Жаңалықтар

Күдеріден бау тағар кіреукенің құны жоқ

Қазақстанда мал терісі құнын әлдеқашан жоғалтқан. Бұдан біршама жыл бұрын ерекше сұранысқа ие сиыр мен жылқы, қой мен ешкі терілерінің қазір көк тиындық құны қалмаған. Сойылған күздік пен соғымның терісін ел көктемге дейін саудаламаққа сақтаса да, көктем шыға, еріксіз қоқысқа тастауға мәжбүр. Себебі, сары майдай сақтаған тері иістеніп, құн орнына мұң әкелуде.

Малдың қадірін бір білсе, қазақ білер. Өйткені, көшпелі қауымның өмірлік сенімді серігі. Той қылса тойын, кісісі өлсе, қонақасын атқарар ауылдағы азын-аулақ жиған малы. Десек те, терісіне дейін бағалап, мал кәсібімен айналысқан ағайынның бүгінгі базынасы құйқа шымырлатардай ащы. Бүгінгі таңда сойылған малдың тек қаракесек еті ғана алынады десек, артық емес. Мал сатып алуға келген жұрт «ішек-қарыны керегі жоқ, кім аршиды оны?» деп, жылқы сойса, тек қазы айналдырар ішекті ғана жуып-шайып, қалғанын ит-жемеге, сойған жеріне тастап кете барғанын көзіміз көрді. Теріні, тіпті, айтпаңыз. Сондай жауапсыздықтан қалған мал терілерін теріп апарып, қоқыс контейнеріне салған ауыл тұрғынының бірі жауапқа тартылудың аз-ақ алдында қалды.

– Шағын мал шаруашылық кәсібім бар. Келіп, мал сойып алып жүрген жылдағы клиенттерім. Таныс болған соң жинап кетіңдер деп айтуға ұялып, мал сойылған жерді өзім жинап тазартып жүріп, теріні тастауға обалсынып, бүктеп қойғанмын. Алатын адам болмады. Іске жарамаған соң қоқысқа апарып тастадым. Көктемнің ортасы, күн жылына әлгі терілер иісі шығып, елдің берекесін алды. Біраз сөзге қалдым. Маңайым, тіпті, құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне шағымданып, заңды түрде жаза қолданбаққа да бекінді. Бірақ, контейнерді бүлінген шикізаттан тазартқан соң бәрі орнына келді, – дейді Доскей ауылының тұрғыны. 2015-2016 жылдары қасапшылар теріні тілмей сойып жарысушы еді. Бұл терінің құнды екенін білдіретін. Қазір сол бағаланған терінің жартысынан көбі далада тулақ боп жатыр. Деректерге сүйенсек, елде жылына 2 миллионнан астам ірі қара сойылады. Жылқыны қоспағанда. 70 мың тоннадай тері алынады. Соның 30 пайызы ғана өңделеді. Ал, қалған 70 пайызын ит пен бит жеп, шіріп далада қалады. Тері неге бұлай құнсызданды деген сұраққа Қазақстан ет одағының басқарма төрағасы Асылжан Мамытбеков былай дейді:

– 2019 жылдың наурызынан қыркүйек айына дейін елде тері экспортына тыйым салынды. Мұнымен елдегі тері өндірісін жақсартайық деп едік. Бірақ, нәтиже күткендей болмады. Экспортқа тыйым салған соң терілер құнсызданып кетті. Бұрындары мал сойған шаруалар тері үшін 10 мың теңге алатын. Бүгін де бір теңге де берілмейді. Қайта сол теріні өртеп, жоюға өздері ақша шығарып шығынданады шаруалар. Бір кездері теріні сырт елдерге сатуға тыйым салынған соң өз ішімізде оның құны да төмендеп кеткен. Баға әлі өспеді. Шаруалар адал ақы малдарының терілерін тиын-тебенге де өткізе алмай дал болуда. Қаладан расы керек тері өң- дейтін орындар кездеспеді. Кездессе де, бұрын қарқынды жұмысы, қалталы қызметкері бар ірілі-ұсақ кәсіпорындар бүгінде жабылып қалған. Себебі – өндіріс өзін ақтар емес.

– Былтыр қабылдадым, сиыр терісін 500-600 теңгеден, ал, жылқы, қой, ешкінің терісіне мүлде сұраныс жоқ. Кейінгі 3-4 жылдың мұғдарында. Біздің терілер бұрын Ресейге, Қытайға, Түркияға жөнелтілетін экспортқа. Оған да тыйым салынғандықтан тері бағасы күрт төмендей бастады. Биыл ептеп, сиыр терісін алып жатыр. Бірақ, анау айтқандай сұрап, іздеп келіп емес, құнын түсіре, ақысын аз береді. Десек те, біз ауыл тұрғындары, қарапайым шаруашылық иелері бұған да қуанар едік. Себебі, тері өңдеу, оны іс қылу – бұл ата-баба кәсібі ғой. Сондықтан, осы мәселенің күрмеуі шешілсе, ауыл тұрғындары бір жасап қалар еді, – дейді Ақтай ауылының шағын кәсіпкері Алмас Жетімеков.

Кешегі ер Доспамбет жыраудың «Күдеріден бау тағып, күреуке киер күн қайда?» деген бір ауыз сөзінің өзі тері өңдеу – қазақтың ата кәсібі екендігінің айғағы емес пе? Ал, ата кәсіп – рухани құндылық, ұлттық код. Рухани қазына мен ұлттық құндылықтан ажырар болсақ, «Елім» деп, ит мініп ирек қамшылағаның» кімге керек?!

Жансая СӘРСЕНБАЙҰЛЫ. 

Басқа материалдар

Back to top button