Руханият

Қарқаралыдағы Құнанбай мешіті

Қарқаралыға жол түспегелі 5-6 жылдың жүзі болған екен… Таяуда бір бауырымызды фәниден бақиға жөнелтіп қайттық. Ақыреттің алғашқы сапары мешіттен басталады ғой, Құнанбай мешітіне келдік. Бұл менің көзіме де, көңіліме де етене таныс ғимарат. «Ақша қарға оранды Қарқаралы.

Көз алдында күллі әлем картадағы.

Жұмыр жүрек ішінде – жұмыр Жерім,

Сайрап кетсем тілімнен бал тамады.

Шиырлаймын несіне ой легін көп?

Уайым жоқ.

Тамақ тоқ.

Көйлегім көк.

Неше түрлі елдердің сөзін естіп,

Неге менің кетеді сөйлегім кеп?

Өліп-өшем өзгені өзге емес деп,

Ошақ сөзін Отаным сөз демес деп.

Құнанбайдың мешітін көрсем болды,

Амра ибн әл – Аса* көзге елестеп…

Маған жаттай жас дәурен, ғашық әні,

Қайран жаным қай жаққа асығады.

Хиросима туралы шерлі жырым

«Коммунизм таңында» басылады…

Кім бар менің үнімді есіткендей,

Кім жүр ессіз елесті кешіп мендей?

Алматыға жіберген өлеңдерім,

Алыс шаһар болған соң…

Кешіккендей.

Шыдай алмай осы бір масқараға

Алматыға тартсам ба, бас қалаға?

Ақындардың ауылда туып, сонсоң

Өлетіні рас па, астанада?

Рас болса, жөнеуім қажет демде,

Құстар келіп, көңілді мәз еткенде.

Анда-санда…

Ғаламды тану үшін

Көз салармын аудандық газеттерге».

*Амра ибн әл – Аса* – араб еліндегі мешіт

Бұл өткен ғасырдың 80-ші жылдары жазылған өлең. Сол жылдары Қарқаралыға Жәнібек Кәрменов келді. «Маған Құнанбайдың мешіті мен Абай тоқтаған көпес Халиолла Бекметовтің үйін көрсетші?» деген. «Бекметовтің үйін көрсетейін, Құнанбай мешітіне бармай-ақ қойсаң қайтеді?», дедім. «Жоқ! Қайтсем де көруім керек!», деп, қолқалап қоймады.

Келдік, көрді: адам қарайтын түрі жоқ еді: «Апырым-ай! деді Жәнібек түсі бұзылып, Арғын баласы Алладан теріс айналып кеткен екен ғой?!».

Құнанбай тоқтаған көпес Бекметовтің үйі бұған қарағанда көп-көрім, балабақшаға айналған еңселі ғимарат еді. Жәкеме ұнады! «Енді сенің үйіңе барайық?», деді Жәкең. Біздің үй осы үйдің артында тұр. «Е, о кезде мына жерде көгал болған, Құнанбай мен Абайдың аяғы тиген жер ғой? Тәңірі саған сол жерден қоныс берген екен де!», деп, мәз-мәйрам болып кетті!

Үйдің қасында азын-аулақ бақшамыз бар еді, баяғыда бір орыс жайлаған үй-ді. Терезенің алдында қарақат өсіп тұр. «Осы жерде отырамыз! Келін дастархан қамдай берер, мынау саялап отыруға таптырмайтын жер екен!», деді Жәкең.

Аталмыш мешіттің құрылысы 1850 жылдың 7 қаңтарында Аға сұлтан Құнанбайдың тезімен басталып, 1851 жылдың тамызында тәмамдалған. Содан ХХ ғасырдың 1930 жылына дейін жамиғатты ислам дініне ұйытқан. Совет өкіметі дегеніне жетіп, елде атеизм-құдайсыздық құтырғаннан кейін Жәнібек Кәрменов көрген осы келеңсіз кейіпке түсіп еді.

1990 жылдары реставрация жасалып, мешіт қайта бас көтерді.

5-6 жылдан бері келіп тұрғаным осы. Құнанбай мен бала Абайдың ескерткіші көзіме оттай басылды! Ғажайып өнер туындысы екен! Мені танитын ағайын-жамиғат маған көңілін айтып, көкейдегісін ақтарып жатыр: «Құнекең мен Абайға деген ілтипат-құрметіміз шексіз! Бірақ, бұл ескерткіштің орыны мешіт емес еді?», дейді!

«Оны сол кезде айтпадыңыздар ма?!»

Айтуын айтқан екен. Әкім-қаралар елдің сөзімен санаспай, белден басқан! Шынында да, ойланатын сөз екен: қасиетті орындарда адам баласының суреті мен ескерткіші тұрмаған. Шіркеулерде Иса пайғамбардың да ескерткіші жоқ қой, ғазіз бейнесі болмаса?! Құнанбай мен Абайдың ескерткіші бір кездері өздері ат басын бұрған көпес Халиолла Бекметовтің үйінің алдында қасқайып тұрса ғанибет емес пе еді?!

Халиолла Бекметов Ақпайдың Жақыбының атасы болатын! Оның қызы Гүлбаһор Ару осы Алаш арысының құдай қосқан қосағы! Сол жерге осы екеуіне де бір ескерткіш қойып қойса, Қарқаралының ажары бұдан да ашыла түсер еді!

ГҮЛБАҺОРДЫҢ* ӘНІ

Азан да қазан ел сіңген жерге мен сіңбей,

Қазаннан келіп, Қарқаралыны жерсінбей,

Теңсінбей не бір татардың қаратаяғын,

Оқалы орыс офицерін де менсінбей!

Жүр едім… күнде төбем бір көкке тиеді.

Көрмеген едім күйкі мен көмеш, күйені.

Мен туған шаңырақ қарадан шығып хан болған,

Құнанбай түскен, Абай кеп түскен үй еді!

Қайран, шаңырақ,

Қалдым аңырап,

Көрісер күн бар ма,

Қозыдай маңырап,

Жамырап?!

Аттың үстінде кеппеген бір сәт тақымы,

Болмысы бөлек, бітімі, сезім, ақылы

Алдымнан шықты Алаштың ұлы, бір бекзат

Ақпайдың Жақыбы!

«Беретін көктен бекзатым сен, деп, Айды алып!»,

Көзімді жұмып, құшағына құлап, байланып,

Күндерім қайда көк үйде өткен шалықтап,

Штраустың вальсімен шыр-шыр айналып?!

Татьянаның әніне елтіп, биге бір,

Тәттімбетіммен күңіреніп, кейде, күй-көңіл,

Абайдың жыры ар-ұятымды әлдилеп,

«Махаббат, қызық мол жылдар» өткен үйде бұл!

Петербор анау зеңбіректің зілді солқылы,

Татар мен қазақ несіне шошып, толқыды?!

Заманның лаңы тез болып түсіп тектіге,

Жаманның бәрі құтырып кетті сол күні!

…Жақаңмен жүрген баллдағы балдай биімді,

Сағынғандағы білмейді ел көңіл күйімді,

Атқора қылып алмаса болды құл-құтан,

Құнанбай түскен, Абай кеп түскен үйімді?!

Қайран, шаңырақ,

Қалдым аңырап,

Көрісер күн бар ма,

Қозыдай аңырап,

Жамырап?!

*Гүлбаһор Қарқаралыдағы татар көпесі Халиолла Бекметовтің (1833-1903 жж.) қызы, Ақпайдың Жақыбының жұбайы.

P.S. Құнанбай қажы мен Абай ескеркіші тұрған жерге медірессе салса болар еді? Мешіттің аруаққа ас беретін асханасы да жоқ екен! Мұны да шешетін уақыт жетті емес пе?

ҚАРАҒАНДЫҚАРҚАРАЛЫҚ-ҚАРАҒАНДЫ.

21.04.2022 ж.

Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ,

ақын, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлық иегері.

Басқа материалдар

Back to top button