білмейді» деген шағымдарды, аракідік болса да, естіп жүрміз. Қазіргі таңда жаңа модельге көшу шаралары жүріп жатыр. Мені қызықтыратыны – прокурорлар жаңа форматта іркілмей жұмыс істеп кетуге дайын ба?

Қазақ «Көш жүре түзеледі» демеуші ме еді?! Кез келген жаңашылдықты енгізу оңайға соқпайтыны анық. Прокурор болайық, журналист болайық – бәріміз адамбыз ғой. Байыбына бару үшін уақыт керек. Айтарым, біз үнемі прокурорлардың кәсіби деңгейі мен біліктілігін арттыру бойынша жұмыс жүргіземіз. Әсіресе, тәжірибеге мүмкіндігінше жиі жүгінуге тырысамыз, практикалық сабақтарға басымдық береміз. Прокурорлар мен тергеушілер үшін жаңа формата жұмыс істеу алгоритмдері мен жадынамаларды әзірледік.

Сонымен қатар, облыста прокуратура және тергеу органдарының өзара тиімді іс-қимылын қамтамасыз ететін ведомствоаралық жұмыс тобы бар. Онда үш буынды модельді енгізудің проблемалық мәселелері жедел шешіледі. Жұмысты оңтайландыру, кемшіліктерді жою бойынша өзара пікір алмасып, ортақ шешімдер шығарамыз. Мысалы, осындай байланыс нәтижесінде, процестік шешімдердің сапасы артып, прокурор тарапынан оларды бекітуден бас тарту үлесі біршама төмендеді. Тиісті ұйымдастыру шараларын қабылдау нәтижесінде прокуратура және тергеу органдарының жаңа форматта жұмыс жасауы бойынша айтарлықтай қиындықтар туындаған жоқ. Ең бастысы – жаңашылдықтар азаматтардың конституциялық құқықтарының сақталуына, тергеудің сапалы әрі уақытылы жүргізілуіне септігін тигізуде.

– Құсайын Абзалбекұлы, тұшымды әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан Нұрқанат ҚАНАПИЯ.

Басқа материалдар

Back to top button