Жаңалықтар

GGG: «Екі жекпе-жекте де мен жеңіске жеттім»

Даңқты жерлесіміз Геннадий ГОЛОВКИН сәтін салса, сенбі күні Жапонияда жергілікті боксшы Рета МУРАТАМЕН шаршы алаңға шығады. Мақтанышымыз маңызды жекпе-жек алдында америкалық бокс білгірі Тедди АТЛАСТЫҢ The Fight with Teddy Atlas жобасына сұхбат беріпті. Сұхбатта өзінің дайындығы, кәсіпқой бокстың шыңына шығудағы қиындықтары, бастысы – жаһан күткен мексикалық Сауль АЛЬВАРЕСПЕН өтуі мүмкін болған үшінші жекпе-жегі туралы да егжей-тегжейлі әңгімелеп беріпті.

 

Бұйырса, наурыз айының 8-ші жұлдызында Геннадий 40 жасқа толады. Осы күнге дейін әлі шаршы алаңда шарболаттай ширыға жұдырықтасуының сырын былай түсіндірді: «Бокс – мен үшін тек мотивация ғана емес, өмірімнің бір бөлшегі. Мен өзімді өте жақсы сезінемін. Қазіргі өмір салтым бойынша мен әлі де шаршы алаңда еркін жұдырықтаса аламын. Демек, бүгінге дейін шаршы алаңда жүрсем, онда мені бокстан ысыратындай оқиға немесе адам болмағаны ғой. Спортшы ретінде де, қарапайым азамат ретінде де мен өз міндетімді атқарып жүргеніме қуаныштымын».

Білсеңіздер, Генаның кейінгі кездесуі бір жарым жыл бұрын өткен еді. Былай қарасаңыз, аз уақыт емес. Араға мұндай үзіліс салып, рингке көтерілудің де оңайға соқпайтыны белгілі. Кезекті жекпе-жегіне дайындығын да айта кетті.

«Бір жарым жылдың ішінде екі-үш рет жұдырықтасуға болар еді. Бірақ, белгілі себептермен жекпе-жектер кейінге ысырыла берді. Екі рет толық жаттығу жиынын өткіздім. Ал, қазір алға қарай ұмтылысты, жігерді сақтап, тағы да өз бабыма енуім керек. Бұл – қазір менің алдымда тұрған ең бірінші міндет» – дейді әйгілі боксшы.

Шыны керек, Генаның «Канеломен» трилогиясын ел емес, жаһан болып күттік. Кездесу шегеріле бергеніне қарамастан, үміт үзбедік. Әлі де күтеріміз сол. Гена Альварес туралы да пікір білдірді: «Канело» туралы сұрағыңызға жауап берер болсам, ертеңгі күніміз қалай боларын ешкім білмейді. Егер, үшінші жекпе-жек болса, бәрімізге жақсы болар еді. Ал, болмаса бәрі бұрынғыша өз ағысымен жүре береді. Мен шындыққа тура қарайтын адаммын».

Бокс маманы Тедди Атлас сұхбат барысында «Канеломен» екі кездесуде де Генаның жеңгенін айтады. Төрешілердің отандасымыздың ұпайын ұрлағанын жеткізіп, «Маған және көрермендерге осы жекпе-жекке көзқарасыңызды түсіндіріп берсеңіз. Сіздің артқа қайырылмайтыныңызды білеміз. Бірақ, неге төрешілер сіздің ұпайыңызды ұрлады? Ашығын айтқанда, олар бірінші айқаста да, екінші жекпе-жекте де сізді «тонады». Оның (Альварес) бизнесте ақша генераторы екенін білгенде қандай сезімде боласыз? Осы сұраққа өзіңізге қолайлы түрде жауап берсеңіз» деп сұрағын ашық қойды.

Біздің Гена да сұраққа тік жауап қайырды. Өзінің жеңіске жеткеніне 100 пайыз сенімін жеткізді. «Шынтуайтында, шындық ешкімге керек емес екенін білемін. Бірақ, шындықты айтып, өз ұстанымында қалатын адамдарды құрметтеймін. Бұл адамның жақсы қасиеті деп ойлаймын. Кім не десе, о десін, осы екі жекпе-жекте де мен жеңіске жеттім. Адамдарда көп жағдайда екіжүзділік басым болады. Оның қандай екенін айтайын ба? Яғни, біз жүрген бизнестің (бокстың) ережесінде осындай жағдайлар кездесетін болса, онда ол жұмыс істейді деген сөз. Тек соны түсіну керек. Бұл жерде оны жаман не жақсы деп айтудың өзі артық. Тек ол бизнес ережелерінің бірі екенін түсіну қажет», – деп түйіндейді бұл турасындағы әңгімесін.

Сондай-ақ, «Сары қазақ» алдағы қарсыласы Муратадан не күтетінін де айтып берді.

«Муратаның қабілетін бағаламауға әсте болмайды. Оның үстіне жекпе-жек кеші Жапонияда өтеді. Тәжірибеміз көрсеткендей, Жапонияда біз күтпеген, тосын жағдайлар болуы мүмкін. Ол біздің жекпе-жекті одан да қызықты етеді. Менің ойымша, шынында жекпе-жекті жасайтын – бокс мәнері. Бізде болжау қиынға соғатын өте ашық әрі қызықты екі түрлі стиль бар. Біз көрермендерге, жанкүйерлерге тамаша бокс кешін, бокс мерекесін сыйлаймыз деп үміттенемін. Жалпы, бокс әлемі үшін бұл биылғы ең үздік жекпе-жектердің бірі болады» дейді жерлесіміз.

Иә, отандасымыздың ұзақ уақыт бойы Абель Санчеспен жаттыққанын жақсы білеміз. Қазір Джонатон Бэнкстің қол астында жаттығуда. Сұхбат алушы екі бапкердің айырмашылығы туралы сұрақ қойыпты.

«Мені дұрыс түсініңіздер, мен қазір бұл жерде біреуді жамандап, екіншісін мақтағым келмейді. Абель туралы да, Бэнкс туралы да жақсы пікірдемін. Олар – дүниетанымы бір-біріне ұқсамайтын мүлдем кереғар адамдар. Абельге маған жасаған жақсылықтары, берген тәжірибесі үшін алғысымды білдіремін. Мен оны бағалаймын. Қазіргі уақытта мен Джонатон Бэнкспен жұмыс істеп жатырмын. Оған да алғысым шексіз, оны да жаттықтырушым ретінде ретінде құрметтеймін. Бұл – өмірдің бір кезеңі. Бұрын болғанның бәрін ұмытып, жаңа нәрсе үйреніп жатырмын деу дұрыс емес. Бұл – тек білгенімді жетілдіру. Одан тек жақсара, дами түсемін деп ойлаймын» деп сұхбатқа нүкте қойыпты Геннадий.

Шынымен, көкейде жүрген көп сауалдың жауабын біз де осы сұхбаттан кезіктірдік. Сөз соңы, отандасымыздың бағы жансын деген тілектеміз.

Қасымхан ҒАЛЫМ. 

Басқа материалдар

Back to top button