Біздің сұхбат

Асқар ИМАШЕВ: «Қазақстанның техникалық білім сапасы өзге елдерден төмен емес»

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ отандық ірі бизнес өкілдерімен кездесуде «Қазақ жастары технарь болуы тиіс» деген болатын. Жаңа Қазақстанның білімін техникалық бағытқа бұру қажет, сондай-ақ, техникалық білімін шыңдау үшін қазақ жастарын Ресейге оқуға жіберу керек деген ой айтты.

Бұл қалай жүзеге асуда? Техникалық білім гранттарын көбейткеннен мәселе түбегейлі шешіле ме? Қазақ жастарын Ресей университеттеріне оқуға жіберудің артықшылықтары қандай? Бұл жөнінде Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің PhD, қауымдастырылған профессор Асқар ИМАШЕВПЕН сұхбаттасқан едік.

Мемлекет басшысы техникалық мамандықтарға баса көңіл бөлу қажет екенін айтты. Өзіңіз де білесіз, техникалық білім гранттарының саны көбейді. Грант санын көбейту – маман тапшылығын жоя ала ма?

Жыл сайын техникалық мамандықтарға білім беру гранттарының саны артып келеді. ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов биыл гранттар саны тағы да өсетінін айтқан болатын. Техника саласында мамандар тапшы. Әрине, гранттарды көбейту сияқты қадамдар маман тапшылығын азайтуға септігін тигізеді.

Президент жастарды Ресейге оқуға жіберуге баса назар аударды. Алайда, ел ішін кезіп жүрген түрлі пікірлер бар. Біреулер ресейлік техникалық университеттердің білім сапасына көңілі толмаса, енді біреулер бұл бастаманы қолдайды. Бұл жөнінде сіздің ойыңыз қандай?

Ресей мен Қазақстан арасында өзара ынтымақтастықтың арқасында мектеп түлектері жылда сол жаққа жоғары білім алу үшін барады. Ресей жоғары оқу орындарының білім сапасы, әрине, жоғары деңгейде. Бірақ, біздің білім жүйемізден асып кетті деп айтпас едім. Ресейдің ірі кәсіпорындары мен өндіріс кешендері, мысалы, СУЭК, «Газпром», УГМК, «Лукойл», «Татнефть», «Норильский никель», «Северсталь» және тағы басқа жоғары оқу орындарымен өте тығыз байланыста және кәсіпорындар университеттердің дамуына үлкен үлес қосады. Мұндай жағдай білім сапасының тікелей және қосалқы көрсеткіштеріне айтарлықтай әсер етеді. Сол себепті, Ресейдің техникалық білім сапасы жоғары және көрші мемлекеттерде де сұранысқа ие. Қазақстандық ірі кәсіпорындар біздің университеттерімізде өздерінің атаулы дәрісханалары мен зертханалық базаларын жасап берсе, ақылы өндірістік тәжірибені қамтамасыз етсе және түрлі білім конкурстары мен жарыстарына демеушілік жасаса, техникалық жоғары оқу орындарының түлектері қазіргі заманға сай және кәсіпорындарға қажетті құзыреттіліктер мен білімге ие болады. Дегенмен, қазақстандық техникалық білімнің сапасы өзге елдерден төмен емес, бұл бағытта Білім және ғылым министрлігі де, университеттер де үлкен жұмыс атқаруда.

Нарыққа қажет техникалық мамандықтарды дайындауға біздегі мұғалімдердің қауқары жете ме? Еліміздегі техникалық жоғары оқу орындарына шетелдік университеттердің филиалын ашу жайлы қандай пікірдесіз?

Біздің жоғары оқу орындарының профессорлы-оқытушы құрамының қауқары әрқашан жеткілікті болған. Бұған күмән келтіретін себеп жоқ. Жыл сайын жоғары оқу орындарының оқытушылары біліктіліктерін жетекші өндіріс орындарында арттыруда және ғылыми еңбектері рейтингті шетелдік басылымдарда жариялануда. Осындай кешенді жұмыстардың нәтижесінде оқытушылар өз қауқарын одан сайын нығайту үстінде. Шетелдік университеттер филиалдарының ашылуы өте орынды және біздің университеттерімізге шетелдік тәжірибе жинау техникалық білім деңгейін жоғарылатады деп ойлаймын. Осының арқасында университеттердің инфрақұрылымы дамиды, ал, ол өз кезегінде бәсекеге қабілетті мамандар дайындауға оң септігін тигізеді. Техника мен технологиялардың озық жетістіктері бірінші кезекте ағылшын тілінде жарияланады, сол себепті шетелдік университеттердің филиалдарын ашқан дұрыс.

Техника саласында оқып жатқан студенттер аз емес. Бірақ, неге елімізде техник мамандар жетіспейді? Бұған оқу бітірген жастардың мамандығы бойынша жұмыс істемеуі себеп бола ала ма?

Әрине, техникалық мамандықтарда оқып жатқан студенттер саны аз емес. Дегенмен, техник мамандардың жетіспеушілігі байқалады. Жастар арасында мамандығы бойынша жұмыс істемейтіндері де бар. Сонымен қоса, қазіргі таңда көптеген кәсіпорындар ашылып жатыр немесе бар кәсіпорындардың қуаты артуда. Десе де, біздің университетте былтыр жұмысқа орналасу көрсеткіші 94%-ды құрады. Бұл көрсеткіш техникалық мамандардың сұранысқа ие екендігін көрсетеді.

Жастарды, жас жеткіншектерді кәсіпке, техникаға бағыттау үшін қандай жұмыстар жасалу қажет?

Біріншіден, оқуға түсерде білім алушылар саналы түрде дұрыс бағыт таңдауы қажет, Кейіннен оларда мамандық таңдауда қателестім деген ой болмауы тиіс. Ал, бұл кәсіпке, техникаға бағыттауда қиындық туғызады. Екіншіден, тәжірибеге бағытталған білім беру технологиялары оқу процесіне енгізілуі керек. Үшіншіден, білім беру бағдарламалары өндірістің және технолгиялардың дамуына сәйкес әзірленіп жүзеге асырылуы қажет.

Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рақмет.

Сұхбаттасқан Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ.

Басқа материалдар

Back to top button