ҚарағандыРесми

Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің құрылғанына 30 жыл: Қарағандыда шекарашылар күні атап өтілді

Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің құрылғанына 30 жыл толды. Шекарашылардың ел шебіндегі күн мен түнге жалғасқан қызметін, Отан оғыландарының ерлік істерін ұлықтау – біздің парыз екені анық. Дегенмен, біздің өңір орталықтан орын тепкен соң, ешқандай елмен шектесе қоймаймыз. Бірақ, бұл датаны асыға күтіп, айрықша атап өтетін белгілі бір топ бар. Ол – Тәжік-Ауған шекарасындағы қақтығыстың ардагерлері.

фото: ortalyq.kz

«Бізге шекара деген ұғым қастерлі. 90-ыншы жылдары қақтығыс кезінде ортасында болдық. ТМД шекарасын тапжылмай қорғағандар қатарында біздің қарағандылық сарбаздар баршылық еді. Ел үшін, жер үшін ерлік көрсетті. Содан болар, біз үшін бұл датаның құндылығы жоғары. Тәжік-Ауған шекарасындағы қақтығыс ардагерлері жиналып, жылда түрлі шара ұйымдастырамыз. Кездесулер өткіземіз. Тек, бұл күні ғана емес, басқа күндері де әсіресе жастармен жиі кездесеміз. Жас ұрпақтың санасына Отанға деген махаббатын, құрметін арттыру мақсатында. Барлық шекарада жүрген сарбаздарымызды шын жүректен айтулы мерейлі жылмен құттықтаймыз», – дейді Тәжік-Ауған шекарасында жауынгерлік қимыл және әскери қақтығыстарға қатысушылардың республикалық қоғамдық бірлестігінің Қарағанды облысы бойынша филиалы төрағасы Талғат Испаев.

Иә, Талғат Испаев мырзаның бұл сөзін қуаттай түсеміз біз. Аталған қоғамдық бірлестіктегілер ел сын-сағатта тұрған сәтте «Біз – біргеміз!» акциясы аясында тыл ардагерлеріне, жалғызбасты қарияларға, көпбалалы аналарға және мүгедектерге азық-түлік табыстаған болатын. Басқа да қоғамдық шараларда үнемі төбе көрсетіп жүреді.

…Пшихарв шатқалында қақтығыста жерлесіміз Еркебұлан Мақажанов та ерлікпен көз жұмған болатын. Боздақ Жаңаарқа ауданы, Түгіскен ауылының тумасы. Мектептен кейін әскер қатарына шақырылған бозбала Шымкент қаласындағы 6506 әскери бөлімге түседі. 1995 жылдың көктемінде тәжік-ауған шекарасына жіберіліп, ерлік көрсетеді. Оның есімін мәңгі есте қалдыру үшін 2009 жылы білім алған мектебінде ескерткіш тақта ашылды. Ауылының бір көшесіне де есімі берілген. Туған үйіне ескерткіш тақта орнатылған. Жалпы, тәжік-ауған шекарасындағы шайқаста үш қарағандылық қаза тапқан. Сәтбаев қаласындағы №14 мектепте аға лейтенат Александр Комаровқа ескерткіш тақта қойылған. Теміртаулық кіші сержант Евгений Салютиннің де есімін құрметпен атап өткен жөн. Міне, қарағандылық боздақтар сол сәтте ел шебінде жүріп, көз жұмды. Ардагерлер жылда тағзым етеді. Иә, ерлікті ешкім де ұмытпақ емес…

Арам пиғылды адамдардың бейбіт күнге қол сұқпауын қадағалау оңай іс емес. Мемлекеттік шекараны күн демей, түн демей қорғау мен күзетудің өзіндік машақаты жетіп артылады. Сондықтан, бұл қызметтің ыстығына күйіп, суығына тоңып жүрген шекарашылардың еңбегі қашан да қадірлі болмақ.

– Бір кездері КСРО дәуірінде 29 мамырда атап өтіліп келген Шекарашылар күні енді Тәуелсіздік таңымен бірге түрленіп, 18 тамызға өзгергені де жүрекке жылу ұялатады. Азаттықтың алтын күні батпауы һәм егемендік шапағы мәңгілік шуақ шашып тұруы үшін де шекарашылар қызметі маңызды. Онсыз мемлекет те болмақ емес. Алты құрлық алдында айбарымызды аспандатып тұрған да шекарашылар екенін мойындар сәт жетті. Ел – аман, жұрт – тыныш болғай, – дейді Талғат Испаев.

Қасымхан ҒАЛЫМ.

Басқа материалдар

Back to top button