Брифинг

«Мектепке жол»: биыл 13 мың бала қолдау көреді

Жыл сайынғы «Мектепке жол» акциясы аясында биыл облыс бойынша шамамен 13 мың балаға көмек көрсетіледі. Дегенмен, оның нақты саны акция аяқталғаннан кейін белгілі болмақ. Ал, ол қыркүйектің соңына дейін жалғасады. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте спикерлер кәсіпкерлер мен меценаттарды, үкіметтік емес ұйымдарды, жалпы, мүмкіндігі бар кез келген адамды сауапты шараға қатысуға шақырды.

Облыстың білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті басшысының орынбасары Шынар Ақпарова биылғы акцияның «Балалар жылы» аясында өтетіндігін және әлеуметтік аз қамтылған отбасы балаларына барынша қолдау болатынын жеткізді.

– Акцияның мақсаты – аз қамтылған, көпбалалы отбасылардан шыққан балаларға, жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған, сонымен бірге, өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларға материалдық көмек көрсету. Әлеуметтік мәселелер баланың оқудан қалуына себеп болмауы тиіс, – деді ол.

Облыстық білім басқармасы басшысы Гүлсім Қожахметова аталған акция барысында жүзеге асырылуы тиіс шаралар жоспары бекітілгенін және жұмыстың басталғанын жеткізді. – Екі ай бойы «Түнгі қаладағы балалар», «Қамқор» рейдтері, мектеп формасы мен құралдарын қабылдау пункттері, жәрмеңкелер ұйымдастырылады. Сонымен бірге, «Балаларға жақсылық жасайық», «Ауыл балаларына – мектепке сыйлық», «Отбасынан отбасына», «Баланы мектепке апарайық» сияқты шаралар жоспарланған. Биылғы оқу жылында 170 мың оқушы мектеп табалдырығын аттайды. Оның 13 мыңына жалпы білім беру қорынан ақша бөлінеді. 30 мың теңгені алу үшін ата-ана тиісті құжаттарымен мектепке баруы керек. Қазір көмекке мұқтаж балалар туралы мәліметтер жинақталып жатыр, – деді басқарма басшысы. Гүлсім Шабданқызының айтуынша, жоспарланған шаралардың бірі – 20-21 тамыз күндері «Global City» сауда үйінде өтетін көрме.

– Көрмеде отандық өндірушілер ұсынған мектеп формасы мен оқу құралдарын сатып алуға мүмкіндік бар. Мұндай шара барлық қалалар мен аудандарда өтеді. Ол мәселені қарастырып жатырмыз, қосымша ақпараттар ресми сайттарда беріледі, – деген ол қосымша сұрақтар үшін әлеуметтік желілерде білім бөлімдері басшыларының телефон нөмірлері, жедел желі номері көрсетілгенін жеткізді. Қайырымдылық акциясына кәсіпкерлер мен меценаттарды тарту кәсіпкерлер палатасына да қатысты. Сол себепті брифингке қатысқан облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының экономикалық мәселелер жөніндегі орынбасары Ерлан Қалиев бизнес субъектілері арасында ақпараттық жұмыс жүріп жатқанын мәлімдеді. Сонымен қатар, ол барлық азаматтарды бейжай қалмай, акцияға үлес қосуға үндеді.

Жансая ОМАРБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button