Нығметтану марафоны – жетістіктің дара шыңы
Н.Нұрмақов атындағы мамандандырылған мектеп-интернатында сыныптар арасында өтетін Нығметтану марафоны бар. Бұл оқушының интеллектуалды-ғылыми қабілетін дамытып, отансүйгіштік сезімін қалыптастыру мақсатында мектептің жыл сайынғы игі дәстүріне айналған.
22 сәуірде Нығметтану марафонында жеңіске жеткен сыныптарды марапаттау рәсімі өтті. Сондай-ақ, мектеп алдындағы Нығмет НҰРМАҚОВТЫҢ ескерткішіне гүл шоқтары қойылды.
90 жылға жуық тарихы бар білім ордасы облыс бойынша көш басында келеді. Оқушылары облыстық, республикалық, халықаралық олимпиадаларда үнемі жеңіс тұғырынан көрінуде. Тек бұл ғана емес, мектептің ішкі жетістіктері де жоғары бағаға ие. Оның бірден бір дәлелі – Нығметтану марафоны.
– Біздің мектепте жылда дәстүрге айналған Нығметтану марафоны өтеді. 2 тоқсан бойы өткізілетін марафон тәрбиеге бағытталған әртүрлі іс-шарадан тұрады. Белсенділік танытқан сыныптарға сый беріліп, грамота табысталады.
Былтыр Алаш қайраткерінің 125 жылдығын атап өттік. Республикалық деңгейде түрлі шаралар өткізілді. Екі жылдан кейін мектептің 90 жылдығын атап өтпекпіз. Мектептің көлемінде түрлі іс-шаралар өткізіп, дайындықты қазірден бастап кеттік. Нұрмақов мектебінің әр оқушысы ұлт қайраткерін толықтай тануы керек. Біз осыған атсалысамыз. Нығметтану марафонының негізгі мақсаты тек ол ғана емес, одан бөлек оқушылардың интеллектуалды-ғылыми қабілетін дамыту. Нұрмақов күнінде марафон аясында интеллектуалды ойын, эссе жазу, онлайн буктрейлер байқауы, дебат турнирі, TED Talks өткізіледі. Мұнда оқушылар таратуға тұрарлық тың идеялар ұсынады. 25 сәуірде қайраткер Нығмет Нұрмақовтың туған күніне орай марафонды қорытындылаймыз, – деді мектеп директоры Сейфулмәлік Сұлтанов.
Игі дәстүрге айналған марафонға мектеп-интернаттың 5-10-сынып оқушылары қатысады. Қаңтардан бастау алған шара сәуірге дейін жалғасады. Белгіленген талапқа сай марафон 9 бекет бойынша өткізіледі. Атап айтқанда, гуманитарлық пәндерді қамтыған «Білім» бекетінде оқушылар тест тапсырмаларын орындайды. «Шым-шытырықтар» бекеті бойынша жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндерден логикалық сұрақтарды шешеді. Ал, келесі «Портреттер сөйлейді» бекетінде Н.Нұрмақовпен байланысы бар Алаш арыстары туралы деректер жинап, жоба қорғайды. «Әлем – балалар көзімен» атты марафон бекетінде оқушылар өз қиялына бойлап, елестеткен болашақ әлемді қылқаламмен қағаз бетіне түсіреді, буклетке бейнелейді, макет жасайды. Тағы бір маңызды бөлігі «Гүлстан» деп аталады. Мұнда оқушылар сынып кабинетіне гүл отырғызады, баптап, өсіреді. Оқу жылының соңына дейін гүл жайқалып өссе, иесіне жоғары баға беріледі. Келесі бекетте «7 қайырымды іс» жасауға талпынған балалар қарттар үйіне және мүмкіндігі шектеулі балалар үйіне барып, тәрбиелік іс-шаралар өткізеді. Марафон аясында қайырымды іс жасаған балалар үлкендердің алғысына бөленіп қайтады. Одан кейінгі «Өнер» бөлігінде жас өрендер өз өнерін паш етеді. Соңғы бекетте оқушылар «Туған жерге тағзым» жасап, өз туған жерінің шығу тарихына көңіл бөледі.
Осы әр бекеттен сынып қоржынына ұпай түсуі керек. Жоғары нәтижеге қол жеткізген сынып марапатталып, сыйлықтар беріледі.
Мәселен, биылғы марафонда үздік шыққан сыныптарға қазіргі балаларға ұнайтын суши, пицца, балмұздақ секілді тағамдар сый ретінде берілді.
Марафонның өтуіне тек мектеп оқушылары мен ұстаздары ғана емес, сонымен қоса, ата-аналар да атсалысады. Мектеп әкімшілігі баласының болашағына алаңдаған ата-аналардың белсенділігіне дән риза. Басшылық мектеп пен ата-аналардың арасында дәнекер болып жүрген кураторлардың да еңбегін айрықша бағалайды. Мектеп сыныптарының жоғары ұпай жинауы – екі жақты еңбектің арқасы.Марафонның бастан-аяқ ойдағыдай өтуіне ұстаздар қауымының үлесі орасан. Мектептегі тарих пәнінің мұғалімі Әсем Тарыбаеваның айтуынша, Нығмет Нұрмақовтың қайраткерлігін танытып, жас ұрпаққа насихаттау үшін алдымен тарихқа бойлау қажет. Оқушыларға бағыт-бағдар беруде тарих пәнінің орны ерек. «Ауыл – қала» жобасы бойынша Нұрмақов мектебі Шет ауданымен тығыз байланыста. Сол аймақтағы оқушылардан буктрейлер байқауы бойынша 20-ға жуық жұмыс келген. Нұрмақов мектебі сол жұмыстарды тексереді. Қорытындысы 25 сәуірде шығатынын хабарлады.
Мектепте бір кездері қызмет істеген тарих пәнінің мұғалімі Рымтай Қаппасова жасаған авторлық бағдарлама негізінде бүгінгі таңда мектептің 9-сынып оқушыларына «Нығметтану» курсы өткізіледі. Мұнда жас ұрпақ Н.Нұрмақовтың өмірдерегімен толықтай танысады.
Нығметтану марафонын ұйымдастырушылар ретінде мектеп ұстаздары Жазира Садуова мен Клара Нұргелдинаның үлесі зор. 2018 жылдан бері өткізіліп келе жатқан іс-шараның бағдарламасын өздері дайындайды, содан соң директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Бауыржан Байдүйсен сыныптарға бөледі. Ал кураторлар соны жауырынын жерге тигізбей, іліп әкететін көрінеді. Мектеп менеджері Жазира Садуова биылғы марафонның ерекшеліктеріне тоқталып, алдағы жоспарларымен бөлісті.
– Марафон аясында жасалатын бағдарламаны жыл сайын мектептің өз қажеттілігіне орай өзгертіп отырамыз. Мәселен, бұрын балалар мектеп кітапханасының қорына қолтаңбасымен кітап сыйлайтын. Негізі, әр кітап бір-бір ұпайды құрайды. Кәсіпкер Ерлан Әшімнің демеушілігімен мектеп кітапханасы жаңаланып, заманауи жабдықталды, кітап қоры толықты. Сол себепті, биылғы марафонда кітап сыйлау үрдісі қамтылмады.
Мұндай марафон оқушыларды ынталандырады, білім көкжиегін кеңейтеді. Балалар арасында осындай шаралар өте қызықты өтеді әрі есінде қалып қояды. «Нығмет – халықтың ардақты азаматы», «Мен Н.Нұрмақов атындағы мектепте оқығанымды мақтан тұтамын» атты эссе жазу байқауы, сондай-ақ, өлең жазу байқаулары және конференциялар өткізілді. Міне, осы материалдардың бәрін енгізіп, жинақ шығармақ ойымыз бар.
Алдағы уақытта Нұрмақов мектебінің төсбелгісін шығарып, оқушыларға ұсынбақпыз, – деді Жазира Қазбекқызы.
Бұл білім ордасында «Әлімхан Ермеков» атанған Нұрғасыр Теміржан атты оқушы бар. Ол директормен бірге Нығмет Нұрмақовтың ескерткішіне гүл қойды. Болашақта Нұрғасыр тарих пәнінің мұғалімі болғысы келеді. Ол ұстаздық қызметті қазірден-ақ бастап кеткен. Сенбі күні өзінен кіші сыныптың оқушыларына тарихтан сабақ береді екен. «Біздің мектепте мүмкіндіктер көп», – дейді ол. Марафонға қатысқан жоғары сынып оқушылары өздерінен кіші сыныптарға жол бергенін айтты.
Жас ұрпақ үшін марафонның берері көп. Мұны мектеп ұжымы да, ата-аналар да мойындайды.
Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ.