Қайғылы оқиғаға кімдер кінәлі?

10 маусымда «Құрылысмет» ЖШС цехында жұмыс істемейтін №9 пешті бұзу кезінде төбесі опырылып, үйіндінің астында бес адам қалып қойды. Төртеуі сол жерде көз жұмып, біреуі ауруханаға жеткізілген еді. Осы бір қаралы оқиғаның себеп-салдарын анықтау барысында арнайы комиссия құрылып, тергеп-тексеру жұмыстарын жүргізуде. Сонымен қатар, 16 маусымда ЖЭО-2 №7 қазандығында монтаждау жұмыстарын жүргізу кезінде 1986 жылғы ер адам 20 метр биіктіктен құлап жан тапсырды. Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында облыс әкімінің орынбасары Вадим БАСИН, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ Бас директоры Наир БИДЖУ мен «АрселорМиттал Теміртау» АҚ мемлекеттік органдар мен өзара іс-қимыл және қоғаммен байланыс жөніндегі директоры Аслан АБЖАКОВ осы мәселеге қатысты түсініктеме берді.

Кәсіпорын басшысы сөз басын марқұмдардың жақындарына көңіл айтудан бастады.

– Қаза болған қызметкерлеріміздің туған-туыстарына көңіл айтамын. Отбасы мүшелерімен кездестім. Біздің тараптан қолдау болады. Төтенше жағдайдың себебін анықтау үшін тексеру жұмыстары басталды. Әлбетте, сіздердің тараптан осы оқиғаға байланысты түрлі сұрақтардың қойылатыны белгілі. Бірақ, қазір ештеңе айта алмаймын. Басшылық құрам мәселенің мән-жайын анықтау үшін бар күшін салуда. Және барлық нысанның қауіпсіздігін күшейту үшін жұмыс жүргізілуде. Алдағы уақытта қандай да бір ақпарат болса, міндетті түрде бөлісеміз, – деді Наир Биджу.

Ал, облыс әкімінің орынбасары Вадим Басин қайғылы оқиғаның орын алуы жұмыскерлердің қауіпсіздік ережесін сақтамағандығынан деп түсіндірді.

– Марқұмдар жұмыс істемейтін цехта жөндеу жұмыстарын жүргізген екен. Алғашқыда Төтенше жағдайлар министрінің басшылығымен комиссия құрылған еді. Содан кейін өзіміз жұмыс орнын тексеріп, мән-жайды анықтағанда апаттың техниканың бұзылуымен, технологиялық сипаттағы төтенше оқиғамен байланысты емес екені белгілі болды. Қайғылы оқиға жұмыскерлердің қауіпсіздік ережелерін сақтамағандығынан орын алған. Содан кейін комиссия құрамы өзгертілді. Оны Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілі басқарды. Қазіргі уақытта тергеу аяқталуға жақын. Оқиға барысында жарақат алып, ауруханаға түскен бесінші қызметкермен сөйлестік. Оқиғаның себебін білетін күн жақын, – деді ол.

Брифинг барысында кәсіпорын басшысы журналистердің қойған сауалына жауап беріп, ғимарат жайында айтып өтті. Спикерлердің сөзінше, 4 адамның өлімі орын алған ғимарат 2021 жылдың қаңтар айында жұмысын тоқтатқан. Бұл уақытта тек жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқандығын мәлімдеді. Вадим Басин де цехтың жұмыс істемей тұрғанын қуаттады.

– Осыдан 18 ай бұрын цехтың жұмысын тоқтатқан едік. 40 жабын плитасының авариялық жағдайда екендігі және ауыстыруды қажет ететін тағы 60 плита анықталды. Ғимарат ішінде ешқандай өндірістік және пайдалану жұмыстары жүргізілген жоқ. Тіпті, кіріп-шығуға да тыйым салынған. Тек, инженер мамандардың кіруіне рұқсат болды. Маусым айында ғана жөндеу бригадасы жіберілген болатын. Өкінішке орай, пеш қоймасының төбесі құлап, соңы қайғылы оқиғамен аяқталды. Қазір жұмыс істемейтін ғимаратқа қызметкерлерді не үшін жібергені белгілі болды. Пешті бұзу кезінде төбесінің опырылуы, күмбезінің құлауының себебі – басқа. Бірақ, оны тергеу жұмыстары толық аяқталғанға дейін айта алмаймын, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Брифинг барысында 16 маусымда орын алған қайғылы оқиға жайында да сөз қозғалды. – ЖЭО-2-де 7-ші қазандықтың құрылысы жүргізілуде. Бұл үлкен инвестициялық жоба. Іс жүзінде 7-ші қазандық орналасатын корпусты қалпына келтіру жұмыстары өтіп жатқан. Сол күні 10 жыл жұмыс өтілі бар мердігер ұйымның монтажшысы 20 метр биіктікке көтеріліп, жұмысын істеп жатқан. Оның қауіпсіздік ережелерін толық сақтағаны анықталды. Қауіпсіздік белбеуі және тағы да басқа қорғаныш құрылғыларын қолданған. Алайда, қас-қағым сәтте орын алған оқиға кезінде марқұм қолында бар дүниелерді пайдалана алмады. Қазір бұл істі Еңбек инспекциясы тексеруде, – деді Вадим Басин.

«АрселорМиттал Теміртау» АҚ Бас директоры Наир Биджу биылғы жылға жалпы көлемі 300 млн. доллардан астам инвестиция жоспарланғанын айтты. Көмір департаментінің шахталарына 200 млн. доллар бөлінген көрінеді. Бүгінгі таңда 25 бірлік техникаға тапсырыс беріліпті.

Ербол ЕРБОЛАТ.